фото скриншот ктк

Шара қолдану президент әкімшілігінің құзырында! Швейцариялық сағатының бағасын сұраған тілшілерден тұра қашқан Қызылорда облысының әкімі әрекетіне қатысты вице-премьер Ералы Тоғжанов бүгін осылай деді. Дегенмен, әкімдер, жалпы шенеунік атаулы қарапайым болу керек дейді Үкімет басшысының орынбасары.
 
Ералы Тоғжанов, ҚР премьер-министрінің орынбасары: - Әкімдерге қарапайым болу міндет. Менің ойымша, барлық әкім өздерінің функционалдық міндеті аясында оны орындайды.
 
Орындап жүр деп те ойлаймын. Ал, сөгіс беру біздің міндетіміз емес. Президент әкімшілігінің құзіретінде. Ол өзі желіде жауап берді. Ал онымен жүзбежүз тілдесуге әлі мүмкіндіктеріңіз болады деп ойлаймын.
 
Нұрлыбек Нәлібаевпен жүзбе жүз кездесудің мүмкіндігі өткен аптада болған. Мәжіліске келген Қызылорда облысының әкімі 9 миллион теңгенің сағатына қатысты сұраққа келгенде тілшілерден тұра қашты.
 
Алды-артына қарамай баспалдақпен төмен зуылдаған әкімнің видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Кейін Нәлібаевтың өзі сол желіде жазба қалдырып, ақталуға тырысты.Айтуынша, швейрациялық сағатты ертеректе, бизнесте жүргенде алған.
 
Ал, өзінің қаша жөнелгенін, "келесі жиналысқа асықтым" деп түсіндірді. Айта кетейік, Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысына әкім болып сәуірде ғана тағайындалған.