28 наурызда 112 қызметінен өңір тұрғындарына «29 наурызда күндіз Атырау облысының шығысында, батысында және орталығында шаңды дауыл күтіледі.
Оңтүстік-батыстан, батыстан жел соғады. Облыстың басым бөлігінде күндіз жел екпіні секундына 23-28 метрге жетеді» деген хабар келген еді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгін,
29 наурызда жергілікті уақытпен сағат 16:00-ге дейін бірнеше рет шатырлар ұшқан. «Бүгін екпіні секундына 22-28 метрге жеткен қатты жел соғып тұр. Қатты желдің салдарынан 7 тұрғын үй мен 2 балабақшаның шатырын ұшырып әкетті. Мәселен, Атырау қаласында 6 тұрғын үйдің шатыры мен қабырға қаптамасы бүлінді. «Нұрсая» шағынауданы мен Ақжар кентіндегі «Ақбөбек» балабақшасының шатыры ұшты.
Ал, Мақат ауданының орталығы – Мақат кентіндегі көп қабатты тұрғын үйдің шатырына ішнара зақым келді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. Қатты желдің зардабын жойып, тұрғындарға жедел көмек көрсету үшін департаменттің 20 құтқарушысы мен 4 техника жұмылдырылды.
Дереккөз: ҚазАқпарат