Маңғыстаулық , Әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, дзюдошы Айбек Имашевты алаяқтар «тұзағына» түсірді .Бұл жөнінде спортшы instagram парақшасында жазды , деп хабарлайды — el24.kz тілшісі.
- Жаңа Қазақстандағы алаяқтар да жаңа айла-тәсілге көшіпті. Іссапарға аттанар алдында төбемнен жай түскендей, бүгін солардың құрбаны болып отырмын. Енді сіздерден мен сияқты өрескел қатеге жол бермеуді және осы мощенниктерді ұстауға көмектесуді сұраймын.
Іссапар алдында жеке картама қомақты қаражат түседі. Сол бойда маған: «Ұлттық банк қызметкерімін және сізге құзырлы органдардан хабарласады», - деді. Кейін құзырлы органнанбыз, сіздің шотыңызда осынша сумма бар деп хабарласып, оны шешіп алуымды және көрсетілген есепшотқа салуымды сұрады. Өзін Рустам Абдрахманов деп таныстырған азамат осы нұсқауды орындау арқылы қылмыскерлерді (мощенииктер) ұстауға көмектесетінімді айтты.
Телефонмен өзін Алматы қаласы полиция Департаменті бастығының тергеу бойынша орынбасары екеніне, арнайы операция жүргізіп отырғанына сендірді және операция аяқталғанша ешкімге тіс жармауымды сұрады. Егер мощенниктер күдіктенсе, ұстай алмай қаламыз деді.
Көрсетілген есепшотқа банктен шешіп алған сумманы салған бойда, телефондары байланыс аясынан тыс жерде болып кетті. Қазір де оларға хабарласа алмаймын, ешқайда барып талап ете алмаймын.
Себебі, олар маған Ұлттық банк қызметкері ретінде тіркелген құжаттарын көрсетті.
Айдың күннің аманында іссапарға деген қаражатым қолды болды. Ал олардың бәрі бостандықта, тіпті мемлекеттік, ұлттық органдардың атын жамылып, ойларын ешқандай қиындықсыз жүзеге асыруда.
Мұндай жағдай тек біреу емес, өте көп деп ойлаймын. Біздің құзырлы органдар неліктен бұларды бақылауға ала алмайды? Неге алдын алмайды? Заңсыз ақша жымқыруын неге тоқтата алмайды? Әлде бәрінің ым-жымы бір ме деген ойға келесің, - деп жазды Айбек Имашев инстаграмм парақшасында.
Айбек Имашев өзіне Ұлттық банктен деп жіберілген құжаттарды да жариялады.