el24.kz Енді қысқы кезеңде жол жабылғаны туралы хабарламаны елемей, тыйым салынған уақытта жолға шыққан жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қолданыстағы ережеге сәйкес, жолдың жабылғаны жөніндегі ресми ескертуді назарға алмаған азаматтарға 118 мың теңге көлемінде айыппұл салу көзделген.

Бұл жаза жол қозғалысы ережесін алғаш рет бұзғандарға қатысты қолданылады. Ал ереже талаптарын қайтадан бұзған жағдайда, жүргізушіге 15-тен 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу шарасы қарастырылған.

Алайда кейбір жүргізушілер жабық жолға шыққан сәтте байланыс аймағынан тыс жерде болғанын немесе ұялы телефон қуатының таусылуына байланысты шектеу туралы хабарламаны көрмегенін алға тартады. Мұндай жағдайларда уәкілетті органдар жол қозғалысы ережесінің нақты қай уақытта және қандай жағдайда бұзылғанын жан-жақты тексеріп, соның негізінде шешім қабылдайды.

Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Магомед Ахриевтің айтуынша, жол ережесін қайталап бұзу фактілері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабына сәйкес қаралады.

— Құқықбұзу қайталанған жағдайда әкімшілік қамауға алу шарасы қолданылуы мүмкін. Мұндай істерді негізінен полиция органдары қарайды. Қазіргі таңда нақты статистикалық мәліметтер толық емес, дегенмен бұл әрекет үшін әкімшілік жауапкершілік бар екенін атап өтеміз, — деді ол.

Мамандар жүргізушілерді қысқы жол жағдайында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, сондай-ақ ресми хабарламалар мен ескертулерге мұқият болуға шақырады.