Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандар саны еселеп артты. Елдегі эпидемиялық жағдай өткен наурыз айына қарағанда тіпті күрделене түсіпті.


Ковид-19-дың таралу көрсеткіші бойынша он екінші күн қатарынан «қызыл» аймақта тұрған Қазақстанға бұл алаңдатарлық ахуал. Денсаулық сақтау министрі бүгін Үкімет отырысында осы мәліметтерді жайып салды.

Өңірлерде де науқастарға дұрыс жағдай жасалмай, қарапайым түсіндіру жұмысы сын көтермейді дейді Алексей Цой. Қазақстанда бүгінгі дерек бойынша коронавирус инфекциясына  шалдыққандар саны 272 мыңға жуықтады.

Министр Цойдың айтуынша, карантиннің қарапайым ережелерін екінші жыл бастан өткеріп жатсақ та, қазақстандықтардың тұрмыс салтына еш ықпал етер емес. Медициналық бетперде тақпай, адам көп жиналатын орындарға бару жағдайды одан әрі ушықтырып тұр. Елдегегі эпидемиялық ахуалдың ушыққаны соншалық, сәуірдің 12 күніндегі жұқтырғандар саны өткен наурыз айының салыстырмалы кезеңінен үш есе артып кеткен.

Індет жұқтырып жатқандардың басым көпшілігі елорда мен Алматы қалалары және Алматы облысының тұрғындары. Бұл жұқтырушылар ғана. Солардың арасында енді өлім-жітім қарқыныны да бәсеңдемей тұр. Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: - Ауру жұқтырушылар санының артуымен бірге қайтыс боп жатқандар да көбейіп барады. Наурыз айында алдыңғы ақпанға қарағанда ковид-19-дан қайтыс болғандар қатары 1,4 есе артты.

Сол көз жұмып жатқандар арасында да 57 пайызы аталған үш өңір: елорда мен Алматы қалалары және Алматы облысы. Осы кезде «қызыл» аймаққа енген өңірлерде бұрынғыдан көп. Елорда мен Алматыдан бөлек, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары "қызыл" аймақта. Тек Түркістан мен Шығыс Қазақстан облыстары ғана қазір ең қауіпсіз аймақ – «жасыл» түсте тұр. Қалған өңірлерде жағдай ушығудың алдында болғандықтан, бәрі «сары» аймақта. Әр жиналыста «жағдайды бақылауда ұстап отырмыз» дейтін облыс басшыларына да тықыр таянды. Алексей Цой бұл жолы өңірлерде науқастарға дұрыс жағдай жасалмай жатқанын ашық айтты.

Ең қарапайым –  аурудың алдын алу шараларын түсіндіру ақсап тұр.   Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: - Бірқатар ескерту жасайтын жайттар анықталды. Науқастарды тұрақты түрде үздіксіз бақылау болмаған, диспансерлік топтағы науқастардың жанама ауруы уақтылы емделмеген.

Ел арасында аурудың алдын алу мен диагностика әдісін түсіндіру де нашар жүргізілген. Инфекциялық стационарларда кадр жетіспейді. Ақпан айынан бері өңірлерге 611 мың доза вакцина жеткізілген. Ертең тағы 300 мың доза аймақтарға жөнелтіледі.

Бұл да соңы емес, осы айда 2 миллион адамға екпе салу үшін айдың соңына дейін тағы 1 миллион 410 мың доза тарату көзделіп отыр. Осы айда 2 миллион адамға вакцина салу үшін осылай жағдай жасалады. Ал жұрт бас тартып жатса, меже орындалмай қалу мүмкін. Ондай жағдайда президенттің өткен жолғы қатаң сынына министрлік сабақ алмаған болып шығады. Ауруханалардағы орын тапшылығы да бүйірден тескен бір олқылық болмаса игі. Елордада ауруханаларында орын 80 пайызға толған. Ал жансақтау бөлімінде 66 пайызында адам жатыр. Алматыда да орындардың жартысынан астамы бос емес. Қазақстанның осымен 12 күн қатарынан «қызыл» аймақта екенін ескерсек, алдағы күндер министрлікті тағы біраз сынға салайын деп тұр.

ktk.kz