Жаңа -жылдан бастап Маңғыстауда сұйытылған газ бағасы неге қымбаттады ?
Бұл сұраққа Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев жауап берді : сұйытылған газ бағасын нарық реттейді. Маңғыстау облысында сұйытылған газ бағасының өсуіне бірнеше фактор әсер етеді.
Біріншіден, Жаңаөзендегі «Қазақ газ өңдеу» зауытынан шығатын сұйытылған газдың 75% электронды сауда алаңы арқылы сатылуына байланысты болса, екіншіден Атырау мұнай өңдеу зауытынан тасымалданатын газ жоғары бағамен келіп жатыр.
Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев мәлімдеді - деп хабарлайды el24.kz ақпараттық портал тілшісі.
Сұйытылған мұнай газ бөлінісінде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында кезең-кезеңмен толықтай электрондық сауда алаңдары арқылы өткізіліп жатыр. Қазір сұйытылған газ 75% электрондық сауда арқылы саудаланса, 2022 жылдың қаңтар айынан бастап 100% электрондық сауда арқылы сатылады.
Маңғыстау облысы айына 18 мың тонна сұйытылған газ тұтынады. Яғни, 14,5 мың тоннасын Жаңаөзендегі «Қазақ газ өңдеу» зауыты өндірсе, ал қалған 3,5 мың тоннасы Атырау мұнай өңдеу зауытынан әкелінеді.
-Электрондық сауда алаңдары арқылы алынған газдың бағасын нарықтың өзі қалыптастырады.
Биржадағы сату нарықтағы мәмілелердің ашықтығын қамтамасыз етеді және сұйытылған өнімдердің көлеңкелі экспортын болдырмауға септігін тигізеді.
Қазіргі таңда электрондық сауда алаңдарындағы сұйытылған мұнай газ бағасы тоннасына минималды баға қаңтар айына – 118 252 теңге(69,56 теңге литр), тоннасына максималды баға – 143 736 (84,5 теңге литр) теңгеге аралығында сатылып жатыр. «Қазақ газ өңдеу» зауыты өндіретін 14,5 мың тонна газ өңірдегі қажеттілікке жетпейді.
Сол үшін Атырау мұнай өңдеу зауытынан ай сайын 3500 тонна сұйытылған газ әкелінеді. Қазіргі таңда Атырау мұнай өңдеу зауытынан өндірілетін газдың электрондық саудадағы бағасы өсуде(соңғы мәлімет бойынша Атыраудағы зауыттан шығатын газ бағасы литріне 95-105 теңге).
Яғни, Атыраудан газды 95-105 теңгеге сатып алып, өңірге әкеліп сататын кәсіпкер газ бағасын аталған сомадан түсіре алмайды. Бұл да өз кезегінде өңірдегі газ бағасына әсер етеді. Жалпы Маңғыстау облысында сұйытылған газдың бағасы республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда төмен, - деді Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев.