Таңғы ұйқынымнан әлі ояна алмай,мең-зең күйде жатқанмын.Сыртқы есіктің сарт-сұрт асығыс жабылғанынан секем алып,атып тұрдым. Сөйтсем , анам екен, түрі боп-боз. Әкемнің қолынан тастай қылып ұстап алған жіберер емес. 

«Қорқып кеттім» деген сөзді сан қайталап айта береді, көздері мөлтілдеген жасқа толы. Даусы дірілдей: «Зират басына барып едім, қатты шошынып қалдым. «О-о, Аллай» деген дауыс құлағыма ап-анық естілді»-дей береді. 

Менің сансыз сұрағыма әкем: «Зират басында рулас ағайдың қабіріне топырақ салмақ болып, алға кеткен, баж етіп кейін қашты» - деп жауап берді. Кейін ұққаным ағайдың қабірінің алдында үлкен жеңгесінің де қабірі болатын,соның қасынан байқамай өтіп бара жатқанда, «Ой-й,Алла-ай!» деген күңіренген дауыс зиратты басына көтерген және белгісіз бір күш еріксіз өз жағына қаратқысы келіп тартқандай болады. Шошынған анам алды-артына қарамастан қаша жөнеледі. 

«Үстіме бейне бір ыстық су құйып жібергендей болды,тұла бойымды игере алмай,басқан аяғым кейін кетіп, үйге әкеңе сүйеніп әзер жеттім,құлағымда күңіренген дауыс әлі тұр,-деді өз-өзіне келе алмай отырған анам. Содан әкем : «Бұлай болғаны жарамас. Қатты шошынсаң, «қорықтық» құйдырғанымыз жөн болар»- деді. Мен де әкемді құптадым. 

Ауылымызда Разия есімді апай бар болатын. Бірнеше жылдан бері көрші тұрамыз.Сынық сипайтын, қазақы ем-дом жасайтын қасиеті болатын. Сол кісіні шақыртып, «қорықтық» құйғызған едік. 

«Қорықтықты» қорғасыннан құяды екен. Қорғасынды ерітіп, анамды құбылаға қарата отырғызып құйған,құдайдың кереметі, қорғасын кенет өзінен-өзі бірігіп , суретке айналды. Суретте зират басындағы ай белгісі мен жүрек бейнесі шықты. Жүректе аздап тыртық салынған. Бұдан бұрын мұндай нәрсені көрмеген мен аң-таң күйде сілейіп қатып қалыппын. 

- Қорғасын белгіні орамалға орап,кейін ағын суға ағызарсың,қашан қорқынышың басылғанша жастығыңның астына қойып жат,-деп Разия апай кетті. 

Осыдан кейін анам өзіне-өзі келіп,үй шаруасына араласып кетті. Бұл күнде бұл оқиға ұмыт болды,бірақ менің ойым сан-сақта.Дүниеде бізге белгісіз тылсым бір күштің бар болғаны ма,сонда... 

massaget.kz/