Алматыда қаланың тарихи орталығында қонақ үй кешенін салуға тыйым салынды.
Қала әкімімен кездесуге келген Алмалы ауданының тұрғыны Мұқанов көшесі, 313 мекенжайында 14 қабатты қонақ үй кешенінің салынуына тұрғындар қарсы екенін жеткізді.
«Тапсырыс беруші өрт қауіпсіздігі талаптарына, инсоляцияға, қабат санына және басқа да параметрлерге сәйкес келмейтін жобаны ұсынған.
Соған қарамастан almatygenplan.kz сайтында бұл жоба «мақұлданды» деп белгіленген. Біз осы мәселені шешуге көмектесуіңізді сұраймыз», - деді ол.
Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов аталған нысанның кеңестен өтуге бірнеше рет талпынғанын айтты. «Жобаның сәулет-жоспарлау нобайынан үзілді-кесілді бас тартамыз.
Бірнеше сот процесі болды, бүгінге дейін рұқсат берілген жоқ. Қазіргі уақытта құрылыс жүріп жатқан жоқ», - деді басқарма басшысы. Алматы әкімі Ерболат Досаев қарамағындағыларға бұл мәселені бақылауға алуды тапсырды. «Әзірге нысан салынады деп алаңдауға еш негіз жоқ», - деді Ерболат Досаев.
Дереккөз: ҚазАқпарат