Қилы-қилы заман болар,
Қарағай басын шортан шалар
Асан қайғы
Судағы балық қарағай басын қалай шалмақ? Демек, бабамыз осы екі-ақ ауыз сөзбен дүниенің астан-кестеңін шығаратын аласапыранның туатынын меңзеп отыр ғой? Әрине, ақырзаманның қашан болатыны бір Аллаға ғана аян. Бірақ кейінгі кездері осы «ақырзаман» туралы ақпарат тарату еріккеннің ермегіне айналғандай. Олар жұртқа үрей таратып, содан ләззат алатындай. Әсіресе 2012 жылдың 21 желтоқсанындағы «ақырзаман» ешкімнің есінен шыға қоймас. Алайда бүгінгі жағдайды бажайлап, ғаламшардың экологиялық жағдайына талдау жасау артықтық етпес.
Тіршіліктің су, ауа, топырақ және от деп аталатын негізгі төрт элементтен тұратынын төрт жастағы бала да біледі. Сондықтан қандай қатерді болсын біз осылардан күтеміз.
1.Топан су…
Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Ғабит Мүсіреповтің күнделіктерінде мынадай жолдар бар екен:
– Ақырзаман бола ма?
– Болады. Бір кезде ауа атмосфера дегенді көмір қышқыл газы – CO2 қазіргі нормадан анағұрлым асып, мұз теңіздерін ерітіп жіберсе, адам баласына, жалпы жан-жануар, өсімдіктерге екі түрлі қасіретті күн туады: 1. Жер бетін топан су басады; 2. Оттегі ауадағы өз нормасынан орасан кеміп кеткен соң, жан-жануарлар уланады. Сол кезде Нұқтың кемесінің де пайдасы болмай қалады. Мұхит суларының өз CO2 газына лық толы болмақ.
Осының белгілерін біз бүгінде көзбен көре бастадық… Ғалымдар Жер шарының орташа температурасының ғасыр сайын үш градусқа жылып, соның салдарынан Солтүстік Мұзды мұхиттың ери бастағанын анықтағалы да біршама жыл өтті. Тіпті, 2015 жылдың 30 қарашасында Парижде дүниежүзінің 196 мемлекеттенің президенттері бас қосуы тікелей осы мәселеге байланысты. 1997 жылы болып, Киото хаттамасы қабылданған саммитке АҚШ қатыспаған еді. Енді осы жолғы жиынға АҚШ қатысып: «Мен Американың соңғы жеті жылда теңдессіз жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқанын көре отырып, біз ортақ келісімге келеміз деген оптимистік көңіл күйдемін, – деп жазған АҚШ президенті Барак Обама Францияға сапарының алдында Facebook парақшасында. – Бұл жиынның маңыздылығы сонда, 180 ел климаттық өзгеруге себеп болып отырған қауіпті қалдық шығаруды қысқартудың жоспарын ұсынып үлгерді». Қорытындысында қатысушы мемлекеттер жан-жақты климаттық өзгерудің алдын алатын келісімдерге қоса парниктік газдардың таралуын болдырмау мақсатындағы экологиялық бағдарламалар үшін жыл сайын 100 миллиард доллар жинайтын боп тарқасты. Әйтпесе табиғаттың кейінгі жылдардағы тосын мінезі тосылтып тастады. Оның себебін ғалымдар «көлемі жағынан Антарктидадан кейінгі «Жасыл жер» Гренландия мұздықтарының да еріп, теңіздер деңгейінің көтерілуінен» деп тапқан. Алайда мұндай мәліметтер қарапайым халықтан қашан да құпия сақталады.
Алайда ақиқатты көзіміз көріп отыр. Германияда, Қытайда, Үндістан, Непал, Бутан, Бангкок, Бангладеш т.б. әлемнің әр нүктесінде, тіпті, өз елімізде де кенеттен орын алған су тасқынынан қаншама зардап шектік… Соның бәрі Солтүстік Мұзды мұхитының еруінен. Англиядағы Рейдинг зерттеу тобының жетекшісі Джонатан Грессори: «Бүкіл әлем үшін қорқынышты құбылыс – теңіз деңгейінің 7 метрге дейін көтерілу мүмкіндігі. Оның алдын алу үшін атмосфераны көмір қышқыл газымен улауды тоқтату керек», – дейді. Ал ауа неден ластануда? Бір мезгілде әлемнің түкпір-түкпірімен байланыстыратын әрі теледидар, музыкалық орталықтың, әрі жұмыс құралының рөлін қатар атқаратын компьютерді ойлап таптық. Ал оның қандай жолмен жасалып жатқанын білсеңіз. 24 кг бір компьютерді жасауға 240 тонна химиялық заттар мен 1,5 тонна су жұмсалады екен. Ол, біріншіден, фабрикада жұмыс жасайтын адамдардың денсаулығына зиян келтіреді. Екіншіден, ауызсуды ластайды. Сонан соң дайын болған компьютердің өзі ауаны автокөліктерден гөрі көбірек ластайды екен. Бұл – ауаның ластануына келтірілген бір ғана мысал. Бұған қаншама автокөлікті, зауыт, фабрикаларды қосыңыз. Солтүстік Мұзды мұхиты мен Гренландия мұздарының еруі осы жылдамдықпен жалғаса берер болса, онда 2050 жылға дейін 20 пайызға кеміп, нәтижесінде Тұманды Альбион елінде ауа райы күрт төмендемек. Оның салдары Жер шарына оттегі өндіретін тропикалық ормандардың жойылуына апарып соғады. Мұздықтардың еруі бір жерлерге су тасқыны қаупін төндірсе, кейбір жерлерді ауызсу тапшылығына ұрындырмақ. Өткен жылдардағы орыс ормандарының өртенуінің өзі біраз жайды аңғартқандай. Бұл – климаттық ауытқу салдарынан Африканың салқындай бастап, Сібірдің сарышұнақ аязының жұмсаруының басы ғана… Қазірдің өзінде Сахарада көк шөп шығып жатыр. Көк шыққан жер көп ұзамай жап-жасыл баққа айналуы қиын емес. Бұл – Қасиетті Құранда айтылған «ақырзаманның белгілерінің» бірі.
2. Токионы жер жұтады дейді…
Дүниежүзіндегі дамыған елдердің ең біріншісі саналатын Жапонияның астанасы Токио көп ұзамай жер бетінен жойылады дегенге сенгің келмейтіндей. Бірақ оны біз ойдан шығарған жоқпыз. Сол елдің сейсмологиялық жағдайын зерттеп жүрген ғалымдар жер сілкінісі салдарынан алдағы 50 жыл ішінде Күншығыс елінің бас қаласының жермен-жексен болу қаупі барын осыдан бірнеше жылдар бұрын болжаған екен. Мұндай қасіретті Токио 1923 жылдың 1 қыркүйегінде бастан кешкен, онда қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалғандардың саны 130 мың болса, 570 мың отбасы баспанасыз босып қалған. Сол оқиғадан кейін жапондар өз үйлерін супер үлгіде 6 балдық жер сілкінісіне шыдайтындай етіп салған екен. Алайда өткен жылы наурыздың 11-і күні жапон жұрты магнитудасы 8,9 балды құрайтын жер сілкінісін бастан кешірді. Аралдарды атамекен еткен халықтың қасіретіне теңіз де тажал боп төніп, биіктігі 10 метрді құрайтын таудай толқындар көл болған көз жасы мен көбіршік қанды шайып кеткенін көзіміз көрді. Соған да қарамастан, самурай рухты халық Отандарын тастап кеткен жоқ. Осы жағынан келгенде, олар да қазекеме ұқсайды екен, яғни «қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз өлмейді» деген қағиданы ту еткендей.
3. Күн сөнеді…
Ғалымдардың көбі дерлік Жерге төнер қауіптің зорын аспан денелерінен күтеді.Неміс және британ зерттеушілері осыдан 200 жыл бұрын Жерге алып метеориттің құлағанын айтады. Сол сәтте-ақ теңіздерден цунами көтеріліп, биіктігі бір метрге жеткен толқынның қаншама тіршілікті жойғанын өзіңіз бағамдай беріңіз. Содан бергі кезеңдерде аспан денелері біздің ғаламшарымызға қанша мәрте қауіп төндірген. Бүгінде сондай астероидтардың саны 900-ге жуық көрінеді. Ол 900-дің біреуі ғана абайсызда жерге соқтығысып құлар болса… ойлаудың өзі қорқынышты! Кәдімгі өзіміз әр түні көзбен көретін жұлдыздардың ағуы жиілеп кетсе де, қорқу керек екен. Себебі олардың арасында ұсақ кометалар болады. Олар ауаның озон қабатын тесіп, мұздықтардың еруіне әсер етеді. Мұхиттарда тіршілік ететін майда денелер қырылса, онымен қатысты балықтар, одан құстар да зиян шегеді. Ең қызығы әрі қорқыныштысы – Күнге қатысты айтылған болжамдар. Голланд астрофизигі доктор Пирс Ван дер Меер «Күн жарылғалы тұр» деген тосын жайды айтуда. Күн ядросында қалыпты жағдайда температура 27 млн градус болса, соңғы жылдары ол 49 миллионға көтеріліпті. Біз бүгінде Солтүстік Мұзды мұхитының еруін ауаның ластануынан көреміз. Ал бұл ғалым ол проблеманы осы Күн қызуының көтеріліп кетуінен көреді. Егер осы қарқынмен қыза берсе, Күн көп ұзамай жарылатын көрінеді.
Бұған қарама-қайшы пікір айтатын ғалымдар да бар. «Жер беті мәңгілік қараңғы қапаста қалмақ» деген олардың пікіріне құлақ түрсек, соңғы онжылдықта Жерге түсер Күн сәулесі 10 пайызға кеміп кетіпті. Мұны ғалымдар 90 жылдары байқағанмен, құлақ асар жан таппаған. Тек 2001 жылы Израильдегі Вулконология орталығының мамандары 1958-1992 жылдар арасындағы ғаламшарға түсер Күн сәулесінің жылдан-жылға 0,23 пайыздан 0,32 пайыз аралығында кеміп отырғанын айтқанда барып бұл мәселеге мән беріле бастаған.
дереккөз : ortalyq.kz/
Мәриям ӘБСАТТАР