Серік Күдебаев Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан өткен жоқ.
Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінен мәлім етті. «Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі азамат Серік Мырзақұлұлы Күдебаевтің (01.01.1965ж.т.) ресми жұмыс істеп тұрған өткізу пунктері арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өтпегенін хабарлайды.
Бүгінгі күні шектес мемлекеттердің шекара өкілдері аппаратымен бірлесе отырып, тексеру тағайындалды. Тексеру нәтижесі қосымша хабарланатын болады», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ Күдебаевтың шетелге қашқаны туралы мәлімдеген болатын.
Ол Қырғызстанмен шекарадан өтіп, ал сол жерден Өзбекстанға өтіп, кейін Солтүстік Кипрге ұшып кетуі мүмкін екені жазылған еді.
Еске салайық, бұған дейін прокурор Серік Күдебаевты 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағаны хабарланған болатын. Кейін күдікке ілінген генерал Күдебаев ауруханаға түскені белгілі болды. Сондай-ақ, Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы төртінші рет кейінге шегерілді.
Дереккөз: КТК телеарнасы