Алматыда сырғанақ тебуге барған 4 бала ауыр жарақат алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қалалық балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, балалардың жас шамалары 6-16 жас аралығында.
Төбешіктен жоғары жылдамдықпен сырғанап келе жатқан алты жасар бала басқа баламен соғылып қалған.
"Салдарынан кішкентай бала жабық бас сүйек-ми жарақатын алып, сол төбе сүйегінің желісі сынды. Жазық эпидуралды гематома диагнозы қойылды. Қазіргі кезде бала жансақтау бөлімінде жатыр", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, мұзайдынында ауыр жарақат алған 14 жастағы қыз қарқынды терапия бөліміне жатқызылған, жағдайы тұрақтанғаннан кейін мамандандырылған бөлімшеге ауыстырылады екен.
"Мұзайдынында бортпен соқтығысу салдарынан жасөспірімнің көкбауыры жарылып, ішіне қан кетіп, іші тұйық жарақат алған. Ота жасалды, қазір баланың жағдайы тұрақты, бөлімшеде бақылауда жатыр", - деп толыққан хабарлама.
Мұзайдынында жарақат алған тағы бір 16 жастағы қыз ауруханада жатыр екен. Дәрігерлер қызға жабық бассүйек-ми жарақаты, ми шайқалу, төбе аймағы жұмсақ тіндерінің соғылуы диагнозын қойды. Бойжеткен жансақтау бөліміне жатқызылды, кейін нейрохирургия бөлімшесіне ауыстырылған.
Сондай-ақ, ведомство өкілдері 3 қаңтарда 14 жастағы жасөспірім Шымбұлақ тау шаңғысы курортынан жеткізілгенін айтады. Баланы тексеру барысында жабық бассүйек-ми жарақаты, бас миының шайқалуы, төбе аймағының соғылуы анықталған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Г. Досымшалова
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz