el24.kz Атырау облысында аң аулауға шығып, із-түзсіз жоғалған 61 жастағы ер адамның өлі денесі табылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті ресми түрде хабарлады.
Алдын ала мәліметке сәйкес, 1964 жылы туған Өтебай Сабыров 15 желтоқсан күні Жылыой ауданында екі танысымен бірге аңшылыққа шыққан. Алайда келесі күні жолдастары оның жоғалып кеткенін айтып, қалаға кері оралған. Осыдан кейін ер адамға іздеу жарияланған.
Төрт күн бойы жүргізілген іздестіру жұмыстарына төтенше жағдайлар қызметі мен полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Нәтижесінде марқұмның денесі қамыс арасынан табылған.
Атырау облысы полиция департаментінің ақпарат саясаты бөлімінің аға инспекторы Дина Мақсотованың айтуынша, қазіргі таңда оқиғаға байланысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Жылыой ауданында жоғалған 1964 жылғы ер адамның денесі қамыс арасынан табылды. Ер адамға 15 желтоқсаннан бастап іздеу жарияланған. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды», — деді полиция өкілі.
Құқық қорғау органдары оқиғаның нақты мән-жайын анықтауға кірісті.
