Бала кезім. Сол жақ азу тісім солқылдай ауырып, басым дыңылдап, әп-сәтте мүсәпір болдым да қалдым.

Анам ыстықтау тұзды сумен шаюды тапсырды. Ауру жаныма батып бара жатқан соң қайта-қайта шайдым. Басылмады. Қайта үдей түсті. Мойныма бармақтай түйін шықты. Бастың дыңылдағанына солқылдау қосылып, құлағым дұрыс естімей қалды. Жаным бебеулеп, жылап жібердім. Аянышты кейпіме қарап, ойланып тұрған анам бір кезде нан жабатын тапаны алды да, екі-үш уыс тұз салып, қыздырды. Оны матадан тігілген дорбаға салып, тіс ауырып, түйін түскен мойын тұсына басып жатуды тапсырды.

Әбден әлсіреген мен сол жатқаннан қалжырап, ұйықтап кеттім деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті.

Ұйқыда жатып та миым тынықпады, басымның бұрынғыдан қатты солқылдап, денемнің қызып бара жатқанын алыс бір түйсікпен шала сезініп жаттым.

Ақыры ми тұсым солқылдата бұрап шаншығанынан шошып ояндым. Орнымнан тұра алмаймын. Тұз басып жатқан сол жағым мойнымнан бастап көзіме дейін ісіп кеткен. Қазір жарылып кететін сияқты. Есім шала, көруім шала, талықсып кете бергенім есте.


Есімді жисам ауруханада жатырмын. Үш дәрігер төбемнен төніп тұр. Олар мені өлімнен алып қалыпты. Ата-анама ауырған жерге, әсіресе түйін түскен тұсқа ыстық нәрсе басу қауіпті екенін ескертті.

«Балаңыздың құрттаған тісі ауырған. Ыстық тұзды су тіс каналдарын тітіркендірген. Содан тамыр бойына түйін түскен. Ол тіс түбірінде ірің барын білдіреді. Іріңді нәрсе, түйін атаулыға ыстық басу ауруды өршітеді. Тағы 20 минут кешіккенде ірің миға шабатын еді», – деп бас шайқады дәрігер.


Оқушы кезімде болған осы оқиғадан кейін мен қыздыратын компрестерден қорқамын. Әсіресе тұз қыздырып басудан деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Дегенмен былтыр күн салқындаса сырқырап, отырып-тұрсам сықырлап ауыратын тіземнің ауруын қыздырылған тұзбен емдедім.


Малға беретін ірі тұз болады. Содан 3-4 килодай алдырдым. Күнде кешке соны қыздырып, мата дорбаға салып, қос тіземе таңып тастаймын. Сыртынан жылы одеял орап, қызудың ұзақ сақталуын қадағаладым.

Аптасына бір рет аяқтарымды күн қызуымен ысыған құмға салып отырамын. (Төбемде арнайы шатыр). Содан кейін аяғыма шұлық киіп, аса салқын су ұстамай күтіндім. Өйткені таныс тибет дәрігері тіземнің ауырғаны сүйекке суық өткеннен болғанын, ал суықтан болатын ауруды күн ыстықта емдеген тиімді екенін ескерткен.

Мен осылай тұзбен емделемін де бір өлімнен қалып, келесі бір аурудан құтылған адаммын. Айтпағым – ем екен деп білмейтін нәрсені жасай берудің керегі жоқ екен.

Р. ОРДАБЕК.
«Ауырмаңыз!» газетінен алынды.