Өтірік халатын ауыстырып Нұрланнан күніге алып отыра жинаған жүз мыңнан аса ақшасын төстартқышының ішіне тығып қайтадан ыңқылдап шықты.
Жедел жәрдем келіп ауруханаға алып кетті. Артынан Нұрлан мен Мария апай көлік пен жүріп отырды. Ауруханаға жеткізіліп бірден ультрадыбыстық зерттеуге алып кіріп кетті. Дәрігер барлығы жақсы екенін айтып берді. Ауруханаға жатқызуға ешқандай негіз жоқ екенін жеткізді. Ішке кезекші дәрігер келіп еді, дереу жыламсырай бастады. Екеуіне екі қызыл қағазды ұсынып шартына көшті.
- Ішім қатты ауырып тұр. Үйде тыным жоқ. Енем мен абысыным күн көрсетпейді. Күнмен жарыса тұрамын. Түнде бәрінен соң жатамын. Ешкім мені аяғы ауыр демейді. Дәрігерлер оның ым- шарасын дереу түсінді. Екеуі Құндызды жетектеп дәлізде күтіп отырған енесі мен күйеуінің қасына жетектеп келді.
- Не болды жағдайы қалай? Бәрі жақсы ма?
- Сәбидің өмірі қыл үстінде тұр. Келініңіз ауруханаға жатудан бас тартты. Күтінбесе сәбиі түсіп қалуы мүмкін. Жағдайын жасаңыздар. Аяғын көтеріп жиі жатсын. Көңілін жабырқатпауға тырысыңыздар. Ауыр көтермесін.
- Келін осында бір - екі күн жатсаңшы.
- Жоқ, апа. Маған үйде болған ұнайды. Сізбен женгем барда еш уайымдамаймын. Мариям сәбиге зақым келе ме деп қатты қорқып қалды. Үйге келген бойда келінің бар жағдайын жасады. Төсекке аяғының астына көрпешелерді қойып аяғын көтеріп жатқызып, набат салып ыстық шайын қасына әкеліп берді. Мұның бәрінінің жалған екенін қайдан білсін.
Бала десе ішкен асын жерге қоятын Нұрлан да ,әйелінің аузынан шыққан әр- бір тілегін орындады. Ал әккі келін болса бәрін алдында құрдай жорғалатып қойғанына мәз болып , үстілерінен күліп қалағанын жеп- ішіп жата берді. Телефон қолында. Әр- бір құрбысына қоңырау шалып мақтанып болар емес. Мұның бар ісінен хабардар, тіпті кей бірін өзі үйреткен ұстазы анасы да, қызының әркетіне мәз болып мақтап қояды.
Бірнеше күн жата- жата жалыға бастады. Төркініне барып жиған ақшасын жаратып, дүкен дәмханаларды аралап қайтқысы келді. Бірақ ауырып жатқан соң күйеуі мен енесі жібермесін білген қу әйел, тағы да қулыққа көшті. Әсемнің ұлына айқайлап ұрсып жатқанын естіп сыртқа шықты. Қасына келіп актриса болып, рөлге кірді.
- Женге, мен әдейі істеп жатқаным жоқ қой. Балада неңіз бар? Айтарыңыз болса өзіме айтыңыз.
- Құндыз ,сен не деп тұрсың? Мен саған емес өз балама ұрсып жатырмын.
- Баланы желеу етпей ақ қойыңыз. Маған тиістіріп айтып жатқаныңызды жақсы білемін.
-Құндыз, мен саған ештеңе дегенім жоқ. Ұрыссам өз балама ұрыстым.
- Білем үйдің бүкіл шаруасы өзіңізге қалып қиналып жүрсіз. Бірақ мені де түсінуге тырысыңызшы. Әдейі істеп жатқан жоқпын. Қайтейін енді? Күтінбесең бала түсіп қалады деп жатыр.
- Мен саған жатпа дедім бе? Сен жоқ кезде де алты жыл бойы осы шаруаның бәрін өзім жасап келдім. Бұдан кейін де жасай аламын.
Екеуінің дауысын естіп Мариям үйден жүгіріп шықты.
- Әй келіндер не болды? Не жанжал? Кіші келін неге жылап тұрсың?
- Апа, мені кешіріңіздер.
- Не болды? Айтсаңшы?
- Ешқандай тірлік істемей жатқаным үшін женгем ашуланып, бар өшін еркебаладан алып, ұрсып, ұрып жатыр. Баланың жазығы не? Мен де әдейі жасап жатқаным жоқ. Үйдің шаруасына көмектесе алмай жүргенім өзімнің де жаныма батып жүр.
- Әй Әсем келін… Сенің мұндайың жоқ еді ғой. Саған не болған?
- Апа ,мен оған қатысты бір ауыз сөз айтқаным жоқ. Баламды күніге ұрысам емес пе? Бүгін ғана көріп тұрған жоқсыздар ғой.
- Келін ,сен бөлмеңе барып жата бер.
- Жоқ, жатқым келмейді. Бұлай біреудің жекіргенін естіп жексұрын болып жатқанша тірлік істейін. Түссе түсіп қалсын.
- Құндыз ,қойсайшы.
- Айтыңыз не істейін?
- Ештеңе істемей ақ қой. Өзімнің ақ шамам келеді. Бар жат деген соң жатсайшы. (Әсем ашулана дауыс көтеріп сөйледі.)
- Неге айқайлап тұрсыз? Мен сізге не істедім? (енесін өз жағына шығару үшін, еңкілдеп жылап жіберді) Сізде ана емессіз бе? Әр бір ана өз сәбиі үшін алаңдайды. Бар жазығым ішімдегі сәбиді ойлағаным ба?
Құндыз өкпелегендей сыңай танытып бөлмесіне кіріп кетті. Артынан енесі мен Әсемнің жанжалдасып жатқанын есітіп, жоспарының бір бөлігі іске асқанына қуанып аяғын аспанға көтеріп жатты. Кешке Нұрлан келер уақытта бөлмесінен шығып өтірік тірлік істеп жүрген адамның кейіпіне енді. Құндыздың кесірінен еш жазықсыз енесінен сөгіс естіген женгесі қабағын түйіп, үн- түнсіз тірлік істеп жүрген болатын. Оның ашулы екенін Нұрлан да байқады. Түн болып әр кім өз бөлмесіне кіріп кетті. Құндыз өзінің жоспарының екінші бөлігін орындауға кірісті. Өтіріктен ыңқылдап ауырған адамша ыңырсып келіп төсекке жатты.
- Не болды ауырып тұрсың ба? Саған дәрігерлер көп қимылдама бір аптадай күтін демеп пе еді?
- Женгемді көрдің бе?
- Ия.. Өзі бірдеңеге ашулы сыяқты. Не болды тыныштық па?
- Мен ештеңе істемей жатқаным үшін ашуланып ұрыс шығарды.
- Қойшы. Женгем ондай емес. Тірліктен қашқан адам емес.
- Сонда мен өтірік айтып тұрмын ба?
- Білмеймін ғой енді.
- Ішім қатты ауырып тұр. Дәрігерлер төсектен тұрмай күтін деп еді. Жаным мен бұл үйде жата алмаймын. Женгемнің ашуланғаны жаныма батып одан әрі қинала түсем. Мені төркінге жіберші. Анам бар жағдайымды жасайды. Өтінем мен үшін болмаса да сәбиіміз үшін.
Құндыз өз жоспарын сәттті орындап, жарын дегеніне көндірді.
Нұрлан женгесіне ашулана қасынан көзін алартып өтіп, анасы мен сөйлесті.
- Апа. Құндыз екі- үш күнге төркініне барып қайтсын. Біраз күтініп, ауырғаны басылғанша сонда бола тұрсын.
- Балам ау, үйде де күтініп жатқан жоқ па?
- Күтінгені осы ма? Түні бойы ауырып көз ілмей шықты. Маған сәбиімнің аман- есен дүниеге келгені маңызды. Басқасына түкіргенім бар.
Баласының ашуланып тұрғанын, бірдеңе дегенмен құлақ аспасын білген анасы еш қарсыласпады. Осылайша өз мақсатына қол жеткізіп, төркініне барып сауық- сайран құрып, дүкен аралап мәз болып қайтты. Сіңлісінің келгенін естіген Маржан сағынышын басып әңгімелеспек болып келіп еді. Сіңілісін құрбылары мен мейрамхана аралаудан босамады. Сіңлісінің еш өзгермегенін байқап, іштей ол үшін алаңдап қалды. Анасы екеуі бір бәлені былықтырып жүргенін іштей сезді. Сіңілісі көшеге кеткеннен анасын тергей бастады.
- Апа, сендер не былықтырып жүрсіңдер? Тығылып алып гүбір -гүбір не әңгіме? Маған да айтсаңшы.
- Жәй қызым мен әңгімелесіп отырмын. Онда тұрған не бар?
- Менде сенің қызың емеспін бе? Ендеше маған да айт. Күнде қыдырып, дүкен аралайтындай ана қыз ақшаны қайдан алып жатыр?
- Қайдан алушы еді? Күйеуі берген да. Не болыпты қыдырса.
- Апа ,ол енді бұрынғыдай қыз емес. Біреудің әйелі, біреудің келіні қыздай болып келте көйлек киіп, шашын жайып кеткені не? Кішкене ана болып ақыл айтсаң қайтеді?
- Әйел болса болды орамалға бүркеніп, ұзын көйлек киюі керек пе? Қалағанынша жүре берсін.
- Апа бұл шағын ауыл. Құда құдағиыңыз көрші ауылда тұрады. Олардың құлағына жетсе ұятқа қаламыз.
- Елдің бәрі сен секілді аңқау емес. Оның ақылы өзіне жетеді. Ол үшін алаңдамайақ қой.
- Ақылы жететіндей не істепті?
- Оның қолынан бәрі келеді. Өз басын өзі сүйреп жүре алады.
- Қолынан бәрі келеді? Апа күлкімді келтірмеші.
Ғалия шыдай алмай Құндыздың бар істерін мақтана отырып баяндап берді.
- Масқара… Айтарға сөзім жоқ. Оны қоя берші әлі бала. Ал сізге не жоқ апа? Дап- дардай басыңыз+бен ұялсаңыз қайтеді? Ақыл айтып оны жөнге салудың орнына қолпаштап отырғаныңыз қалай? Өзіңіз де ұл өсіріп отырсыз. Сізге де өз қызыңыздай келін келсе қайтесіз? Құдайдан қорықпайсыз ба? Сендер мен әңгімелесіп көңілім жадырап қайтамын ба деп келіп едім. Келгеніме өкініп кеттім. Сендер үшін қатты ұяламын. Сау бол.
Маржан ашулана кетіп қалды. Өзі жүктіліктің әсерінен көңілшең болып жүрген болатын. Жол бойы анасы мен сіңілісі үшін ұялып жылай берді. Ал Құндыз ақшаның түбі көріне бастаған соң, үйіне қайтуға дайындала бастады. Нұрлан жұмыстан соң алып кетуге келіп, бір сөмке мен келген қыз, үш сөмке көтеріп шыққанда Нұрлан таңданып біраз тұрып қалды. Ата енесінен ұялып үндемеп еді, жолай ішіндегін шыдай алмай жайып салды.
- Байқаймын базарлығың мол сияқты. Сен өзі күтінуге келдің бе, әлде базар аралауға ма?
- Не болыпты алсам? Өзіме қажет дүниелерді алдым.
- Жаным ау артыңнан кеше ғана келген, киімдерің аздық етіп жатыр ма? Жаңа күйінде тұр емес пе бәрі? Осы женгем алты жылдан бері сол артынан келген киімдерін киіп жүр ғой.
- Уф, тағы жеңгем жеңгем. Мені онымен салыстырғанды қашан қоясыңдар осы?
- Үйлену оңай, үй болу қиын деген. Ақшаны үнемдеп жинап үй алатын әрекет ету керекпіз.
- Үй? Қайдағы үй?
- Енді болашақта өз алдымызға отбасы болмаймыз ба? Ол үйге сыймаймыз бәріміз.
- Неге біз кетуіміз керек? Сонда ағаң дайын үйге ие болып қалады ма?
- Ол үйді онсызда әр бір кірпішін қалап, ағам өзі тұрғызған. Мен оқу оқып тайраңдап жүрген де.
- Онда әке–шешең алып берсін. Солардың міндеті емес пе?
- Бұл өмірде әр адам өз тіршілігін өзі домалатады. Біздің өмір сүргеніміз біреуге міндет емес.
- Онда үйге қажетті азық түлікті тасыма. Апа- атамның зейнет ақысы бар емес пе? Сол кісілер алсын. Ағаң істей алмаса женгеңнің аяқ қолы сау ғой. Өзі жұмыс істесін. Олардың да жеп ішкені бізге міндет емес қой.
- Осындайыңды қашан қоясың? Өзің ашуыма тиіп зығырданымды қайнатасың.