Үшеуінің халі – ауыр. Арыс маңындағы жарылыстан зардап шеккен 10 сапер Алматыдағы әскери госпитальде жатыр. Қазір оларға қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Қорғаныс министрі әскери қызметшілердің үшеуі жансақтау бөлімінде жатқанын, ал қалғандарының өміріне ешқандай қауіп төніп тұрмағанын жеткізді. Ал Арыстың қару-жарақ қоймаларындағы қауіптің әлі де сейілмегенін министр Нұрлан Ермекбаев жоққа шығармайды.

Жараланғандардың жайын тілшіміз КТК тілшісі біліп қайтты. Жарылыстан зардап шеккен саперлар Арыс қаласынан Алматыдағы әсери госпитальға жеткізілген. Олар қазір ем-дом қабылдап жатыр.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, үш әскери қызметкердің жағдайы өте ауыр. Қалғандары палатаға ауыстырылыпты. Жайсыз хабарды ести сала, Қанағат Мұқатайдың туыстары әскери госпитальге алып-ұшып жеткен. 25 жастағы сапердің жақындары үш күннен бері дәрігерлерден «нақты мәлімет ала алмадық» деп күйінеді. Әсіресе бауыр еті – баласын уайымдаған анасы өзін қоярға жер таппай жүр.

Жанын шүберекке түйіп отырған туыстары оның денсаулығына алаңдайды. Әскери қызметшінің жансақтау бөлімінде жатқаны үрейді одан бетер үдеткен.  Еркін Жандарбек, Қ. Мұқатайдың ағасы: - Жансақтау бөлімінде неге жатыр? Қолаяғы жоқ па, тағы бір нәрсе болды ма, білмейміз.

Не дәрігер шықпайды, не командирлері айтпайды. Мені кіргізсін. Әйелің болмаса әкешешесін кіргізіп, айтсын. Сыртынан көрдім. Беті-басын орап тастаған. Ал Қорғаныс министрі қауіпті қойманы жарылғыш заттардан тазартудың ең күрделі кезеңі басталғанын айтады. Тіпті қойма ішіндегі қару-жарақтар әлі де жарылуы мүмкін екенін жасырмайды. Алайда Арыс тұрғындарына «алаңдайтын негіз жоқ» деп сендірді. Нұрлан Ермекбаев, Қорғаныс министрі: - Әскери бөлімнің ішіндегі жұмыс жалғасып жатыр.

Жұмыс барысында жарылатын, жарылмайтын оқдәрілер табылады. Сондықтан барлық қауіп-қатерді жою мүмкін емес. Жергілікті тұрғындарға, Арыс қаласының тұрғындарына ешқандай қауіп жоқ. Әскери бөлімнің сыртындағы барлық оқ-дәрілер жиналды. Арнайы полигонда олардың барлығы жойылып жатыр. Ведомство басшысы жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. Ал жараланған саперлерге материалдық өтемақы қарастырылған. Министр қызмет барысында зардап шеккен әскерилер жақын арада қатарға қосылатынына үмітті.

 ktk.kz