Азамат Əбілқайыр
Өткен күндер оралмайды өлген күн!
Мен сен үшін бәріне де көнгенмін.
Сені күнім жамандыққа қия алмай
Қайта айналып келеді деп сенгенмін.
Сенген едім...
Өтті бәрі.
Сәт қалған...
Не бар сенде сол кездегі шақтардан?!
Көзімдегі кермек мұңға ұласты
Өзімдегі өзім білген тәтті арман!
Менсіз сезіп қоңыр күздің салқынын,
Мұңайдың ба, күрсіндің ба жарқыным?!
Жалғызсырап жүрсің-ау сен жырақта
Өзіңді ойлап менде жаным жалқымын.
Мен де сендей сезімімнен жеңілгем
Мен де сендей сүйіп тұрып жерінгем!
Білу үшін кімнің қандай екенін
Қандай ғажап ақымақ боп көрінген.
Гүлдей болып құшағыңды жайғанша
Өкініш қой ол өзге деп ойланса!
Өкініш қой ең аяулы адамың
Жек көретін адамыңа айналса!
Оралғым келді
Гүнай Текин
Өшіріп ап пəк сезімнің шырағын,
қурап қалды көңіл шынарым.
Бар менің де содан бері өмірге,
Қоятұғын жүректегі сұрағым.
Өмірдің заңы шығар, мезгілсіз түскен жапырақтай күз соңын тоспай қоштасу. Сізбен біз екеуміз ерте дəл шынар ағашының жапырағындай ерте қоштастық. Оңай болмады. Мен сіз ойлағандай сізден безіп яки жеріп кеткенім жоқ. Мен сүйудің мəнін толық білмей тұрып-ақ, жүрегімде сіздің есіміңізді əлдиледім. Сендім! Сүйдім!
Бар болғаны тағдырымның тауқыметін сізден жасырғым келді. Сізге жүрегімнің жырым-жырым жарасын көрсеткім келмеді. Жадыңызда тек жйраңдап жүрген қалпым қалса дедім. Анығы, өзге түгілі өзім өзімді сізге лайық санамадым.
Жүрегіме ақ қанат ақ қар сезім орныққан күнге разымын. Алайда, сол сезімім үшін талай ауыр сөздерді есітіп, талай таяқ жедім. Көңілімдегі сезім отын сөндіргім келмей сандалдым.
Шындықты жазар сəт келді. Бəрін жазам. Сізге мені жек көрінішті қылған кім еді? Өгей анам емес пе?! Сізге бəрін əу баста түсіндіруім керек болатын. Рас, ол кісі мені жеті жасымда балалар үйінен асырап алған-тын. Əкемді білесіз. Кісіге артық сөзі жоқ адам. Момындығынан бəріміз анамның ығымен жүретінбіз. Анамның ылғи сізге жымиып қарағанымен, ішінде арамдықпен құрылған өз есебі бар болатын. Сіз маған жақындаған сайын ол кісінің ашуы үдей түсетін. Ешқашан сізбен кездесуімді қалаған емес. Ылғи бірдеңені желеулетіп сыртқа шығып, сізбен жолығатынмын. " Лайық емессің" дегеннен басқа аузынан бір жақсы сөз естімедім. Он бес жасар үй-күйі жоқ жас қыздың сезімге еруге ол кезде қақысы жоқ еді.
Биігім!
Жаңылған екенмін жазғырып босқа,
сеніппін тым ерте жалғаншы досқа.
Ұмытты дегенге сеніппін құлай,
жүрегімді аямай тастап отқа.
Сізді басқаға айырбастамақ түгілі, сізді ойламай бір сəтім өтпеді. Əрбір көшеде ұшырасқан адамның жанарынан сіздің жанарыңыздағы мөлдірлікті іздеумен болдым. Мен сіз үшін жоқ болдым. Жоғалуға тиіс болдым. Тағдырымның талқысынан жалқы өтуім керек болды.
Тамыздың екісі. Сіздің туған күніңізге бір күн қалғанда мені анам ағасының үйіне қуып жіберді. Себебін өзім де əлі күнге дейін анық білмеймін. Анам мені ешқашан қасынан алысқа ұзатқысы келмеген болар деп, өзімді алдап қоямын. Ол кісіні де түсінгім келеді. Қарттық күшін алғанында қарасар адамының қасында болғанын қалағаны айып па? Əрине, айып емес. Сізге не дегенін білмеймін?! Мүмкін, сізбен қосылуыма қарсылығының басқа да себептері бар ма?
Жұмбақтан жұмбақ туып, санама сауал маза таптырмай қажытты.
Сіз мені тосқан екенсіз!
Үміттіңізді желкен етіп тосқанда келе алмаппын-ау!...
Білмедім,
болмады еш хабарым,
шағалалар, неге хабар салмадың?
Сағым уақыт екеумізді екі жақта алдады,
Оралуды ойланғанмен сан рет,
əттең ойымдағы болмады.
Оралам дедім, оралуға кеш секілді көрінді. Мінер пойызынан кешіккен жолаушы пойызды жалаң аяқ қуып жете алмайды емес пе? Солай- солай! Жалғыздыққа үйренуге бел будым. Күн артынан күн зулады, ай артынан ай зырлады.
Жайдары жанымның жаққұт күлкісін сіздің қасыңызға қалдырдым. Ескі күндердің тəтті естелігін де ұры күн ұрлап кеткісі келеді. Оңаша қалсам, ойымнан он бес жасар сіз шықпайсыз. Мені жамандыққа қимайтыныңызды білем. Рақмет, биігім! Сезімін сетінетпеген жандардың жанары мəңгілікке таза болады деседі. Жанарыңыздағы мөлдірлік жоғалмасын! Жадымда мөлдір жанарыңызды мəңгі сақтауға сөз берген едім ғой. Сөзім де тұруға тырысып келем.
Мазасыз ойлар мұңайтып, көңілдің кірбіңі күрсінтіп, тірлігімнен мəн жоғалған сəттер де сізді қатты сағынам!!!...
Аударма Мейірхан Мейрамбекұлы