ЖАНСАЯ МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

      1995жылы 24-сәуірде Қарағанды облысында дүниеге келген.Орта мектепті Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы,Өлгий қаласында бітірген.
   Аймақтық қазақ радиосында,телевидениясында диктор болып қызмет жасаған.Өлеңін жанына серік еткен аяулы ақын қыз 2017-жылдың қыркүйек айында дүниеден өтті...

Үш жасында аяулы анасынан айырылып қалған Жансаяның өлеңдері өмірдің өзіндей мұңды әрі сыршыл...Өмір жолы қысқа болды.Алайда,оның жырлары ғұмырлы болатынына сенеміз!


Көктемнің бозара атқан таңы еді,
Сəуір еді, дəл солай сəуір еді.
Мен мына дүние есігін ашқанымда,
Өмір келді, жоқ əлде өлең келді,
Бір-біріне алаңдап елеңдеді,
Аспан куə, тау куə, таста куə,
Маған тағы бір тағдыр ере келді!
Ол Құдайдың берген үлкен сыйы еді,
Қолдасын, қорғасын деп жиі мені.
Қуанғанда шаттықтан шашу шашсын деп,
Қамыққанда наз айтып мауқын бассын деп,
Жаратты оны менің серігім қылып.
Күз-ғұмыр сағынышта салқындасын деп,
Қыз-ғұмыр қызығында сенімім қылып.
Өлең болып ашылад(ы) жан сарайымда,
Өлеңге арнап əсем бір əн салайын ба?
Сол ғана баға жетпес бақ деп ерен.
Күйсандық пернесін дəл баса алсам екен,
Оған басқа қандай сый жасасам екен?!
"Өміріме əдемі өрнек сап берген
Өлең" деп алтын тасқа қашасам ба екен?!
Жалғаздықта жанымда болғаны үшін,
Суықта менімен бірге тонғаны үшін.
Бақыттың ашқаны үшін түндігін анық,
Күн боп шуақ шашқаны үшін жып-жылы жарық,
Мен ғана емес оны сүйеді елім.
Жүрегімді берейін мен жұлып алып,
Қабылда киелім менің!
Ол сенімен мəңгілік бірге соғады,
Ал пенде бұл пəнидің жүрген қонағы.
Бір күн менің жұмылад(ы) қос жанарым,
Білем артта дұшпанмен дос қаларын.
Бірақ менің жырларым өлмейді рас,
Сезем артта ескерткіш боп қаларын
Ол қайғы көрмейді рас, өрлейді рас.
Өлең менің жанымның дəруісің,
Басқа ештеңе керексіз, бəрі білсің!
Өткен өмір сабақпен берер үлгі,
Мен несіңе болжаймын келер күнді...
Мені емес, өлең қалің сұрар дала.
Өмірімнің өрнегі өлеңімді,
Аманат қыламын тек бір Аллаға!

                   * * *


Не мәні бар мына жалған бес күнде?!
Түн ортасы мазасыз күй ояумын...
Маңдайымнан сипамайды ешпенде, 
Естілмейді аяулы үн... 
Бақытымды қасірет кеп ұрлайды, 
Көктемімді солдырды өмір сары күз қып.
Ешкім сені түсінбесе шын қайғы,
Жалғыздық!!!
Кез болса егер солай сағың сынуы, 
Ащы дәм бар жабығудың жасында.
Бұл әлемнің бар мейірім жылуы,
Қабіріңнің басыңда.
Сағынышты ұялаттың санама,
Нұрың шашпай сөніп қалды көкте күн.
Жүрегімді жұлып алып жан ана, 
Өзіңменен неге алып кетпедің?! 
Мүмкін сонда мен бақытты болар ем, 
Мен бақытты болар едім жүрексіз!!! 
Басыма бақ өзі келіп қонар ең, 
Жалынышсыз, тілексіз...
Отырамын жоқтауменен жыр құрап, 
Сағынғанда басқа менде бар ма амал?!
Жүрек жылап, жанарымнан мұң құлап,
Деген сөзді сағынамын "қарғам-ау"...
Тағдыр тарам жолдарыңда тұңжырап, 
Дұға етемін күндіз-түні Алладан! 
   

                          * * *
Тыным таппай алға уақыт тек зулар,
Өткен шақта өкініш бар, өксу бар.
Балалыққа айтатын көп назым бар,
Көңілімде сағыныштан сазым бар.
Күліп тұрып бақытыма "қош" дедім,
Жылап тұрып батты кейін кештерім...
Сергелдеңге салып сезім азабы,
Жалғыздығым күрсініп жыр жазады.
Күнде орын алса қилы оқиға,
Асығамын мәңгі ғұмыр-бақиға.
О, дүние ол жақ маған тым ыстық,
Тек сол жақтан табатындай тыныштық...
Құрғыр ойлар маза бермей жаныма,
Жанарымнан моншақ тамды тағы да.
Несіңе мұнша тарыламын осы мен?!
Өмір тоқтап қалған жоқ ғой осымен.
Сағынышты ұялатқан санама,
Мүмкін бұл сор бақытыма садаға.
Қадамынды баса алсан рас күліп,
Алмасады жамандық пен жақсылық.
Қанша жүрек қайғырсамда дір етпес,
Қанша жүрек бақытыма тілектес?!
Қанша адам жылауымның себебі,
Қанша адам мені жақсы көреді?!
Ғұмырымды жалғастырып көрейін.
Өмір, өмір саған сірə не дейін?!
Тағдырымның алда талай жолы бар,
Өлмегенге өлі балық жолығар.

                  * * *

Ұмытайын мазасыз күн-түнімді,
Сұрасаңызшы жағдайымды бүгінгі.
Сізді қатты сағындым деп, тым қатты,
Айта салам мұңымды...
Жанарыма тағы моншақ тығылды,
Егер қазір сұрасаңыз сырымды.
Сізді көргім келіп кетті неге деп,
Айта салам шынымды...
Өмір жалған жалт етеді жасындай,
Жүрегімде бір өксік тұр басылмай.
Қазір менің халім жайсыз расында,
Айта салам барлығын да жасырмай!

                   
                    * * *
Менің əкем...
Ол мен үшін оянған,
Ұрпағына арналған бар ой, арман.
Етегіңе орала алмай анамның,
Қызың едім етігіңе оралған.
Менің əкем...
Ол мен үшін күн кешкен,
Мейірімімен қаталдығы үндескен.
"Құлынымды сақтай ғөр" деп дұға қып,
Бір кештерің алмастырған бір кешпен.
Менің əкем...
Өмір сүрген мен үшін,
Теріп жеген еңбегінің жемісің.
Жетімдікті жолатпадың жаныма,
Осы сенің жеңісің!
Менің əкем...
Үйреткен тек адалдык,
Сондықтанда мен көрмедім жамандық.
Бір Алладан тілейтінім күні-түн.
Асыл əке өзіңізге амандық!

                   * * *


Сізді күттім...
Бірақта келмедіңіз,
Әсем әнмен жанымды тербедіңіз.
Жаутаңдаған жанардың құпиясын,
Амал қанша жан аға сезбедіңіз.
Сізді іздедім...
Бірақта таба алмадым,
Келем дедің,келмедің тағы алдадың.
Сағыныштың құлыны сағым қуып,
Кетті жырақ,мен құрық сала алмадым.
Жооқ,жетеді!
Бұл сезімнен сақтанам,
Кешіріңіз,енді сізге жат болам.
Келмедіңіз,хабар да жоқ,хат та жоқ,
Мен шаршадым...
Басқа жаннан бақ табам!

                   * * *


Сүттен ақ,судан таза сен адалым,
Шарасыз күйде қалдым жоқ амалым.
Сыйдың ғой жұдырықтай жүрегіме,
Сыймадың өміріме неге жаным?
Неге жаным,не жаздық тағдырға біз,
Малынып қалды міне,жаңбырға жүз.
Жабырқаған,жалыққан енжар халде,
Отырмыз жалғыз,жалғыз...
Шаттықпен түңілігім түрілмеді,
Жарайды,солай өтсін күнім мейлі.
Ал,сен мені бақытты деп ойлайсын-ау,
Көлеңкемнен жылағаным білінбеді.
Сезіміме жақын да,жат та куә,
Бағынышпен бар қайғым басталуда.
Бөкентаудың басынан сәлем айтам,
Сағынышпен Алтайдың асқарына.
Саған деген махаббатым от шығар,
Мәңгілекке өтсек деп ем боп сыңар.
Айырылдық,енді мұны айтудың,
Еш қажеті жоқ шығар?
Өте берсін құлазумен уақытым,
Сен едің ғой,бар байлығым жақұтым.
Шын жүрекпен тілейтінім күні-түн,
Басқа қызбен бақытты бол,бақытым! 

                  * * *

Жүрегім жабығар, сағынар,
Сезімім тұншығады...
Өзіңсіз өмірдің не мәні бар?!
Құрысын бәрі!

                      * * *
Ұмытайын мазасыз күн-түнімді,
Сұрасаңызшы жағдайымды бүгінгі.
Сізді қатты сағындым деп, тым қатты,
Айта салам мұңымды...
Жанарыма тағы моншақ тығылды,
Егер қазір сұрасаңыз сырымды.
Сізді көргім келіп кетті неге деп,
Айта салам шынымды...
Өмір жалған жалт етеді жасындай,
Жүрегімде бір өксік тұр басылмай.
Қазір менің халім жайсыз расында,
Айта салам барлығын да жасырмай!

                              * * *
Ешкімге өміріме кел демедім,
Ешкімге өмірімнен кет демедім.
Жалғыздық соқпағында сеңделемін,
Бәрін де жек көремін!
Мен осы неге жиі қиналамын?!
Жүрегіме өксік кеп жиналады...
Ешкімге де мен бақыт сыйламадым,
Ешкім де маған бақыт сыйламады...
Мұңайып батқан кеш қандай?!
Аспанда ай жабығады екен...
Хабарсыз кетсем ешқандай,
Мені біреу сағына ма екен?!
           
                     * * *
Жалғыздықтың жабырқау елесінен,
Арыла алмай келемін неге осы мен?!
Қашанда серік болып мұң жаныма,
Сағыныштың отырам шырмауында.
Мені ешкім баспады бауырына,
Төздім жалғыз сынақтың ауырына.
Қайғы көп боп басымда үйірілген,
Басқаның ойламаппын күйін мүлдем.
Талай жанның жүрегін жараладым,
Үміттердің сөндіріп сан алауын.
Ешбір жанға сенбедім, ұнатпадым,
Жақыннан да жаттан да жырақтадым.
Мен ешкімді сүймеймін бір білерім,
Махаббатсыз, сезімсіз мұз жүрегім.
Жараланған пəс көңіл құрау мына,
Күлуді де ұмыттым, жылауды да.
Өмірден мұң болсада тек көрерім,
Қағидамнан айныман серт беремін.
Қаталдаумын білемін белгілі ғой,
Арыммен ғұмыр кешу мендегі ой...
Басқалардай бақытқа жету үшін,
Айланың жасай алман не түрлісін.
Жасандылық туғаннан жанымда жоқ,
Жалған сөйлеу, жат қылық қанымда жоқ.
Мен өзгермей өткізем күнімді əлі,
Бірақ өмір күн сайын құбылады.

                      * * *
Oртасына орап ап сан күдіктің, 

Қояды кейде өмір жас жанды қинап. 
Қайыры болады сенем әрбір істің, 
Әлхамдүлилләһ!       

                 * * *

Жақұттар тамса жанардан,
Адастыратын іздермен кетем...
Ғайып боп кетсем ғаламнан,
Мені біреу іздер ме екен?!
Еех, қайғы-мұң тербесе жанды,
Толып алады кеш күмәндарға.
Кеткім келеді келмеске мәңгі,
Керексіз болсам ешбір адамдарға!

       * * *

Жұдырықтай жүрегім-ай жұлқынып,
Ауыр қайғы көтерген.
Мөлдіреген жанарыма мұң тұнып,
Өткен күндер бекер ме ең?!
Арманымнан үзіліп бар күдерім,
Қабағымды аштырмаған ғұмырым.
Менің жалғыз...
Жалғыз ғана білерім,
Бұл өмірдің басы да мұң, түбі мұң!

                     * * *
Тағдырымда қасірет,ғұмырда мұң,
Мейірімнің шуағына жылынбадым.
Жабырқаған жанымды жұбата алмай,
Шыныменен құрып отыр бүгін халім...

                     * * *
Күтумен махаббаттың мол хабарын, 
Асығып телефонды қолға аламын. 
Бір қуанып қалуға себеп болар, 
Неге маған жалғыз хат жолдамадың?! 
Халіңді білгім келіп сұрай алмай, 
Төзімім таусылады шыдай алмай...
Сені іздеп кеткім келеді дала кезіп, 
Отырмын күле алмай, жылай алмай.
Өзің деп асқақтаса асқақ арман, 
Сағынып үзіледі жас жанардан. 
Сол сәтте хатта келді, кімнен екен?! 
Өкінішті сен емес басқа жаннан.

                           * * *
Өзіммен өзім болайын, 

Бәріненде сол жақсы! 
Тумады әйтеу оң айым, 
Алдымда тарам жол жатты... 
Жанымды ұқпас жандардан, 
Жырақтайын тым алыс. 
Әрбір атқан таңдардан, 
Асыға күтіп жұбаныш... 
Басымнан бір күн кетер дау, 
Күйбелең тірлік көп кезең.
Мұңыма куә Бөкен тау,
Сырыма куә Қобда өзен.  

           * * *     

Жер де көк те күрсінді,
Жүрегім-ай неге тыным таппадың?!
Жаулап алды жанымды бір үнсіздік,
Жан боп барам жатбауыр...
Жалғыз өзім тағдырыммен егесті,
Жалғастырдым болғаннан соң тірі адам.
Жақсылықпен, жақсы үмітпен емес мен,
Жылауменен жұбанам!
Осындай күйімнен жасыдым,
Мойынға артылған жүк күшті...
Үмітпен иірген асығым,
Бүк түсті...
Өтер жыл, өтер ай, өтер күн,
Күрсініп қоямын аһ ұра.
Жалғыздық жайлаған мекеннің,
Сіңісіп барамын құмымен тасына.

                     * * *

Бес күн ғұмыр құның маған бір тиын, 

Қызықпаймын мәнінеде, сәніне! 
Сізсіз маған мына өмір тым қиын, 
Төзем бірақ бәріңе... 
Қалай қарғыс айтам көрген күніме, 
Мойыныма бір ауыр мұң жүктеймін... 
Асықпаймын телефонға жүгіре, 
Ешбір хабар күтпеймін! 
Демеймін енді жанарларым жасқанар, 
Бұрынғыдай қабағыңды бақпаймын...
Егер мені ренжітсе басқалар, 
Мен мұңымды сізге келіп шақпаймын!
Қарамаймын жолдарғада келер деп, 
Оралмаймын біз кезіккен сол баққа. 
Домбыраның үні естілсе елендеп, 
Сізбе екен деп бұрылмаймын ол жаққа!
Жан жарамды жазады білем жыр-емім,
Сағыныш-бұлт торлап алса көгімді.
Күле салам жыласада жүрегім,
Сүре салам бақытты боп өмірді.
...Тек ғана,
сізді ұмыту тілегім!


             

                      * * *
Жолдарымыз тоғыстырмады,
Сондықтан тағдыр табыстырмады.
Білемін бізге сый қылмақ қатаң.
Өмірдің неткен соры қалың ед?! 
Жабырқау жаным торығады көп.
Көзімді жұмып ұйқыға батам,
Түсімде сізге жолығармын деп.

                  * * *


Бар серігім бұл пәни бес күндегі,
Ән-жырымнан әлденіп қуат алам.
Бауырына баспасада ешкім мені,
Өзімді өзім әйтеуір жұбата алам!
Ептеп өмір сүрермін біледі ішім,
Жасандылық жайлаған бұл ғаламда.
Жоқ болсада ешқандай сүйенішім,
Мен өзім-ақ жүре алам шырғаланда.
Шырғаланда жүре алам, талай жүргем,
Бірақта сынағынан жеңбедім ғой.
Қорыққанменен талай күн, талай түннен,
Үмітім бар жүректе пендемін ғой!
Үзілмесін үмітім бар тілегім,
Қасіреттің қаралы жерленсін әні.
Дұға етеді жылаумен жан жүрегім,
Өзгерсін бәрі!

             * * *


Оу,өмір-ай бұлдыраған сағым боп,
Тым алысқа жетелер.
Басқа жанды тапсаң егер бағым деп,
Жолың анау,кете бер!
Көңіліңнен сызып таста атымды,
Жүрегіңе қадалмасын жебелер.
Басқа жанға жаза бергің хатыңды,
Мейіріміңді төге бер!
Оған бола түсірмеспін еңсемді,
Оған бола жанар қалмас тұнжырап.
Саған айтар өтінішім ең соңғы,
Менен енді жүр жырақ.
Сенім тұрсын жүрегімде жоғалмай,
Ұмытылар,ұмытылар мол жәйіт.
Өміріме тағы қайта оралмай,
Мәңгілікке бол ғайып!

                 * * *
"Құрбыға хат"
Сәлем жаным, жақсыма қал жағдайын,
Ол жақтағы ел-жұрт, аман-есенбе?!
Жүректегі жақыным сен ардайым,
Жүрсек дағы екі елде...
Естен кетпес бірге өткен әрбір күн,
Бөкентаудың тасы әндеткен бізге еріп.
Қобда өзеннің жағасында жалғызбын,
Біз жүрген бақ жабырқайды күз келіп...
Бұл әлемде артық жан жоқ өзіңнен,
Сенсіз өткен өмірімнен жасқанам...
Бар мұңымды ұғушы едің көзімнен,
Мені қәзір түсінбейді басқалар!
Сынақ-тағдыр, сан ұттық та ұтылдық,
Бақ тауармыз Алла жолды оңдаса,
Менде құрбым, бәрі жақсы шүкірлік,
Тек өзіңді сағынғаным болмаса.

                    * * *
Сезім ғана жүректердің сенгені,
Тағдыр қарсы, қарсы бізге адамдар...
Қалдырмашы... 
Қалдырасың жалғыздықта сен мені,
Басқа қандай шараң бар?!
Солай, солай менде де жоқ амалым,
Өмір айтты бізге сондай тоқтамын.
Елжіреумен, мөлдіреумен қарадым,
Қош деп айтар жоқ хәлім.

               * * *
Жабыққанда жылы сөз жолдағанда сіз,
Қамыққанда дем беріп қолданғанда сіз.
Ұмытылып кеткендей сірə қайғым...
Тілегіңмен көңілім болған алаңсыз, 
Сіз жылама дегенсіз жыламаймын!
...Ешкімнің де бақпайын қас-қабағын,
Сіз барсыз ғой несіне жасқанамын?!
Сіз барсыз ғой сондықтан бұл жүрегім,
Мүлде қажет етпейді басқаларын!

                          * * *

Ешкімніңде зауқы жоқ сыр ұғуға,
Назымды тыңдайды кім?!
Қамшының сабындай-ақ ғұмырыма,
Қалған-ай симай мұңым.
Алдан нұрын шашпайды арайлы арман,
Күйбен тірлік күлдірмес азабы айқын.
Жалықтым санамдағы сан ойлардан,
Маза бермей күн-түні мазалайтын.
Ай қарайды жабығып кеш ғұрым кеп,
Отырам қасіретті қарсы алумен.
Жаныма демеу болар ешкімім жоқ,
Шаршадым мен!!!
Мына өмір қатыгез түсінгенім,
Мейірім жоқ, адам жоқ құрақ ұшқан.
Бар мұңымды ұмыту үшін менің,
Кеткім келіп жүрген-ай тым алысқа.
Тура жолдан жүрсемде айырылмай,
Сағымды сындыратын сынақ таптым.
Қайғымды тастайында қайырылмай,
Кетейін жырақтап тым!
Кеткім келіп жүр менің тым алысқа...

                         * * *

Жат емес бұл көше, жат емес бұл ауыл, бұл өлке,
Қобданың сыңғыры жанымды баурайды тым ерке.
Бөкентау басынан көшеді бұйра бұлт бұлыңғыр,
Өткенмен кеткенің жыр ете.
Өткен күн-өгей күн, өксіттің өзіңе өкпелі ем,
Шектеусіз қайғыны шер толы жүрекке төккен ең.
Бастағы бармақтай бағымды келмеске əкетіп,
Жаныма мəңгілік жара сап кеткен ең.
Неліктен тағдырым қойды екен осылай шерлі қып,
Терезе алдында тұрамын сырт жаққа телміріп.
Көгілдір көктемде көсегем көгере алмады,
Білемін жазда да жалғанбас енді үміт.

Жанымды жұбата алар неткен құдыретті,
Жарқыраған жұлдыздан асқан ба ғажап!
Көктен Құдай берердей күткен тілекті,
Кеш болса әйтеу отырам аспанға қарап...
Қолым жетпес бақытым,
Не дейін оған?!
Аспандағы айымның сынбасын сағы.
Жүрегіммен жыр оқып берейін оған,
Тып-тыныш тыңдасын бәрі!
Түнмен бірге жанымды тілімдеді мұң,
Сағыныш сазы естіліп күзгі бақтардан.
Дір етеді жүрегім, күбірлеп ерінім,
Шын тілеп қоямын жұлдыз аққанда.
Мүмкін мәңгі осылай елеңдеп өтем,
Шуағы қашан шашылад(ы) таңымның ізгі,
Қабыл болып тілегім көрерме екем,
Сағындым сізді.

                * * *

Айыра алмай өмірдің ақ пен қарасын,
Таба алмадым жақынмен, жатпен жарасым.
Жабырқаған жанымды ұғар ең менің, 
Сен жанымда болсаң ғой әттең, Анашым!  ЖАНСАЯ МҰРАТБЕКҚЫЗЫ.