Қоғам қараткері, белгілі жазушы  Шерхан Мұртаза кеше дүниеден өтті. Қазақ әдебиеті қара жамылды.Қазақ халқы бір туар, батыл ұлынан айырылды.

Алдыңыздан жарылқасын, абыз аға !

Мықтыбек Оразтайұлы

Алыбымды қайда әкеттің Жер-ана?..
Қош айтысып ғайып болды Шер-аға.
«Бұлтсыз күнгі найзағайдай» жарқ етіп,
Қайғы оранған хабар жетті далама.

Жақсылар көп, қимайтұғын «өлдіге»...
Аспанында нән жұлдызы сөнді де,
«Қызыл жебе» қоя берді кісінеп,
«Бір кем дүние» деп айтқысы келді ме?..

Енді өзіңдей асқар таудай абыз жоқ,
«Интернаттың наны» қалды аңыз боп.
Жарамызды кім таңады «жүз жылдық»?
Жаратқанға айтатұғын арыз көп...

Қиып түстің сан ортада семсер боп,
(Өткірлігің солай ғана өлшенбек).
«Қырық бірінші жылы түскен келіншек»,
Тірі болса жатқан шығар кемсеңдеп.

Қайғы жұтып Айша менен Ай қалды,
Өзіңді іздеп шарлайды енді қай маңды?
Келер шаққа аманатын қалдырып,
Шер-ағам да өткен шаққа айналды...

Бір кем дүние...

 

Бірде жазушы Шерхан Мұртаза серуендеп жүріп Ғабит Мүсіреповпен кездесіп қалады.Шерағаңның айтуынша, сол жолы жазушы "Жалғыз ұлы бардың шығар -шықпас жаны бар.Екі ұлы бардың өкпе -бауыр, жалы бар.Үш ұлы бардың Бұхарада малы бар.Төрт ұлы бардың аспанға салған жолы бар...Менде соның  біреуі жоқ" деген екен.

 

Шерхан МҰРТАЗА:

Жасаған Ием, Жаратушы Құдірет – Алла Тағаланың 99 аты бар. Таспих моншақтары – 99.
***
Біреулерге Құдай бәрін береді. Байлық та бар, алтын, гауһар, інжу-маржан – бәрі бар. Төрт құбыласы сай.
Бірақ Иман жоқ.
Ең сорлы адам - сол.
Бір кем дүние.
***
Жалған дүниеден өтер алдында жарты әлемде жаулаған Әмір Темір жанындағыларға аманат айтты:

- Мен өлген соң жылап-сықтап, дауыс көтермеңдер. Оның түкке қажеті жоқ. Ажалды біреу айқалап, қорқытып қуады ма екен? Киімдеріңді жыртып, жынды адамша жүгіргеннен гөрі Алладан «Аллаһу акбар» деп маған мейірім тілеңдер. Жүрегімді жылыту үшін «Фатиханы» оқыңдар.

Жарты әлемді жаулаған Әмір Темір де мейірімге мұқтаж.

Бір кем дүние...

***

Тәңірдің құдіретіне таң қаласың. Құдірет әлемді әділ, сағат тетігіндей мінсіз жаратты.

Бәрі тәртіпті: Күн де, Ай да, Жер де тек өз жолымен жүреді. Сансыз жұлдыздар да бәрі тура жолмен жүреді.

Ал адамдар ше?

Пайғамбарлар, сахабалар, аса бір данышпандар болмаса, көбі қисалаңдай береді. Бұралаң жолдарға түседі. Адасады, сүрінеді, құлайды.

- Е, Құдай, не жаздым?! – деп жылайды.

Құдай жолымен жүрсең, жыламайсың.

Бірақ соны ұмыта береді.

Бір кем дүние.

***

Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады.

Адамды аздыратын жаман қылықтар да өзіңнен шығады. Ол да тат. Оны сабындап жуып кетіре алмайсың.

Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап.

Ең бірінші – Құран!

Екінші – хадистер!

Ұлы классиктер.

Қазақтың ұлы ақын-жазушылары.

Кітап жем, су сұрамайды. Кітап – ғажайып қазына.

Кітап - өмірсерік.

Кітапты сүймеген Құдайды да сүймейді.

Бір кем дүние.

***