Ерсін Ерғалиев
Өткен ғасырдың 60 жылдары ауыл халқының тұрмысы тым жүдеу еді. Сталинның қанды шеңгелінен құтылып, Хрущевтің темір қақпанына тұтылған кез. Бірақ ауыл адамдары бір - бірімен барын бөліскен ұйымшыл ауыл болды. Анам «Батыр ана». Ол кезде ауылда көп балалы жанұя болу қалыпты жағдай тұғын. Анам ұстаз, әрі үйдегі бала-шағаның қамын жасайтын. Анамның осы шаруалардан-ақ қолы босамайтын. Біз балалары анамызға қолқабыс жасауға тырысушы едік.
Бауырларымыздан қалған - құтқан киімдерді үстімізге іліп алып жүре береміз. Ананы - мынаны әпер деп қыңқылдауға да ұяламыз. Өйткені анамның басынан тартса аяғына жетпейтін жағдайының бәрін көзімізбен көріп отырып, қалай қинаймыз.
Мен ол кезде 5-6 жастағы баламын. Сол кезде тәтіге құмар едім. Хрущев басқарған кезде, тіпті дүкенде нанды өлшеп беретіні есте. Анамыз дастархан басында бала басына бір түйір қант беретін, қалған тәтілер қара сандыққа түсетін, ол қара құлыппен жабылатын, сондықтан қара сандықты ашып, тәтіні құмарта жегіміз келетін.
Бір күні таңертең тұрсам қара сандықтың аузы ашық жатыр. Тегі ұмытып кеткен ғой. Қуанып кеттім, қойны-қонышымды, қалтамды тәтіге толтырып, үйден тайып тұрдым. Оңаша барып, ықылық атқанша тойғаным бар. Енді істерімді істеп алып, үйге қалай келерімді білмей кешке қарай не де болса да деп үйге келдім.
Анамның қабағы түсiп, мені жабырқау қарсы алды, бірақ апам ұрған да, ұрысқан да жоқ. Тек қара құлып, қара сандықтың үстiнде жатты.
Сандықтың аузын неге жаппайсың? – дедім шыдай алмай.
– Балам, үйге Құдайы қонақтар, ұятты кісілер келгенде «балалары көп, ішерге асы жоқ, киерге киімі жоқ» деген сөзден тартынып дастарханның кем - кетігін жабу үшін дәмді тағамдарды, тәтілерді сандықта тығып ұстаушы едім. Сүйтіп жүріп балаларымның қажетілігін ескермеппін ғой. Қайта балаларымның жағдайларын жасай алмағаным үшін сен мені кешір. Енді сандыққа құлып салмайтын болдым. Ақылды болсаң сұрап жерсің, ақымақ болсаң ұрлап жерсің. Жақсы азамат болып өс, мен саған сенемін,- деді анам. Мен пендешілік жасағаныма ұялдым.
Содан былай қара сандықтың аузына құлып салынбайтын болды. Ал, мен апамның рұқсатынсыз тәтті алмайтын болдым. Ендi қара құлып ешкiмге керек болмай қалды. Содан бері анамның маған артқан сеніміне ешқашан қылау түсірмеуге тырыстым, - деп еді Еркін досым әңгіме үстінде.