Фариза Амангелдіқызы

Гүлнұр бүгін аласұрып жүр. Ертең әкесінің үйін тастап, ұясынан ұшады. Өзінің үйіне қоныс аударады, яғни ұзатылады. Қыз бала қонақ демей ме, қонақта болып, енді өз үйіне қайтатын кісі ұқсап дайындалуда. Өзі көңілді.
Алғашқы махаббатымен бірге жаңа өмір бастамақшы. Бойжетіп, айнаға қарағалы, жігіт атаулыдан осы Бейбарыспен ғана сөйлесіп келеді. Мектеп қабырғасынан бір-бірін таниды. Тек айырмашылық: Бейбарыстың тұрмыс-тіршілігі бақуатты да, Гүлнұр орта шаруа отбасынан шыққан еді.
Бірақ бұл айырмашылық екеуінің махаббатын өшіре алмады, керісінше өрши түсті. Ақыры Бейбарыс дегеніне жетіп, үйленетін күні де келіп жетті. Қуанышында шек жоқ. Тек анасының қаһарлы келбеті ғана тойдың қуанышын су сепкендей басуда. Сәбираның(Бейбарыстың анасы) арманы бөлек еді. Өзінің құрбысы аудан әкімінің бәйбішесі қызын қос қолдап беруге риза еді. Ұлы оған көне қоймады. Жалғыз ұл болған соң дегенін істетіп үйренген Бейбарыс өмірлік жар таңдауда да өз таңдауын жасады.
Әкесі ғана қолдап, арқасынан қақты. Ашкөз анасының қабағы бір ашылмады. Бұлтты күндей түнеріп, тиісуге қара таппай, әр өткен-кеткенді сөзбен түйреп ешкімге тыныштық берер емес. Уһілеп жүріп той болатын күнді де келтірді.
Таң ата Гүлнұр болашағын елестетіп жатып көзі ілініп кетті. Ойының бәрі түске жалғасып, тәтті ұйқы құшағына еніп кетті…

 Гүлнұр тәтті түс көріп жатыр. Түсінде тойлары болып жатыр екен. Аппақ көйлекте жан жарының қолынан ұстап еріп бара жатыр екен. Алдынан үлкен әйел кісі шығыпты. Ұзын шапан киген. Бұл екеуіне мән берер емес. Жүзін төмен салып алдарынан кесіп өтіп кетіпті. Гүлнұр етегіне қараса, аппақ көйлегінің етегі қып-қызыл болыпты. Шошып оянған ол өз-өзіне келе алмады. Таң атып, күн ұясынан көтеріліп келеді екен. Біраз қобалжып отырды да, көңілі құлазып, Бейбарысқа телефон соқты.
- Алло, Бейбарыс, қалың қалай?
- Жақсы жаным, өзің қалайсың? Неге таң атпастан хабарластың, тыныштық па?
- Тыныштық, жәй сенің халіңді білейін деп...
- Аз қалды жаным, аз уақыттардан соң ақ некелі жарым боласың. Бізде тойға қызу дайындық болып жатыр, қолым қалт етсе хабарласып тұрамын жарайды ма?
- Жарайды. Бізде де дайындық болып жатыр.
Гүлнұр тұрып, бөлмесіндегі төсегін жинап, ойланып біраз отырды. Қыз күнінің соңғы түнеген бөлмесі, енді қалып барады. Бүгін бөтен үйде түнейді. Әлгі түсі нені білдіреді? Тек жақсылық болғай да... деп орнынан тұрды.
Бүгін ұзату тойы. Ертең Бейбарыстың үйінде беташар тойы, оның арғы күні үлкен үйленуі тойы. Бәрі қатарынан болған соң, біраз шаршайын деп тұр. Мейлі, Бейбарыстың жанында болсам болды, деді іштей қуанып.
Түс ауа Бейбарыстар ата-анасымен құда болып келді. Кешке дейін жөн-жоралғыларды, кәдесін жасады да, кешке ұзату тойына жиналды. Той керемет өтіп жатыр. Тек Бейбарыстың анасы ғана көңілсіз. Құда-құдағиының сыйлап берген киіті көңілінен шықпай отыр. Арзанқол алтын мен таза емес тонды қай бетімен беріп отыр деп іштей ашулы. Қанша білдірмеуге тырысқанымен жүзі бар ашуын айтып қойғандай. Күйеуі жанында ұрысып отыр.
- Неғыласың, болмайтын нәрсеге ашуланып. Алтынның жоқ па еді, әлде киетін тоның жоқ па еді? Балалардың бақыты үшін қуанбайсың ба одан да?
- Қааааандай армандарым бар еді... деп көзін жұмып біраз отырды бәйбішесі.
 Ұзату тойы ойдағыдай өтіп, Бейбарыс құсын қолына қондырып үйіне алып келді. Гүлнұр алғаш табалдырықты аттағаннан-ақ қысылып, қобалжып бастады. Өмірінде мұндай зәулім сарай көрмеген. Жастайынан біреуден төмен, біреуден жоғары өмір сүріп келді. Бірақ мынадай байлықты тек кинода ғана көрген. Бейбарыстың қамқорлығымен ғана өз-өзін ұстап, өне-бойын билеген қорқыныш пен үрейден арыла бастады. Енесінің жүзіне қарамауға тырысып бағуда. Оның жүзін көрсе бұл некеге қарсы екені бесенеден белгілі болып көрінеді. Шымылдыққа кіргізіп жатқан бір абысынның әңгімесін құлағы шалып қалды. Не деді құдай-ау? Не айтты? Сонда адамның адамдығы ақшамен өлшенеді ме? О Алла, маған күш-қуат бер. Отбасылық өмірді дұрыс таңдаған болайыншы, деген Гүлнұр азулы абысынның бағанағы айтқан әңгімесін тағы есіне алды. "Сіңірі шыққан кедейдің қызы екен ғой" деді ме? Гүлнұр шымылдықтың ішінде, ақ орамалдың астында ешкімге білдірмей ұзақ жылады. Тағдырын табылады, өміріне өкініш айтты, бірақ ата-анасын кінәламады. Аллаға шүкір, ішерге асымыз, киерге киіміміз болды. Бастысы адалдықты үйретті, қазақы тәрбиені бойымызға сіңгізді. Оқытты, шоқытты. Шүкір, ата-анаммен мақтанамын, деп өз-өзін жұбатты. Осы кезде бөлмеге Бейбарыс кіріп келді.
- Жаным, не істеп жатырсың? Шаршадың ба? Бұл бөлмеге енді ешкім кірмейді. Тым кеш болды біраз жатып демалып алсаңшы.
- Жоқ, шаршамадым. Отыра беремін, біреу-міреу кіріп қалса...
- Ешкім кірмейді. Мен сені демалады деп ескерттім бәріне.
- Неге олай істедің?- деп Гүлнұрдың екі көзі шарасынан шыға жаздады.
- Не болды? - деп Бейбарыс түсінбей қалды.
- Енді не істеймін? Ұят болды ғой.
Есікті ашып енесі кіріп келді.
- Балам, жалғыз сен үйленіп жатқандай болмашы, бара ғой әкең шақырып жатыр,- деді күліп.
- Қазір келемін жан,- деп сыбырлады да Бейбарыс шығып кетті.
Енесімен бір бөлмеде, бетпе-бет алғаш қалған Гүлнұр не дерін білмей сасқалақтап орнынан тұрды.
- Ертең беташарда құлап қаларсың, жатып демал, - деді зілді үнмен.
- Жоқ, шаршамадым.
Енесі үнсіз шығып кетті.
Гүлнұр үнсіз қайта орнына жайғасты. Аздан соң Бейбарыс келді.
- Мен де шаршадым, біраз демалайын,- деп төрге барып жайғасты.
- Бейбарыс, мұнда емес, басқа бөлмеге барсаңшы. Мұнда мен бармын ғой.
- Қайда барам, жындысың ба? Менің бөлмем осы ғой,- деп басын жастықтан жұлып алды.
- Білмеймін, басқа бір бөлмеге барып ұйықтасай, ұят қой, әле некеміз қиылмады. Үлкендер не дейді...
- Жаным, біздің үйде ондай ұсақ-түйекке мән бермейді. Так-что қорықпай ұйықтай бер.
- Олар мән бермесе, мен мән беремін. Баршы жан басқа бөлмеге,- деді Гүлнұр жалынып.
- Ой заманнан артта қалған жан-жарым-ай,- деп Бейбарыс күліп жастығын құшақтап бөлмеден шықты.
Беташар да, ертеңгі күні үлкен той да өте жоғары деңгейде өтті. Тек Гүлнұрдың артынан тойға келген төркіндері өздерін төмен санап, ыңғайсыз күйде болғаны болмаса. Тойдың ертеңіне екі ғашық табысты. Бір-біріне ақ некелі жар болып, куәлердің алдында уәде берісті. Мешітте некелері қиылып, кешкісін шымылдықтарына жайғасты.
Гүлнұр келін болып келгеннен бастап өзін сол үйдің қызметшісіндей сезініп, отымен кіріп, күлімен шығып жүрді. Тіпті, шаршадым деп тіл қатқан емес. Ененің көзіне жақсы көрінейін деп-ақ өлетін болды. Даңқты адамдар болған соң ба, үйінен қонақ үзілмейді. Әр келген кісіге жаңадан тамақ дайындайды. Одан қала берсе зәулім сарайды жинап-теріп шығамын дегенше түс болады. Бірақ жегені алдында, жемегені артында, қалаған киімін киеді. Тіпті тойда Гүлнұрдың жеке өзіне қайынатасы көлік сыйлады. Бірақ Гүлнұр көлік айдауды білмегендіктен, үйде босқа тұр. Ешкім оны айдамайды. Әркімнің өзінің көлігі бар. Күндер осылай өтіп жатты. Мына зәулім сарай Гүлнұрды жұтып жібергендей, төркіндегі ата-анасы тойдан кейін қыздарынан хабар ала алмай отыр. Гүлнұр бір күні шаршап келіп бөлмесіне кірсе Бейбарыс отыр екен. Қолында судай жаңа телефон.
- Жаным, саған не алғанымды қарашы. Соңғы шыққаны.
- Маған ба? - де Гүлнұр қуанып кетті.
- Иә саған, үйленгенімізге бір ай толды бүгін. Құттықтаймын, жаным!
Телефонды көрген кезде барып ата-анасына хабарласу есіне түсті. Тура бір ай өтіпті.

 Телефон сыйлағанына қуанып кетті. Дереу ескі телефонын алмастырып, су жаңа телефонымен ата-анасына хабарласты. Бақытты екенін дауысымен сездіргісі келгендей, күле сөйлеп, ата-анасының көңілін орнына түсіріп, уайымның жоқ екенін аңғартты. Ауық-ауық хабарласып тұр деген әкесімен қоштасып тұтқаны қойды. Гүлнұр расында бақытты. Бірақ, тек Бейбарыс жанында болса ғана. Ол жұмысқа кетті дегеннен енесіне бір тірлігі ұнамай қалады да, келіннің әр қимылын шұқылаумен болады. Бүгін де таң атқаннан еш нәрсеге зауқы жоқ, қабағы қатулы, оқтын-оқтын Гүлнұрға тиісіп жүр еді. Бейбарыстың келгенін байқады да, жадырап сала берді. Бөлмелерінің есігін қаққан енесі кіріп келді.
- Келінжан, айналайын, атаң шәй ішемін дейді, жанында екі кісі бар екен. Азын-аулақ тамақ жасап жіберші.
- Қазір апа,- деп айнаға қарап орамалын түзеді де, асханаға бет алды.
- Жұмыстан ерте қайтыпсың ғой балам,- деді Бейбарысқа анасы.
- Жоқ, қазір қайта кетем. Гүлнұрға жаңа телефон алып едім, соны беріп кетейін деп келдім. Бүгін біздің отау құрғанымызға бір ай мама. Соған жолдас жігіттермен мейрамханаға барамыз. Гүлнұрдың ескі телефон ұстап жүргені ұят қой.
- Ее, дұрыс бопты,- деді де ернін сылп жеткізіп шығып кетті.
Кешкісін Бейбарыс жұмыстан кештеу қайтты. Дайын отыр деп ескерткен соң Гүлнұр кешке дейін тірліктерін бітіріп енді дайындала бастап еді, енесі кіріп келді.
- Жол болсын. Жаңа түсе салып қыдырыс басталды ма?
- Бейбарыс барасың деген соң...
- Барса балам бара берсін, ол еркек! Қыдырады, ойнап-күледі. Соған еріп сен де дала кезіп жүрмекшісің бе? Келін емессің бе? Қолыңдағыларды таста да, ваннаны тазала.
- Мен түсте тазалап жуып қойғанмын апа.
- Одан кейін адамдар қосылды емес пе?
-...
Гүлнұр кигелі тұрған көйлегін шифонерге ілді де, бөлмеден шықты.
Ванна, одан соң асхананың раковинасы, шкафтардың іші... бәрін тазалатып енесі қарап отыр. Тым кешкі уақыт болғанда Бейбарыс келді.

Жалғасы бар...