Не керек Жансұлу жатақханада тұрды. Жатақхана аты ғана болмаса екі күннің бірінде Ақанның үйінде. Көбіне жиенін сылтауратып сағындым деп келе береді.

Алғашында бәрі жақсы еді. Тіпті жездесі де қуана күтіп алатын. Соңғы кездері Жансұлудың жүріс-тұрысы өзгеріп бара жатты.

Оны алғаш болып байқаған жездесі еді. Көбіне екеуі есік алдына кездесіп қалады. Ақан жұмыстан келер уақытта Жансұлу да әпкесінің үйіне шығады. Сабағы түсте аяқталғанымен жатақханада әбден ұйқысын қандырып, кешке жездесінің үйге қайтатын уақытын күтеді. Кеш болар кезде сыланып-сипанып барын киіп, бетін әрлеп жатақханадан шығады. Егер ерте келіп қалса үйге кірмей көп қабатты үйлердің алдындағы ойын алаңындағы орындықтардың бірінде отырып күтеді. 

Анадай жерден жездесінің қарасын көрген соң түк болмаған адамдай "қазір келдім, үйге кіргелі жатыр едім" деп жездесімен әңгімелесіп тұрып қалады. Басында расымен сеніп жүрген Ақан уақыт өте келе ойлана бастады.
-Неге үнемі мен келерде келеді? Сабағы түсте аяқталмай ма? Түстен бері келіп әпкесіне көмектессе болады ғой. Үнемі кешке келеді. Менімен бірге кіреді. Біртүрлі екен, көрген жұрттан да қымсынатын болдық қой деп ойлады ішінен. Бірақ Айсараға айтса шу шығып кете ме деп үндемей жүр. Болмашы нәрсені айтып жанжал тудырмайын деп үнсіз жүре берді. Осындай күндердің  бірінде ол жұмыстан келе жатып тағы да балдызын көрді.
- Жансұлу,  сабағың түсте аяқталса неге түсте келмейсің? Әпкеңнің де тірлігіне қолғабыс болар едің.
- Мен... Жатақханада жазуларым бар ғой жезде. Соларды жазамын.
- Аа дұрыс екен,- деп жоғары қабатқа көтерілу үшін лифтке мінді. Жездесінен көзін алмай қараған балдызы әр қимылын бақылауда. Сезіп тұрған Ақан ыңғайсызданып, ары-бері бұрыла берді. Сондайда уақыт та өтпей кетеді ғой. Ыңғайсызданғаны соншалық , маңдайынан суық тер бұрқ ете қалды. Есік ашылса қашып шығардай жыртқыш аңға ұқсап амалсыз тар қапасқа шыдап бағады.

Ақан бірақ сыр білдірмеді. Біріншіден, айтқанымен Айсара оған өлсе де сенбейді деп ойлады. Екіншіден, мүмкін мен қате ойлап жүрген шығармын, барлығы жәй ғана кездейсоқтық па екен. Не де болса әліптің артын бағайын. Мүмкін сонда түйін шешілер деді ішінен. Ақан мен Жансұлу үйге кірді. Бір қызығы Жансұлу үйге келсе мүлде басқа адамға айналады. Жездесін тіпті елемейді де. Жаңа ғана сүзіле қарап, күлімдеп ерке қылықтарымен бұраңдаған Жансұлу мүлде жоқ секілді.

Осыған таң қалатын Ақан бұл мәселенің бірден бір жолы Жансұлудың өзімен ашық сөйлесу деп ойлады. Ертеңіне таңертең ерте екеуі бірге шығады. Аялдамаға дейін бірге барып, ары қарай жолдары екі айырылды. Ашық сөйлесуге дәті бармай, тағы да үнсіз қалды. Осылай күндер жалғаса берді. Ақан балдызынан алыстау жүретін болды. Тіпті көргісі де келмейді. Бір күні Ақан мен Айсара жинаған ақшаларына өз еңбектерімен тапқан тиындарына көлік алды. Су жаңа болмаса да, жақсы, жүріп тұрған жеңіл көлік. Екеуінің де қуанышында шек жоқ. Бір - екі күннен соң ауыл-аймақты шақырып құран оқытты. Қайын жұрты да келді. Қонақтардың аяғы басылып, келім - кетім сейілгенде "уф" деп демалды. Ақан кешкісін қаланы аралап қайтайық деп еді Айсара шаршап отырмын деп бармады. Есесіне Жансұлу сумаң ете қалды:
- Жездем қыдыртып қайтатын шығар мені?- деді күліп. Амалсыз басын изеген жездесі сыртқа шықты. Артынан еріп Жансұлу келе жатыр.
- Магазинге кіріп шығайыншы,- деді сызылып. Ақан үндемеді. Іштей балдызының қылықтары жүйкесін тоздырып келеді.
- Қайда барамыз?
- Білмеймін. Негізі Айсара да келуі керек еді. Айсара мен қызымды алып шығамын деп ойлап едім.
- Әпкемнің келгісі келмесе мен кінәлімін бе? Мен қинап шығармай қойғандай бұртиып келесіз ғой.
- Жоқ, олай емес.
- Жарайды ендеше, ашылып сөйлеп отырсаңызшы.
- Не айтам? Сенімен ашылып сөйлесу керек еді бір,- деді қабағы қатулы күйде.
- Иә, айта беріңіз.
- Соңғы кезде мүлдем өзгеріп жүрсің. Мақсатың не?
- Мақсатым бақытты болу,- деді шімірікпестен.
- Ендеше кім кедергі?
- Кедергілер көп. Мысалы, әпкем.
- Ашып айтсаңшы. Әпкеңнің не қатысы бар?
- Ой қойыңызшы. Кеттік қаттырақ айдаңызшы көлікті. Түнгі қаланы қызықтайын.
  Екі үш көшені аралады да, Ақан ұйқым келді деп қайтуға асықты.

Үйге келген соң демаламын деп бөлмесіне кіріп кетті. Жансұлу соңғы кезде әпкесін ұнатпай, дұрыс сөйлемей жүргенін Айсара да байқаған.
- Жансұлу, шәй ішеміз бе?
- Мен ішпеймін. Ұйқым кеп тұр.
- Маған серік болсаңшы.
- Күйеуіңізге айтсаңызшы менде неңіз бар?
- Жансұлу, саған не болып жүр? Мен сөйлесем кірпідей жиырылып қалатының не осы?
- Мен ба? Қойыңызшы болмайтын нәрсе айтпай.
- Рас қой. Баяғыдай әпке деп жанымда жүрмейсің. Менен қашасың. Сөйлесем дұрыс жауап бермейсің. Не болып жүр саған, оқуыңда проблема бар ма? Әлде жеке өміріңде. Маған айтсаңшы жаным.
- Ештеңе болып жүрген жоқ, шаршадым,- деп қонақ бөлмеге кетті. Асханада дастархан басында жалғыз қалған Айсара біраз ойланып отырды. Бірақ, ештеңе ойлай алар емес. Сіңлісіне не болып жүргенін түсіне алмады.
  Жансұлу ертеңіне ерте тұрып жинала бастады. Тез - тез киініп боянып:
- Әпке, жездем жұмысқа бара жатып мені ала кетсінші.
- Жездең бүгін жұмысқа бармайды.
- Неге?
- Демалыс алған. Үйде демаламын - деді.
  Ойланып қалған Жансұлу:
- Менің де сабаққа барғым кеп тұрған жоқ. Реферат жазуым керек еді, аяқтай алмадым. Бүгін точно сұрайды. Қойш, мен бармаймын.
- Оның не жаным, сабақтан қалмасаңшы,- деген әпкесін тыңдамады да. Ойында ештеңе жоқ Айсара:
- Жансұлу, жездең оянса тамағын берші. Мен Айшаны прививкасына апарып келемін.
- Жарайды,- деді жымыңдап сіңлісі. Әпкесін шығарып салды да, ақырын жездесінің жатын бөлмесіне барды. Есік жабық тұр. Ашып қарап еді, жездесі теріс қарап ұйықтап жатыр екен. Ақырын барды да, жанына жайғасты. Біраз жатты да, жездесінің қолынан ұстады.
- Жаным, Айша жылап қалмасын ия,- деді де ұйқысырап балдызын Айсара деп ойлап құшақтай алды. Үнсіз жата берген балдызы іштей сылқ-сылқ күледі. Біраз жатты да жездесін құшақтады. Осы кезде есіктің ашылғаны білінді. Әпкесінің келгенін білсе де үнсіз жата берді.

Айсара үйге кіріп бірінші асханаға кірді. Үйдің іші тым-тырыс. Әлі ұйқыдан тұрмаған ба деп ойлады. Қызын көтеріп бөлмесіне қарай аяңдады. Есіктің тұтқасын ұстағаны сол еді, іштен есік ашылды. Жансұлу шығып келе жатыр.
- Жансұлу, мұнда неғып жүрсің?
- Зарядчигіңізді іздеп едім. Таппадым.
- Аа, сөмкемде қалған шығар. Жездең әлі ұйықтап жатыр ма?- деді еш арам ойламаған әпкесі.
- Иә, ұйқысы қатты ау ештеңе сезер емес,- деп бұрылып жымия бір қарады да шығып кетті.
- Жаным, әлі ұйықтап жатырсың ба? Тұрсаңшы. Түс ауып кетті ғой.
- Сен қайдан келдің? - деді ұйқысын аша алмай күйеуі.
- Таңертең Айшаны прививкаға алып кеткем. Енді келдім. Очередь көп.
- Сонда...- деп ойланып тұрды да үндемеді.
- Не болды?
- Ештеңе тұс көрдім бе мүмкін. Сен жанымда жаттың ғой жаңа ғана.
- Жоқ, мен қазір келдім. Келсем Жансұлу осында екен. Зарядчигімді іздепті,- деді киімін ауыстырып жатып. Бірдеңені сезген Ақан асханаға барды. Жансұлу отыр екен.
- Сен бе менің бөлмемде жатқан?-деді ашуланып.
- Тек бөлмеңізде емес, төсегіңізде,- деді күлімдеп балдызы.
- Сенің есің жайында емес. Нең бар менде осы?
- Өзіңіз құшақтап жібермедіңіз ғой.
- Өшір үніңді. Неге кіресің? Мен сені Айсара деп ойладым.
- Қойыңызшы жезде, үп-үлкенсіз. Дап-дардай болып адам ажырата алмаймын дегеніңіз не? Әпкеме айтайын қазір кімге сенер екен.
- Ал әпкең төсегіме неге жаттың десе ше? Не деп жауап бересің?
- Зарядчик алуға барып едім өзі жабысты деймін,- деді міз бақпастан.
- Сен қандай адамсың өзі? Жоғал менің үйімнен!
  Осы кезде Айсара есіктен кіре алмай аяғына дейін тыңдап тұрды.
- Жансұлу, сен неге бұлай жасайсың? Мен Ақанға сенемін. Сенің соңғы кезде мені жақтырмай, өз үйімде өзіме алара қарап жүргеніңді сезбеді деймісің? Ақан дұрыс айтады. Енді келмегенің дұрыс. Жатақханаға қайт,- деді қатқыл үнмен.
  Ашуланып орнынан тұрған Жансұлу:
- Сендер бәрібір бақытты бола алмайсыңдар! Жездеме сен лайық емессің! Оны бағаламайсың! Егер мен жездеме тұрмысқа шыққанда... Бетіне шапалақпен сарт еткізген Айсара сіңлісінің заттарын өзі жинай бастады. Бәсе, неге келгіштеп кетті деймін үйімізге. Ақанмен бірге келіп, бірге кеткің келеді. Сен аурусың. Ауылға барып оқытылып емдел. Мамаға хабарласып айтамын қазір.
- Ой білгеніңізді істеңіз.

- Жаным, кешірші. Рас айтамын мен ұйқылы ояу сен деп ойлаппын.
- Білем Ақан. Соңғы кезде Жансұлудың өзгеріп жүргенін байқағанмын.
- Саған айтуға бата алмай жүр едім. Ол көптен бері менің қыр-соңыма түсіп алды. Бір-екі рет ашық айтқанмын да. Дұрыстап сөйлеспейді. Саған айтсам маған сенбейсің де ойладым. Қанша дегенмен бауырың ғой.
- Садаға кетсін ондай бауыр. Менің болмаса да ертең басқа біреудің отбасын ойрандайды ол. Тоқтату керек. Мамаға айтып жанын шығартамын оның,- деді ашуланып қалш-қалш етіп.
- Жарайды қойшы енді, өзіңді бас.
- Саған рақмет. Егер басқа біреу болғанда өзі жабысып тұрған қызға білгенін жасар еді. Сенің адал болғаның үшін жақсы көрем,-деді иығына басын сүйеп.
  Көңілдері орнына түсіп, біраз уақыт өткен соң Айсара үйіне хабарласты. Ақан айтпа десе де тыңдамады. Ақан душта кезде мамасымен сөйлесіп болған жайттың бәрін айтты. Үнсіз тыңдаған анасы еш жауап айта алмады. Себебі қызының мінезін білетін. Сол үшін басында Ақан мен Жансұлудың үйінде тұруға қарсы болып еді. Ауылда да бір екі рет жоғары сынып оқып жүргенде осындай жағдай болған еді. Әкесіне айтпай тігісін жатқызып, тезірек қалаға жіберуге асыққан болатын. Енді қалаға жібергеніне өкініп отыр. Әкесіне айтып бір қорқытып алмасақ, мына қыздан бәрі шығады деді соңында анасы.
- Білмеймін, бірдеңе етіңіздер. Бірақ менің үйіме енді жоламасын,- деді де тұтқаны қоя салды.
  Біраз күннен соң анасы хабарласып ауылға келуін сұрады. Жансұлуды ұзататын болдық деді. Айсара түсінбей қайта-қайта сұрады. Өткен жолы анасы Айсарадан болған жайтты естіген соң тездетіп тұрмысқа беріп құртайын, мүмкін сонда мінезі өзгерер деп ойлап, өзінен үлкендеу жігітпен таныстырыпты. Ақыр аяғы осылай тойға ұласыпты. Телефонда тыңдап тұрған Айсара:
- Мам, тойды жақсы өткізіп алыңыздар. Мен бара алмаймын. Ақан да бармайды. Бақытты болсын,- деді.
- Қой қызым, қайтесің енді. Өзін тусам да мінезін туа алмайды екенмін. Амалым жоқ. Әлі жас, мүмкін бір екі балалы болса басылар. Сіңлің ғой, келіп бақыт тілеп кет.
- Жарайды, тек сіз үшін барамын, - деді де ауылға жинала бастады. Ақанның бармайтыны белгілі еді. Сүйреп апарсаң да бармайды ол.

Өткендегі жағдайдан соң деп ойлады Айсара. Айтқанындай, Ақан үзілді кесілді бас тартты.
  Айсара ғана барып, бақытын тартып алмақшы болған сіңлісіне бақыт тілеп, ішінен жақсы жаққа өзгерсе екен деп дұға тілеп үйіне қайтты.

"Әсерлі  әңгімелер" топтамасынан
Соңы