Қазақстан азаматы Мажарстанда заңсыз мигранттарды тасымалдағаны үшін қамалды Мажарстанда жоғалып кетті деген Қазақстан азаматы қамауға алынды. Оған мигранттарды заңсыз тасымалдады деген айып тағылды,- деп хабарлайды el24.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтып берді. 

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында 27 жастағы қазақстандық Қанатбек Өтебектің Мажарстанда жоғалып кеткені хабарланған болатын.

«Бұл жағдайды анықтадық. Ол Мажарстанда қамауға алынды. Полиция оны мигранттарды заңсыз тасымалдады деп айыптап отыр. Ол осыдан 1,5 ай бұрын Қазақстанда Шенген визасын алып, Еуропа елдерінің біріне ұшып келген. Бір аптадан кейін Шығыс Еуропа аумағында, соның ішінде Сербия, Мажарстан, Чехияда болған және осы бағыт бойынша заңсыз мигранттарды тасымалдаған. Ол әу баста-ақ қандай жұмысқа бара жатқанын білді.

Бұл заңдағы ауыр бап, өте салмақты айып тағылып отыр», - деді Айбек Смадияров журналистерге арналған брифингте.

Қазақстандықтың тұтқындалуына байланысты Сыртқы істер министрлігі Еуропаға жұмысқа баруды жоспарлап отырған қазақстандықтарға белгілі бір елдің заңдары мен ережелерін мұқият зерделеуді ескертті. 

Ресми өкілдің айтуынша, қазір Қ. Өтебекке адвокат табылған.  «Оның туыстары барлық оқиғалар туралы біледі. Менің ойымша, бұдан әрі не болатынын тергеу қызметі анықтайды», - деді А.Смадияров.