Құндыз бөтен жер болған соң көңілі босап жылауға шақ қалды.
- Балам -ау, қазір шілденің кезі. Күн болса ыстық. Түсте сыртқа шығу мүмкін емес. Таңертең ертемен тұр да тірлігіңді бітіріп түсте ұйықтайсың. "Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық" деген.
Біз не айтсақта саған жақсы болсын деп айтамыз. Міне Әсем келіннің осы үйге келін болғанына алты жыл болды. Алты жылда бір рет болсын мені жаман атқа қалдырған емес. Үлкенді де ,кішіні де тыңдап, сыйлай біледі. Біреудің айтқан ақылын тыңдай білу тәрбиеліліктің белгісі. Айналаңдағы адамдардың пікірін тыңдап санаса білсең ғана, білмегеніңнен білгенің көп болады. Өзгенің сөзін менсінбеу өзімшілдік адамзаттың қас жауы. Кім сөйлесе де үндемей тыңдап, қажет жерін есіңде сақтауға тырыс. Жеңгеңнен үлгі алуға тырыс.
- Апа кешіріңіз мені.
- Міне енді дұрыс болды. Енді бар ,ана қора жақта жүрген атаңа алды мен сәлем салып, сосын шайға шақыр.
- Жарайды апа.
Құндыз енесінің айтқанындай жасады. Бәрі жиналып өз қолымен бәріне шай берді. Ыңғайсызданып шай іше алмады. Әсемнің де ұлы Мақсат ұйқысынан оянып еркелеп жылап анасына шай ішкізбеді. Келіндер өздері шай ішсін деп бәрі тұрып тірліктеріне кірісіп кетті. Екі абысын өздері оңаша отырып шай ішіп әңгіме дүкен құрды.
- Құндыз жаным ,сен әлі жассың. Үйренерің көп. Апам өзі сондай ашулы қатал болып көрінгісі келгенімен ,жүрегі жұмсақ адам. Алты жыл бойы қанша ұрысса да жамандыққа қиған емес. Жоқ затымды айтқызбай -ақ алып береді.
Екі қызға да осы күнге дейін маған қарсы ауыз ашқызған емес. Тіфәй- тіфәй қыздардың да бір жаман мінездері жоқ. Жеңге- жеңге деп үнемі сыйлап келеді. Арамызда осы күнге дейін ұрыс- керіс болған емес. Екеуін де сіңілімдей көремін. Бикеш тұрмыста. Үйлі жайлы. Кішкентайы қырқынан шықпаған соң беташар тойға келе алмады. Бірер айда қыдырып келіп қалар. Ерке қыз студент. Оқуына барады, келеді сонымен әуре. Атаммен біздің үйдегі қайны ағаңның ауыздарынан артық сөз шықпайды. Сұрақ қойып сұраққа әрең жауап аламыз. Ал қайнымның мінезін өзің жақсы білерсің. Енді бұл сенің де үйің. Емін- еркін қысылмай жүре бер. Бір нәрсе қажет болса қиналсаң маған айт. Өзім бәрін үйретемін. «Абысын тату болса ас көп »- деген.
Осы үйдің берекелі, мерекелі болуы екеумізге байланысты. Біз тату болсақ осы әулет, мына екі ағайынды тату болады. Әпкелі сіңлілі болып сырлас, мұңдас болып жүрейік. Айтқандай менің Нұрасыл балам кішкене еркелеу. Әбден күттіріп төрт жыл дегенде дүниеге келген. Ата- апасы әкесі, аға әпкелері әбден еркелетіп жіберген. Кішкене бұзықтығы бар. Көңіліңе тиер іс жасап жатса ренжімеші өтініш. Өсе келе есі кірер деп үміттенемін.
- Рақмет жеңге.
Құндыз абысынының сөздеріне мән бергендей сыңай танып күлімсірегенмен, іштей сол баяғы әдеті, өзім білем деп отыра берді. Әсемнің сөздерін елеп ой елегінен өткізген де жоқ. Кіммен сөйлессе де Әсемді мақтайды. Сондай бол, содан үлгі ал дегені деген. Бұл сөздер іші тар Құндыздың ашуына тиетінінен бәрі бейхабар еді. Үнемі Әсем мен есептесе тірлік жасап жүрді. Одан кем болмаса артық тірлік жасамайтын. Нұрлан өзі сондай балажанды болатын. Нұрасылдан ештеңесін аямай күнде кешкісін пәкетін көтеріп дүкендегі бар тәттіні көтеріп келетін. Көлігіне мінгізіп ауыл ішін бір аралатып сосын ғана шай тамағын ішетін. Ал бұл жағдай Құндызға мүлде ұнаған емес. Соның кесірінен екеуі талай ұрысып та қалды. Түні бойы шаршап шалдығып келген Нұрланның миын жейтін.
- Ақшаң көп қой ия. Нең бар соншама зат әкеліп?
- Әкелсем не болыпты? Бала емес пе? Жесін, ішсін.
- Өзінің әке шешесі бар емес пе? Солар алып берсін?
- Жаным ,маған ешкім сен әкел деп міндет артып қойған жоқ. Өзім солай қалағандықтан жасап жүрмін.
- Оданда сол ақшаны маған берсең болмайды ма?
- Құндыз, беріп жатырмын ғой саған да.
- Ана ағаңа ,қарашы…
- Жетер енді. Әбден мезі еттің. Ағаң апаң, женгең, деп. Менің отбасы мүшелерім жайлы бір ауыз жаман сөз айтар болсаң...
- Не істейсің? Ұрасың ба? Ұр кәне…
- Құндыз мені мәжбүр етпе…
- Ұр ,деймін кәне.
Нұрлан ашуға бұлықты. Бұл жағдай алғашқы рет емес еді. Үнемі өзін ұстай алатын жігіт бұл жолы ашумен әйелінің жағынан салып жіберді.
Құндыз дереу киімдерін киіп кетемінге салды.
- Қайда барасың?
- Үйіме кетемін..
- Өзің ғой мені осыған мәжбүр еткен. Неге мені түсіне алмайсың? Ағам өзі оқымаса да мені оқытты. Өзі мінбеген көлікті маған алып берді. Ағам үшін не істесем де артық етпейді. Маған жасаған жақсылықтарының жанында Нұрасылған алып беретін тиын тұратын заттар түкте емес. Түсінсеңші.
- Мен де адаммын ғой. Сенде мені түсін. Менің де қолымда ақша болғанын қалаймын. Ары бері көшеге шыққанда бір нәрсе жегім келеді.
- Беріп жатырмын емес пе? Сол саған аз ба?
- Ол ақша неге жетеді дейсің?
Нұрлан ашу мен жарына қол көтергені үшін ыңғайсызданып. Жанын қоярға жер таппай, оны риза ету үшін бар талабына келісті. Негізгі мамандығы программист. Қалада шағын дүңгіршегі бар. Сол жерде ұялы телефон жөндеп, программалар орнатып халыққа қызмет көрсетеді. Бұзылған телефондарды алып жөндеп сатататыны тағы бар. Күнделікті отыз мыңнан кем таппайды. Ағасы Бағлан болса құрылысшы. Қолынан келмейтіні жоқ. Қасында екі жолдасын ертіп шағын бригада болып тапсырыс қабылдайды.Жұмысы ауыр болғанмен табысы соған лайықты. Үй соғу оған түкте емес. Биік шатыр үстінде өрмекші адамдай жүре береді.
Ауылда біреудің үйін соғып жатқан болатын. Сол күні жаңбыр себелей бастады. Бағлан жолдастарының сөзіне құлақ аспай кішкене ғана қалған шатырдың бір бөлігін жабу үшін төбеге шығып кетті. Енді ғана бітіп бойын тік көтергені сол еді , су болған шатырдан аяғы сырғанап ,шатырдан доптай домалап келіп, жердегі үйілген тастың үстіне құлады. Жолдастары көмектесуге талпынғанмен қолдан келер қайран болмады. Дереу жедел жәрдем шақыртып , үй ішіне хабарласып ауруханаға алып кетті. Алып ұшып баласы үшін қайғыдан құса болған әке- шеше , жедел жәрдем нен бұрын ауруханаға жетіп үлгерген екен.
Басы жарылған бет әлпеті қаннан көрінбейтін баласын көрген де ата- анасының қан қысымы көтеріліп ,оларға да медбикелер тиісті көмекті көрсетті. Алла қолдап басына аса зақым келе қоймаған екен. Тек беліне зақым келгені болмаса. Дәрігерлер алты ай бойы тегіс қатты жерде жатуын, ауыр салмақ көтермеуін, тек арнайы корсет пен жүруін қатаң тағайындады. Ата -ана жарының көңілі сәлде болсын жай тапты.
Бір аптадай травматология бөлімінде жатып, ем шарасын қабылдап, бір неше тексеруден өткен соң үйіне босатылды. Еш бір жұмысқа жарамай қалғаны Бағланның жанына батып, арына маза бермей қойды. Енді үйдің бар шығыны бауыры Нұрланның мойнына артылды. Бұл жағдай Нұрлан мен Құндыздың жиі жанжалдасуына себеп болды. Бала десе шығар жаны бөлек Нұрлан әйелінің жүкті екенін білгендіктен ашуланса да оған қатты ұрсып, қол көтере алмайтын…
Оның бұл әрекетінен хабардар жары ішіндегі сәбиін қару ретінде пайдаланып үнемі айтқанын істететін. Қазіргі жастардың құмары бірді зиянды заттар тез дайын болатын, лаваш, чикен, бургер дегенді күнде қаладан алдырып түні бойы тығылып жейтін. Бұл үйде бұрын соңды ондай болмаған соң енесі Мариям ашуланып қалды. Екеуін отырғызып біраз ақылға шақырмақ болды.
- Балам- ау, сенің мұның не? Бұрын соңды мұндайың жоқ еді. Мейлі түсінемін жарың екі қабат жегісі келер. Бірақ осылай тығылып жеу керек пе? Өле жегенше,бөле же деген. Бәрінің тесік тамағы бар. Иісі бұрқырап тұрған соң бәрінің жегісі келеді. Әкелсең бәріне әкел..
- Бәріне әкелетіндей Нұрланның ақшасы көп дейсіз бе? Онсызда бүкіл азық түлікті тасып, газ, су, жарығыңыздың ақшасын төлеп отырған жоқ па?
- Мен ұлыммен сөйлесіп отырмын. Сен аралас па.
- Неге араласпайды екенмін. Бір өзі қаншама адамды асырап отырғанын біле тұра ұрсуға қандай ақыңыз бар?
- Құндыз жап аузыңды. Ашуыма тиме. Мен саған бұл тақырыпты қозғама дегенмін.
- Мен айтсам шындықты айтып отырмын. Қайнағаның жатқанына екі айдан асты. Оның дәрісін әкелсе Нұрлан жақсы. Еркебаланың бала бақшасының ақысын төлесе Нұрлан жақсы, азық-түлік алып келсе Нұрлан жақсы болады. Бір әйелінің жерік асын алып берсе Нұрлан жаман бола қала ма?
Бұл сөздерді көрші бөлмеде есітіп жатқан Бағлан шыдай алмай орнынан әрең тұрып сыртқа шығып кетті. Нұрлан ашуға бұлыққаны соншама ақылынан айырылып әйелін жатын бөлмесіне сүйреп алып барып ішке итеріп жіберді.
Дереу киімдеріңді жина. Үйіңе кетесің. Қит етсе кетемін деуші едің. Ал кәне жинал, өзім- ақ сені жеткізіп тастаймын. Бір балам сыртта өссе өсер де қайтейін. Кәне жинал. Кетесің.
- Балам қой олай жасама. Мен тек..
- Жоқ апа. Сіздің еш кінәңіз жоқ. Әбден мезі болдым бұл қатыннан. Шаршатып жіберді. Күніге осы.
- Қой қайтесің ақылға келер бір күні..
- Апа, бұған туыстық қатынас, сыйластық махаббат маңызды емес.
Құндыз, бұл үйден кете алмас еді. Өйткені Нұрлан қызба мінез болғанмен ырқына көніп, дегенімен жүруші еді. Осы сәтте қулыққа көшіп, ішін ұстап жерге екі бүктеле жата қалды.
- Ішім, ішім -ай.
- Әй келін не болды?
- Апа, ішім бүріп ауырып барады.
- Нұрлан дереу жедел жәрдем шақыр. Нұрлан әйелінің құрсағындағы өз қанынан жаратылған сәбиі үшін алаңдап, әбіргерге түсті. Мұны көрген қу қатын одан бетер байбалам салып шыңғыра жөнелді. Әсемде жүгіріп келіп келінін жұбатуға тырысты.
- Жаным қорықпа. Саған да балаңа да ештеңе болмайды. Алла қаласа бәрі жақсы болады. Жылама. Қайным кәне көтеріп төсекке жатқызайық. Аяғын жоғары көтеріп жатсын. Нұрлан жақындаған сәтте, оны бұл ісіне өкіндіру, өзіне бағынтыру мақсатында одан әрі рөліне кірісіп, шу шығарды. Қолынар ұстап тұрған енесінің қолын да сілкілеп итеріп жіберді.
- Жоғал маған жақындаушы болма! Осы ма еді апа қалағаныңыз? Бір тамақты меннен қызғанып шу шығарып балаңызға ұрысқызып жаныңыз рахаттанып қалды ма? Сендерді жек көремін. Жоламаңдар маған. Осыдан сәбиіме бірдеңе болса сендерді ешқашан кешірмеймін.
- Келін олай ашулансаң жағдайың ауырласа береді. Болды ашуланба.
- Жеңге маған бөлмеме жетуге көмектесіп жіберші.
Әсемге сүйеніп, бөлмесіне жетіп ,ішке ешкімді кіргізбей өз ісіне ұялудың орнына бәрін ақымақ еткені үшін ауызын жауып айызын қандырып рахаттана күліп алды.