Ақылбек Тілектес

Баян - Өлгейдің Ойғыр елді мекенінде 1989- жылы дүниеге келген. 2012-жылы ШҚМУді қазақ тілі мен əдебиет мамандығымен тамамдаған. Қазір Ойғырда өмір сүреді. Көптеген аймақтық жыр мүшайраларының жеңімпазы

Қара жер бетінде қара өлең бүрсеңдеп.
Шатқалда тастардың жүрегі дүрсілдеп.
Отты қарашықта ойнақтап қалам із.
Жыр оқып отыр бір тірнек.

Жалғыздық... 
Иəки ұлылық...
Теңбіл жыр...
Тырмалап сананың қат қабат қатпарын.
Сыңары өліктің қаңқасы қураған сан мың жыл. 
Тəңірдің қулығы БАҚта МҰҢ...
Ессіздік жөңкіген дүние тұл керең.
Кəллə жыландар ордасы... ми жеген.
Біздікі лағу... тұманмен күмəннің арасын...
Өлгендер ақындар...
ӨЛМЕЙДІ МҰҢ... ӨЛЕҢ...

                    * * *
Ойғыр сен тұрғанда мұңданам неге мен?
Сен едің ғой,рухымды асқақтатып жебеген.
Аяғымды асып алып Хүйтэн шыңның басына,
Иығымды Қарақияға теңегем...
Содан болар асқақтық басым мінезде,
Еркін жорттым,жалқылықпен түземде.
Сендегі пәктікті сіңіріп бойға байырғы,
Өз бұйрығымды бағыштағам түменге!
Соңғылықта сендегі ұлылық алыстап,
Ессіздіктер бой түзеуде ғарыштап.
Ұлылықтың соңғы дәмі титімдей,
Миымды жүр астаң-кестең жаныштап.
Сусыздығы сіңісіп әбден санамда,
Моншақ алқа тізілуде жанарда.
Сенің ұлы рухыңды іздеген,
Обал деймін обал деймін мағанда.
Ойғыр,ессіздердей төмендеме сен әсте,
Екеуімізде мұнда егіз емес пе?!
Мен сені көтере де алмаймын,
Мені сен көтересің белеске.
Тарихың да терең еді,көне еді,
Өрлігіміз ұлыған көкжал бөрі еді.
Қарыздармын мен саған мәңгілік,
Сен мені кешірме себебі!..

                * * *

Жасыратын өмірімде түкте жоқ,
Сезесіңбе сөніп барад білтеде от.
Аймалаған беттерімді көз жасым,
Тамып жатыр ақ параққа нүкте боп.
Иә нүкте, мақаббатым тоқтаған,
Сұлулықтың еш қажеті жоқ маған.
Жан Жүрегім абақтының түбінде
Ал мен оны мәнгілікке соттағам!

               * * *
Мұң меңдеп жанарды,
Тамшылар сырғиды.
Тепкілеп кеудені,
Шертеді бір күйді.
Көз алдым Бес-ТƏҢІР,
Мұңдана қалғиды.
Көлеңкеге иіскетіп,
Кінəлі АЙ күйді.
...Шұп-шұнақ үскірік,
Қуалар, бүрситіп...
Сыбызғы шертеді,
Еңкілдеп бір ши түп.
Тауларда үһілеп,
Оқиды ғазалын.
...өлеңге өртелген,
Дал да - дұл парағым...

                  * * *
Жүректе дүрсілдер көбейіп 
Сезімге берілсем терең,
Өзіммен сырласып қасымда,
Менімен бір болдың Өлең!
Дүние улатып арымды,
Санама сіңіссе керең,
Кəллəма сіңіріп тəубані,
Жанымда болдың Өлең,
Тағдырмен бетпе бет тартыста,
Əлсіреп еңсем түссе төмен,
Жігермен жанымды қамшылап,
Бойыма медет бердің,Өлең!
Тірліктен жиіркеніп түршігіп,
Кінəдан езілсе денем.
Ар иман ұялатып жаныма,
Қасымнан табылдың Өлең.
Менімен бірге өрнектеп,
Келесің өмірді Өлең,
Ант етем!
Жүрегім өзіңе,
Мен сені жақсы көрем...
Өлең...

                  * * *
Мұңайсам сəл ғана жабырқап,
Жақ ашпай ешқандай адамға.
Отырам жыр оқып тауларға,
Тағдырды салып ап табанға.
Тауларда оқиды маған жыр,
Түйсіктер түйісер тастарда.
Менде жыр оқимын қайтара,
Төбемді тіреп сап аспанға.
Сезімдер жөнкілер кірбеңсіз,
Сол сəтте сайлардың ішімен.
Əлемнің маңдайын сыйпаймын,
Мейірлі саусақтың ұшымен.
Жырларға мүлгіген түземді.
Жанарға ұялап шартарап.
...Мұңымды қалдырып тастарға.
ӨЛЕҢді қайтамын арқалап...

                       * * *

Барады заман,
Тоқтамай уақыт зымырайды,
Бозторғайға еріп, 
Боз дала бірге шырылдайды.
Айдың беті,
Шимайланған мұң батпан,
Күн қорғалап,
Төгіліп тұрар нұры ғайып.

Барады заман,
Байқалмастан сағым боп,
Жігері қайтқан,
Желөкпелерде жалын жоқ.
Біздің дәуір тозығы доңғалақтың,
Қырық жамау,
Құрақ-құрақ желім көп.

Барады дәурен,
Барады заман байқалмай,
Ербеңдеуде уақыт,
Етегін түрген сайқалдай.
Сайтанның ісі азғыру иә жазғыр,
Жазғырған ұтты,
Азғырған мықты... Ой тоба ай!
Барады дәурен,
Барады еріп барады,
Құлаққа жетті,
Үздігіп дала зар, әні.
Сөз қуған сері,
Сергелдең ері даламның,
Заманның кімде обалы?

Барады дәурен,
Барады еріп заман нақ,
Нан табарлар жүр,
Асылзатын жамандап,
Мәстектер жүр,
Шығарып дала ақ шаңын,
Дүлділдер тұр,
Шідерлі аяқ табандап.
Барады дәурен...
Мен уақыттан ұтылдым,
Сыртым қайғы, 
Қап-қараңғы ішім мұң.
Езуден аққан сілекейге семіріп,
Тағдырыма жеті мәрте түкірдім! 

                     * * *

Мен бүгін сезімді жерледім,
Ана-а-ау таудың басына.
Жұлдызды шырақ қып ,
Іліп қойдым қасына.

Мүлгідік бәріміз дұға қып.
Ішімізден ЫҚЫЛАС қайырдық.
Жанары жабырқау жалғыз-ақ.
,,,Келеді ай ілбіп.

Тыныштық. менде де үнсіздік.
Ай ғана қарады кектеніп.
Мәнгілік сіңіскен жалқылық.
Кеттім мен сені жек көріп.

Ай жалғыз, күн жалғыз, бәріміз,
Туада тағдырлар ортақ-ты.
Жүрегім сәл ғана түршікті.
Жанардан сырғытып моншақты...

Көңілге болса да жұбатып,
Жақсы сөз айтпадық біріміз.
Ертеңге үмітті итердік.
Өкінішті біз әлі тіріміз...