Қарағанды облысы Үміткер ауылында жылқылар арасындағы індетке байланысты карантин жарияланды. Арнайы лабораторияда малдарға эпизоотикалық лимфатангит жұққаны белгілі болды деп хабарлайды el24.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
"Африкалық маңқа" деп те аталатын бұл вирус тақ тұяқты жануарларға жұғады. Алғашқы белгілері ақпанда байқалған.
Салдарынан 9 жылқы өліп, 15 жылқы оқшауланды. Қазір қора-қопсыларда дезинфекция жұмысы жүріп жатыр. Ауру жұқтырған жануарларды өртеу арқылы жоймақшы. Ал өтемақыны нарықтағы бағамен төлейді.
Сонымен қатар Үміткер ауылындағы мыңнан аса жануарға сараптама жүргізіледі. Карантин кещінде ет пен сүт өнімдерін әкелуге және алып кетуге қатаң тыйым салынған. Шектеу тек 3 айдан кейін, ауру жұқтырған малдар жойылған соң алынады.
"Бұл өзі созылмалы ауру, әрі қарай да анықтала беруі мүмкін. Ауру жануарлармен жанасқан малдар сыртқа жайылымға жіберілмейді. Олар белгілі бір аумақта жеке ұсталынады. Басқа малдарға қосылмауы керек. Карантин қойылғаннан кейін бұл қатаң бақылауда болады, жергілікті ветинспекторлар тарапынан, сосын мал иелеріне малды оқшаулап ұстау жөнінде нұсқау беріледі", – деді Ауыл шаруашылық министрлігі ветеринария бақылау комитетінің Қарағанды облысы аумақтық инспекциясы басшысының орынбасар Данияр Мерғазин.