Түркістандағы киелі құдықтың шырақшысы өзі куә болған тылсым күш туралы айтты.

Түркістан қаласынан 60 шақырымдық жерде орналасқан Үкаша ата құдығының сіз бен біз біле бермеймін сыры неде? Зиярат етушілер қандай жағдайға тап болады? Құдық астында нендей тылсым күш бар? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін  sputniknews.kz тілшісі киелі құдыққа арнайы барып, шырақшы Серік Қыстаубайұлымен сұхбаттасып қайтты.

Тарихқа көз жүгіртсек…

Шырақшы Үкаша ата құдығын ешкім қазып, қолдан құдық етпегенін бірден кесіп айтты. Аңыздарға сенсек, Үкаша Ата Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың тікелей тапсырмасымен осы маңға (қарт Қаратау тауының маңы: автор) ислам дінін насихаттау мақсатында келген екен. Нәтижесінде ислам дінін қабылдаушылар көбейіп, дін дұшпандары оның көзін құртуды ойлайды.

Себебі мұсылман халқы көбейіп кетеді деген қорқыныш болады. Дін дұшпандары мұсылмандықты қабылдағандардың басын шауып, құлағын кесіп, көзін ойып іліп қояды. Мақсаты — осы бір жауыздық арқылы елдің үрейін алу, көргендер қорықсын, ислам дінін қабылдамасын деген ой болыпты. Деректерде таң намазын оқып отырған Үкаша ата сол дұшпандарының қолынан шахид болған деген мәлімет бар. Сол сәтте аспаннан екі періште түсіп, Үкаша атаның басын алып қашқан-ды.

«Үкаша ата көзі тірісінде «Қай жерде жан тапсырсам да, мейлі шахид болайын, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың қасында жерленсем арманым жоқ» деп дұға тілеген екен. Пайғамбардың ізін қуған Үкаша атаның бұл тілегі қабыл болса керек, басы шабылған сәтте кенеттен ауа райы бұзылып, найзағай жерге түсіп кетеді де үлкен тасты жарып жібереді. Содан құдық пайда болады. Үкаша атаның басы сол құдықтың ішіне түсіп кетеді. Дін дұшпандары екі сарбазын құдыққа түсіріп, басын алып шығуды тапсырғанымен, одан нәтиже шықпапты. Үкаша ата туралы аңыздарға сүйенсек, оның басы құдық астындағы өзеннен күн батысқа қарай ағып кеткен деседі»,-деді деректерге сүйенген шырақшы.

Үкаша атаны кейбірі қазақтан, бірі өзбектен шыққан деген ақпараттар бар. Дегенмен көптеген деректерде оның араб тайпасынан шыққаны, Меккенің қасындағы шағын ауылда туып-өскені айтылады.

«Бес жыл бұрын келушілер көп болмады»

Үкаша ата құдығы Түркістаннан 60 шақырымдық жерде орналасқан. Бұрындары мұнда келушілер көп болмаған. Себебі құдық басына жеңіл көлікпен жету халық үшін қиындық туғызған. Қазір асфальт төселген соң келушілер саны да еселеп артыпты. Соңғы бес жылмен салыстырғанда әжептеуір көбейген.

Құдыққа елдің түкпір-түкпірінен арнайы келіп, зиярат етіп кететіндерден бөлек Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей секілді шет елдерден арнайы келетіндер саны да артып отыр екен.

«Қазіргі таңда жұмыс күндері 300-400 адам келіп кетсе, сенбі, жексенбіде ниет етіп келетіндер саны 700-800-ге жетеді. Бірақ, бізде Ясауи кесенесі секілді билет сатылмайды. Сондықтан бір жылда келіп кеткен ниет етушілер санын нақты айта алмаймын. Бізге келгендер кезекпен кіреді. Кейде сағаттап күтеді, кейде адам аз күндері кезегі тез келіп, ондайларға құдыққа екі рет шелек тастауына рұқсат береміз», — деді шырақшы.

Құдыққа еліміздің түкпір-түкпірінен бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей секілді мемлекеттерден адамдар арнайы келеді

Үкаша ата құдығына жылдың жаз айларында ниет етіп келушілер саны көбірек. Әсіресе мамыр айында олардың саны рекордтық көрсеткішке жетеді. Басым көпшілігін оқушылар құрайды екен. Көпшілігі ҰБТ сынағынан өтіп кетейін деп дұға ететін көрінеді. Сұхбат барысында құдық шырақшысы үзіліссіз жұмыс істейтінін алға тартты. Таңның атысынан, күннің батысына дейін зиярат етушілер келе береді. Бір ғана шырақшы болғандықтан дәрет алып, намаз оқитын, ас ішетін уақыттарда құдық басына тұрақты түрде келіп жүргендер шырақшы қызметін жарты сағатқа алмастырады.

«Құдықтың ішіне түскенімде тылсым күшке куә болдым»

«Құдық ішіне жылына бір рет қыс мезгілінде түсіп, тазалап шығамыз. Неліктен қыс мезгілі десеңіз, сол кезде адам сирейді. Құдық астына түсдегі мақсат тазалық жұмыстары. Зиярат етушілер құдыққа шелек тастағанда, кейде ол қалып қояды. Өйткені төмен түскенше жан-жағына ұрылады, майысады… Кейде көзілдірік, құжат, телефон секілді заттар адам еңкейгенде түсіп кетеді. Міне, осының бәрін біз жинап шығамыз» деп сөзін жалғаған шырақшы бұған дейін құдық ішіне алматылық альпинист түсіп, тазалық жұмыстарын жүргізіп келгенін айтты. Серік Қыстаубайұлы алғаш рет құдық астына түскен кезін былайша еске түсірді.

«Әрине, алғашында қорқыныш, үрей болды. Альпинист жігіт: «Қорқудың қажеті жоқ. Тек қасыңа тағы екі адам алып түсіңіз. Шелектер өте көп болады. Жоғары алып шығуда өзіңіз қиналып қаласыз. Ал оны жинап жүремін деп уайымдамаңыз», —деді. «Жинап жүрмейсіз» дегені несі деп сенбедім. Астына түссем, расымен де солай боп шықты. Шашылып жатқан шелек жоқ. Тап-таза жер. Тура бір баскетбол ойнайтын алаң секілді. Шет тұсында күн батысқа қарай өзен ағып жатыр. Мешіттерде намаз оқитын тұста үлкен арка болады ғой. Тура сондай жерге барып су жиналады да, ары қарай жоқ боп көрінбейді. Әлгі құдыққа түсіп кеткен шелектер ыдыс жуғанда кеселерді бір-біріне төңкеріп қоясыз ғой, тура солай 7-8 данамен бір-біріне кигізіліп, құдды біреу түсіп, реттеп қойғандай қаз —қатар бір шетте тізіліп тұр», — деді Үкаша атаның шырақшысы.

Шырақшы құдық астына түскенде тылсым күшке куә болған

Серік Қыстаубайұлы құдық астына тағы бір түскенінде тылсым күшке куә болғанын да айтып берді.

«Бір түскенімде мынандай жағдай болды. Құдық астында 8 сағаттай жүрдік. Бір кезде жоғарыдан «шетке тұрыңдар» деп айқалады. Ресейден осы құдыққа арнайы ниеттеніп келген бір кісі шелек тастамасам болмайды деп тұрып алыпты. Тастады. Қасымдағы жігіт «Су қалай құйылады екен. Көрейінші» деп қолындағы шамын қосып қалып еді, онысы атылып кетті. Біреулер үшін фантастика боп көрінуі мүмкін. Бірақ, шыны сол. Өтірік сөйлеп нем бар?.. Міне, көрдіңіз бе, Алланың құдіреті деген осы шығар. Құдық астынан шелекке судың қалай құйылатыны әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр», — деп ағынан жарылды ол.

Шырақшы құдық астынан жылына 300-ден 800-ге дейін майысқан шелектерді алып шығатынын айтты. «Төмен түсу үшін ойыс-ойыс тастардың арасынан өтесің. Оңай емес, әрине» деген ол құдықтан су алып шығу үшін зиярат етушілерге берілетін шелектер өз қаржыларына сатып алып, кейін ол келушілерге сатылатынын айтты.

«Зиярат етушілер үшін шелекке мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Оны өзіміз әкеліп, осында сатамыз. Өйткені ақшасын шығару керек. Үкіметтен киелі жердің айналасын абаттандыру, жөндеу жұмыстарына және менің жалақыма бөлінеді» деді Серік Қыстаубайұлы.

Шырақшы құдық астынан жылына 800-ге дейін майысқан шелектерді алып шығады

«Құрамы зәмзәм суынан кем емес»

2015 жылы Астанадағы Еуразия университетінің зерттеушілері құдық басында төрт күн жатып, зерттеу жұмыстарын жүргізген екен. Нәтижесінде олар оның құрамы Меккенің зәмзәм суымен 90 пайыз сәйкес келеді деген қорытынды жасаған.

«Расымен, бұл судың дәмі өзгелерден ерекше. Емдік қасиеті тағы бар. Ниет етіп келген адамдар деніне саулық, шипасына ем сұрап көп келеді. Дертінен айыққан жандардың да талай әңгімесін естідік. Құрамы зәмзәм суынан кем емес», — деді шырақшы.

«Құдықтан су шықпаса, өкіріп жылайтындар бар»

Құдықтың тереңдігі — 28 метр. Оның өзге құдықтардан негізгі ерекшелігі, кез келген адамға су шыға бермейді. Біреуге бір шелек тола су шықса, енді бірі тастаған шелегін бос шығарады. Шырақшы құдықтан адамның несібесіне қарай су шығатынан алға тартты.

«Шелегіме су шықпады, демек, мен жаман адам екенмін деген ойдан аулақ болу керек. Халық арасында «Үкаша ата құдығынан тек жақсы, ниеті таза адамдарға ғана су шығады екен» деген әңгіме кең тараған. Ол —қате ұғым. Бұны Алланың сынағы деп қабылдаған дұрыс. Мәселен, алты адам келсе, оның біреуі тастаған шелекке су шығып, қалғанына шықпай қалуы мүмкін. Ондай сәттерде біз сол суды басқа да адамдарға бөліп береміз. Мақсат — ниет етіп келген адамның құдық суынан дәм татуы» деген Серік Қыстаубайұлы шырақшылық етіп жүріп талай оқиғаларға куә болып келе жатқанын да жеткізді. Кейде тастаған шелегі бос шықса, адамдар кәдімгідей ренжіп, ызаға беріледі екен. Айқайлап, аузына келгенді айтып кететіндері тағы бар. Өкіріп жылайтындары да жоқ емес. Ондай кезде шырақшы келушіге басу айтып, жағдайды барынша түсіндіруге тырысады. Ал енді бірі құдықтан су алса, шат-шадымен болып, ысқырып, бөркін аспанға лақтырып қуанып жатады. Ол да дұрыс емес дейді шырақшы.

«Кейде «саған құдық су бермеді, маған шықты» деп бір-бірін келеке ететіндер бар. Бұл көбіне мектеп оқушылары арасында болады. Сондықтан біз соңғы жылдары оқушыларға құдықтан су алуына рұқсат бермей қойдық. Өйткені құрдасының сөзіне ренжіп, түрлі жағдай болуы мүмкін. Олар түгілі үлкен апалар су бермесе, жылап қалады» деген шырақшы құдықтан бір мезетте 40 литр су алып шыққан кісі туралы әңгімелеп берді.

Құдықтан кез келген адамға су шыға бермейді. Біреуге бір шелек тола су шықса, енді бірі тастаған шелегін бос шығарады

«Бір шелек тастап, төрт шелек су алып шықты»

«Былтыр сәуір айында мынандай жағдай болды. Алматыдан бір ер кісі әйелімен, екі қызы және ұлымен келіпті. Құдық ішіне шелек тастады. Жіппен тартып шығарарда ауыр боп кетті. Жабылып жүріп шығарып алсақ, төрт шелекке толы су шығып тұр. Алдында майысып, құдық ішінде қалып қойған шелектер ілініп шыққан ғой. Бір рет шелек тастап, 40 литр су шығарып отыр», — деді ол.

«7 жыл бала көтермеген ресейлік ана атанды»

Құдық басына жақын маңдағы ауылдың қариялары тұрақты түрде айына бір рет келіп тұрады. Емшілер мен туристік агенттіктегілер де тұрақты зиярат етушілер қатарында. Тұрақты келушілер қатарында ресейлік бір келіншек те бар. Шырақшының сөзінше, ол бірнеше жыл бала сүйе алмай жүрген екен. Осы құдық басына келіп, су ішіп, кейін түс көріпті. Түсінде белгісіз ер кісі гүл сыйлаған екен. Содан әйел аяғы ауырлап, қыз баласын дүниеге әкелген. Осы жағдайдан соң ол құдық басына тағы да бірнеше рет келіп жүріп, қызынан соң ұлды болыпты.

Депутат Қазақстанның қасиетті жерлерін ұлттық валютада бейнелеуді ұсынды

Үкаша ата құдығы туралы қызықты әңгімелерін баяндап берген Серік Қыстаубайұлы құдық басына әркім түрлі себеппен келетінін де айтты.

«Біреу бала сұрап келеді. Енді бірі деніне саулық, келесісі баласының амандығын тілейді. Тағы бірі қызметінің алға басуын Алладан сұрайды. Алла шын ниетпен дұға еткеннің тілегін қабыл етеді.

«Шырақшы ретінде алдағы уақытта әулиелі жерлерге зиярат етуді жоспарлап отырғандар үшін құлаққағыс айтқым кеп отыр. Киелі жерлерге әйел адамы етегі мен жеңі ұзын киім киіп, басына орамал тағып келгені дұрыс. Ер кісілер тақиясымен. Біз де келушілерге барынша түсіндіреміз. Киелі жердің киесі ұрады деген бар. Бірақ сонау жерден білместікпен шалбар, не жеңі мен етегі қысқа көйлекпен келетіндер бар. Ондайларға үзілді-кесілді қарсылық таныта алмаймыз. Ниет етіп келген адамға түсіністікпен қараймыз», — деп сөзін түйді шырақшы.

Зиярат етушілер отбасымен келеді

Шырақшымен сұхбаттасып отырып, келушілердің де пікірін білгіміз келді. Алайда «несібем қалай болар екен?» деп қобалжыды ма, сұхбат беруге ешбірі көнбеді. Тек іштен шыққан үш ер кісінің бірі келісімін берді.

«Үкаша ата құдығы туралы әкемнен, атамнан естігенмін. Бірақ, ары-бері өтіп, еш жол түспеп еді. Құдам және тағы бір досымызбен бүгінгі күнді киелі орындарға зиярат етуге арнап отырмыз. Еңбек демалысына шыққан күннен бастап өзіміз ниеттеніп жоспарлап едік. Құдық суы біреуге беріледі, біреуге шықпайды деп еститінбіз. Аллаға шүкір, несібемізге орай су шықты. Енді келесі жолы отбасымызбен келуді жоспарлап отырмыз», — деді зиярат етуші Сабыр Ортаев.

Дереккөз:sputniknews.kz