Таиланд астанасы Бангкоктағы Сиам Парагон сауда орталығында атыс болып, үш адам қаза тапты. Тағы төрт адам зардап шекті, оның ішінде шетелдік азамат та бар,-деп хабарлайды el24.kz тілшісі, ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Шабуыл жасады деген күдікпен 14 жастағы жасөспірім ұсталып, полицияға тапсырылды. Ол тапаншамен оқ жаудырған деген болжам бар.
Шабуылдың себебі әзірге анықталған жоқ. Таиланд премьер-министрі жағдайдың бақылауда екенін айтты. Бұған дейін әлеуметтік желіде сауда орталығынан адамдар қашып шыққан видеолар тарады. Сауда орталығы тез эвакуацияланып, жабылды. Таиландта жаппай оқ ату сирек кездеседі, бірақ аймақтағы басқа елдермен салыстырғанда бұл елде атыс қаруын ұстап жүретіндер көп. Өткен жылдың қазан айында бұрынғы полицей Таиландтың солтүстік-шығысындағы Нонг Буа Лампху провинциясындағы балалар орталығында тапанша және пышақпен кем дегенде 37 адамды өлтірген болатын, олардың көпшілігі балалар. 2020 жылы Накхонтрачасима қаласында бір сарбаз 29 адамды өлтіріп, ондаған адамды жаралады.