el24.kz Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында болған қайғылы тікұшақ апаты салдарынан америкалық әнші әрі музыкант Oliver Tree 32 жасында көз жұмды. Қайғылы оқиға 2026 жылғы 14 маусым күні қаланың батыс бөлігіндегі Recreio dos Bandeirantes ауданында болған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, екі тікұшақ әуеде соқтығысып, олардың бірі автокөлік салонының аумағына құлаған. Құлаған әуе кемесі электр көліктері тұрған тұраққа түсіп, бірнеше көліктің өртенуіне себеп болған. Апат салдарынан екі тікұшақтағы алты адамның барлығы қаза тапты.
Қаза болғандардың қатарында Oliver Tree-ден бөлек аргентиналық блогер Gaspar Prim Díaz, режиссер әрі продюсер Лукас Виньяле, продюсер Лукас Фрота Шавес және екі ұшқыш болғаны хабарланды.
Бразилияның авиациялық және құқық қорғау органдары оқиғаның нақты себептерін анықтау үшін тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мамандар ұшқыштардың соңғы байланыстары мен ұшу деректерін зерттеуде. Алдын ала нұсқалардың бірі ретінде адам факторына байланысты қателік қарастырылып отыр.
Oliver Tree соңғы жылдары ерекше сахналық образы мен иронияға толы бейнебаяндарының арқасында әлемге танылды. Оның «Alien Boy», «Life Goes On», «Miss You» және «Hurt» әндері миллиондаған тыңдарман жинап, әлеуметтік желілерде кеңінен таралды. Музыкант апат кезінде әлемдік гастрольдік тур аясында Латын Америкасында өнер көрсетіп жүрген болатын.
Әншінің қазасын оның командасы мен жақындары ресми түрде растады. Сондай-ақ оның жас өнерпаздарды қолдауға арналған қайырымдылық қорын құруды өсиет етіп кеткені белгілі болды. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері мен әріптестері әлеуметтік желілерде көңіл айтып, музыканттың шығармашылығы мен өнердегі мұрасы ұмытылмайтынын жазып жатыр.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде апатқа қатысты түрлі бейнематериалдар тарай бастады. Алайда бірқатар халықаралық фактчек ұйымдары олардың кейбірі бұрынғы жылдардағы басқа елдерде болған апаттардың видеолары екенін анықтады. Сондықтан мамандар тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырып отыр.
