Фариза Амангелдіқызы

Үлкен қызы келіп Ақтотыны ауруханаға алып барды. Сүйінші  хабар естіген екеуі дереу үйге қайтты. Қайын әпкесі әкесінен сүйінші сұрады.
 
- Сүйінші папа, жақында немерелі боласыз бұйырса.
- Ой айналайын қалағаныңды берем сүйіншіңе, - деп қызының бетінен сүйді.
  Анасына қуана жеткізген хабар онша ұнамады. Құтты болсын деп қысқа қайырған анасы өз тірлігімен әуре болып кетті. Ақтотының қуанышында шек жоқ. Кешке Жасұланға сүйіншісін қалай айтса екен деп ойлап жүр. Бірақ Жасұлан бүгін де сау келмеді. Үсті-басы малмандай су, әбіржулі жүзбен келді. Ақтоты есіктен күтіп алып бөлмесіне алып кетті. Киімін шешіп төсегіне жатқызады да, ренжулі жүзбен жарайды ертең айтармын деді. Ертеңіне таңертең Жасұланды еркелеп оятқан келіншегі құлағына сыбырлап:
- Енді сені "папасы" де оятамын,- деді.
- Не дейсің?- деді ұйқылы-ояу Жасұлан.
- Не естісең сол.
- Рас па?- деп орнынан атып тұрған Жасұлан келіншегін құшақтай алды.
- Бірақ, бір өтінішім бар.
- Ол не? Айта ғой.
- Енді ішімдік ішпеші жаным.
- Жарайды, ішпеймін енді мүлде,- деген Жасұлан достарымен қуанышты хабарды бөлісуге кетті. Кешкісін әдеттегідей сылқия тойып келді. Ішкен кезінде ешкімді тыңдамай кететін әдет шығарыпты. Уәдесінде тұрмаған Жасұлан күннен-күнге тіпті өзгеріп кетті.
Жақында балалы болатыны да оны тоқтата алмады. Себебі, сау кезінде анасы тыныштық бермейді. Ақтотыны жамандағаны-жамандаған. Содан соң Жасұлан құлағының тыныштығын көздеп әдейі ішіп келеді. Осылай жұмыстан да айырылды. Ақырындап әкесінің қалтасына қол салып үйреніп, араққа ақша алып кететін болды. Бірдеңе десе Ақтотыға дүрсе қоя береді. Анасына деген ренішін келіншегінен алады. Соңғы кезде тіпті қол көтеріп те үйренді. Ондай күндері әкесінен сөз есітсе, анасының айызы қанғанын көріп ашулы жүзбен шығып кетеді. Неге ұрасың Жасұлан мені? Жазығым не? Балаңды көтеріп жүргенім бе? Әлде үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүргенім бе?- деген сұрақтарына еш қымсынбастан:
- Айғаным ханым риза болсыншы. Осыны қалап отыр ғой деп, - тағы да қол көтереді.
  Бір күні кешкісін тамағың дәмсіз деп тиіскен енесімен Ақтоты ренжісіп қалды.

- Мына бишараның тілі шығайын депті ғой, о бишара саған сөйлеуді кім қойды? Жап аузыңды.
- Тілімді шығардыңыз ғой өзіңіз. Үндемей жексұрын болып таяқ жегенше сөйлеп, айыбыңызды бетіңізге айтып жексұрын болайын да. Еш жақпай қойдым. Отырсам опақпын, тұрсам сопақпын. Жасұлан да ішімдіксіз жүрмейтін болды сіздің кесіріңізден.
- Сен не де оттап тұрсың? -деп енесі жанына жетіп келді. Міз бақпаған Ақтоты қатты ренжулі еді. Осы уақытқа дейін бәрін ішіне жинаған Ақтоты бүгін бәрін сыртқа шығарды. Оған қарап тұратын ене ме? Ішіндегі баласына дейін балағаттап, менің немерем емес, біздің тұқымымыз емес балаң деді. Есіктен кіріп келген Жасұлан мына сөздерді естіді де мас күйінде Ақтотыға тап берді. Әбден ұрып соққан ол тәлтіректеп барды да төсегіне құлай кетті. Ертеңіне не болғаны есінде жоқ, Ақтотыны іздеді. Көрінбейді. Сыртқа шықса қора жақта малдың астын тазалап жүр екен. Бет-аузының сау тамтығы қалмаған. Ерні жыртылып кетіпті. Жүгіріп барған Жасұлан кешірім сұрап Ақтотыны айналшықтап жүр.
  Бірақ бұл тек басы ғана еді. Күнде кешірім сұрап, кешкісін аяусыз ұрып-соғу әдетіне айналды. Ішіп алса Ақтотыны көргенде "менің балам емес" деген ой сап ете қалады. Содан соң жұдырығын ала жөнеледі. Көктем аяқталуға жақын. Жаз келе жатыр. Айы-күні жақын отырған Ақтоты бүгін тағы да Жасұлан кешіккенін сезіп жаны тынбай отыр. Ішіп келетін шығар деп ойлады. Соңғы күндері жүйкесі сыр беріп, оның үстіне соққы көрген соң ба іші дызылдап көп ауырады. Сиыр сауып отырып кіші дәрет жіберіп қойғандай болды. Дәрігер қабылдауында болған кезде, баланың айы-күні жеткенде су кетеді деген еді. Сондай шығар деп етегіне қараған Ақтотының көзі шарасынан шығып кете жаздады. Қан саулап жатыр. Ары қарай ештеңе есінде жоқ. Көзін ашса аппақ бөлмеде жатыр. Ақ киінген мейірбикелер жанында жүр. Томпайған іші де жоқ. Еміс-еміс елес болып, қайта талықсып кетті. Осылайша екі күн ес-түссіз жатқан ол үшінші күні көзін ашты. Қайын әпкесі жанында отыр екен. Не болғанын сұрап еді:
- Ақтоты, бірақ ашуланып шу шығарма жарайды ма?
- Не болды?- деп басын жастықтан жұлып алды.
- Не ғой... Бала өлі туылды...- деді жүзіне төмен салып.

Бар жағдайды естіген Ақтоты бір сәт өз-өзіне келе алмай жатып қалды. Тоғыз ай жүрегімнің астында алып жүрген бауыр етім тастап кетті. Қалайша? Ешкім мені түсінуге тырыспағанда, ешкім мені адам деп санамағанда сен ғана тыңдадың ғой мені балам, күнім болып таңымды атырасың деп үміттеніп жүргенде сен де мені тастап кеттің бе?- деп жылаған Ақтоты езіліп кетті. Қайын әпкесі жұбатқанымен ол да түсініп отыр, өте ауыр тиетінін.
  Ақтотының артынан ешкім іздеп келмеді. Жасұлан баласынан айрылғанын есітіп ішіп кеткелі үш күн болды әлі жоқ. Анасы не қуанбайды, не өкінбейді ештеңе болмағандай күнделікті өмірін сүріп жүр. Қайын атасы ғана келіп жағдайын біліп, шығатын күні алып кетті. Үйге келген соң да бүк түсіп жатқан күйі тұрмады. Ертеңіне енесінің дауысы оятып жіберді:
- Тұр орныңнан, жалғыз сен бе баласынан айырылған. Барлық қатын айырылады әйтеуір бір баласынан. Тіпті бауыр басып емешегің езілердей көрген де жоқсың ғой. Енді сенің балаң өлді екен деп тірлікті мен істеуім керек пе?- деді айғайлап.
- Шамам келер емес,- деді Ақтоты әлсіреп.
- Сенікі жәй тірліктен қашу,- деді енесі.
  Орнынан атып тұрған Ақтоты оқты көзімен қадала қарап:
- Тыныштық бересіз бе, жоқ әлде...- деді көздері қанталап шарасынан шыға. Қорқып кеткен енесі үнсіз шығып кетті. Кешке Жасұлан келді. Түрі адам көргісіз. Даланың бомжы болыпты. Айғаным жылап күтіп алды. Немересінен айырылғанын бір айтып, оның жоқтығына басу айтуға кіріп келінімнен ұрыс естідім деп өтірікті тағы айтып жыламсырады. Асыға басып бөлмесіне кірген Жасұлан өзі әрең жатқан Ақтотының шашынан қайыра ұстады да, сүйреп анасының алдына алып келді.
- Мамам немеремнен айырылдым деп жылап отыр. Неге айқайлайсың? Туа алмайтын болсаң неге үміттендіресің бізді? Кет жоғал, маған балаларымды туылмай тұрып өлтіретін қатын керек емес,- деді де тепкен күйі есіктен бір-ақ шығарды. Қақпаға дейін бір теуіп, бір сүйреп барған Жасұлан Ақтотыны қақпадан шығарып жіберді де тәлтіректеп үйге кірді.

 Ықылық ата суды шелегімен көтеріп ішкен ол бөлмесіне кіріп сүріне-қабына диванға әрең барып етпетінен жатқан күйі ұйықтап кетті. Қайын атасы келген соң келінінің жағдайын сұрады:
- Келін қалай? Жағдайы дұрысталды ма?
- Сүйікті келінің жоқ. Жасұлан жақпай қалды ма кім білсін, кетіп қалды.
- Кетіп қалды ма, әлде қуып жібердіңдер ме?
- Сірә, жаның ашып бара жатса іздеп тауып, жағдайын сұрап қайт та онда,-деді бедірейген күйі. Үнсіз орнынан тұрған қайын атасы қақпаға беттеді. Көшеге шығып, ары-бері қарап еді көрінбеді. Әпкесінің үйінде болар деді де, үйге кірді. Кешкі астарын ішіп жатып қалды. Таңертеңгісін әкесі Жасұланды жұлқылап оятты:
- Тұр қане, келінді көріп қайт. Түнде келмеді. Әпкесінің үйінде ме екен?
- Ақтоты ма? Қайда кетіпті?- деп орнынан тұрды. Түнде не болғаны тіпті есінде жоқ. Әкесі таңғы асқа дейін малдарды жайғап келейін деп мал қораға кірді.
- Жасұлаааан!- деген әкесінің қатты айғайлаған дауысын естіген Жасұлан жүгіріп шықты. Қора жақтан шыққан секілді. Жүрегі қатты дүрсілдеп, бірдеңені сезгендей. Сүріне-қабына қораға кірді. Әкесі салбырап тұрған Ақтотыны аяғынан көтеріп тұр. Бірақ, бәрі кеш еді, тым кеш...
  Түндегі оқиғадан соң Ақтоты ешқайда кетпей қора жақпен айналып кіріп мал байлайтын пресс жіппен өзін-өзі асып қойған екен. Жасұлан әкесімен бірге екеулеп жүріп шешіп алды да, жерге жатқызды. Көкпеңбек боп бүкіл денесі көгеріп кетіпті. Мұп-мұздай. Жасұлан жылаған күйі жерге отыра кетті. Анадай жерде ақ қағаз жатыр. Қолына алған Жасұлан оқып отырып көзінен аққан жас бетін жуып тоқтар емес. Ал қағазда мына жазу жазылған екен:
  Енді менің жай-күйім, халім мынау,
  Жан-жағымнан харамдықпен жабылдың-ау.
  Қош бол енді, бейітіме келіп тұрғын
  Қадірімді білмеген қадірлім-ау...

Ақтотының жаназасында әпкесі қатты жылады. Осы үйді кінәлап жылады. Оны бүкіл ауыл құптағандай үнсіз. Себебі бәрі оның рас айтып отырғанын біледі. Бірақ бәрі іштей тынады.
  Ауруханада жатып өткен өмірін көз алдына келтіріп жатқан Жасұлан сүйіктісінің өліміне тек өзін кінәлайды. Ақтотының обалына қалдым дегеннен басқа ешнәрсе миына келер емес.

Соңы...