"Бизнес Бастаудың" Ақтаудағы ресми өкілі, жас кəсіпкер, IT маманы, инстаграмның белсенді қолданушысы
- Өзіңізді таныстыра кетсеңіз....
Саламтсыздар ма,
- Мен, Изанов Асылбек IT технология маманы, қазіргі таңда үйренуші кәсіпкермін. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде бірнеше жобаларды қолға алып жатырмын. Инстаграм, faсebook, ВК әлеуметтік желілерді тиімді қолдануды және кәсіпкерлерге осы саладан қызмет көрсетумен айналысамын. «Бизнес бастау» жобасының Ақтау қаласы бойынша ресми өкілімін.
- Инстаграм желісін пайдаланғалы неше жыл?
- Инстаграмда бірнеше жеке және кәсіптік парақшаларым бар. Осы әлеуметтік сала қазіргі таңда өте үлкен сұраныста. Инстаграм желісін біраз уақыттан бері пайдаланамын. Әрине алғашқыда жеке парақша ретінде қызығушылықпен басталған. Бірақ о бастан-ақ инстаграмның алысы белгілі болды ғой.
- Инстаграмда біраз оқырманың бар екен. Оқырман жинаудағы құпиямен бөліссеңіз.
- Ол рас, оқырманымыз көп. Әрине оқырман жинаудың бірнеше жолдары бар. Тіпті арнайы программалар да бар. Инстаграмда оқырман жинау үшін мысалы, әртүрлі конкурстар өткізу, акция жариялау, сауалнама жүргізу, қажетті ақпараттармен бөлісу сияқты т.б әдістері көп. Дегенменде, әр адам өз оқырмандарымен шынайы болу керек деп ойлаймын. Берер мағлұматы мен айтар сөзі оқырманға қызық әрі пайдалы болу қажет.
- Сіз қалай ойлайсыз, инстаграм табыс көзі бола ала ма? Мысалға жарнама арқылы?
- Әрине. Мыңдаған оқырмандары бар жұлдыздар да, кәсіппен айналысып жатқан кәсіпкерлер де осы инстаграм арқылы танылып, жарнама жасап, әжептәуір табыс тауып жүргендері қаншама. Инстаграмның арқасында үйде бала тәрбиесімен отырған қыз-келіншектер қолынан келетін дүниені жасап, жарнамалап, табыс тауып жүргендерін де көріп отырмыз. Сондықтан, әрине бұл орайда инстаграмның пайдасы деуге болады.
- Инста әлемнің басқа желілерден артықшылығы деп нені айта аласыз?
- Басқа желілерден айырмашылығы, бұнда тек фото және видео салып қана қоймайсыз, көптеген қосымша функциялар қосылған. Соның ішінде айтар болсақ, бизнес парақша ашуға болады. Шынында да мыңдаған адамдар өз кәсіптерін инстаграмда жарнамалау арқылы бастады. Тіпті қандай тауар, қандай қызмет түрі керек болсын қалың жұрт инстаграмнан іздейтін болды. Осының өзі инстаграмның басқа әлеуметтік желілерден оқ бойы озық екенін көрсетеді.
- Адал кәсібімен адал ас тауып жүрген азаматсыз хәм бизнес әліппесін бес саусақтай білетін жансыз. Бизнес бастау үшін не нәрсе керек?
- Бизнес бастау «Бизнес бастаумен оңай», расында бизнес бастау үшін қазіргі таңда болып жатқан өзгерістерден шетте қалмай, жаңа технологияны
меңгеріп, үнемі ізденісте болу керек. Біздің жобаның бизнес бастаймын немесе кәсібімді жандандырамын деген адамдарға берері көп.
Әр екі ай сайын Қазақстан бойынша мыңдаған адамдар оқып, өз кәсіптерін дөңгелетіп жатыр. Осының өзі үлкен дәлел. Өзімнен қосар болсам әр адам бизнесте табанды болып, үнемі ізденісте болу қажет деп ойлаймын.
- «Әлеуметтік желі - кәсіпкерге көмекші құрал» деген сөзді шетелдік менеджмент сала мамандары жиі айтады. Сіздіңше қалай?
- Өте дұрыс айтылған деп ойлаймын. Оған бір мысал, біздің жобаға келетін кәсіпкерлерді айта аламын. Олар өз кәсібін 10-20 жыл бұрын бастағандар. Бірақ заманына қарай адамы дегендей, информация тым көп қоғамда өмір сүргендіктен, жарнамалаудың, клиентке апарар бірден-бір жолдың әлеуметтік желі екендігін түсінді. Сондықтан жаңа толқынға ілесу керек болды. Кәсіпті жарнамалаудың жаңа жолдарын үйрене бастады. Міне, осы жерде әлеуметтік желі нағыз көмекші құрал. Біз қолға алға жаңа жоба J&B қызмет көрсету орталығы да бизнес бастап жатқан жастар мен жеке кәсіпкерлерге әлеуметтік желіде өз кәсіптерін дамытуда көмектеседі. Онда қызмет көрсетудің бірнеше сала бойынша мамандар командасы жұмыс жасайды. Яғни бизнесті қарқынды және жан-жақты жүргізу қызметін көрсетеміз.
- Оқырмандарға айтар тілегіңіз.
- «el24kz» сайтының ұжымына үлкен табыс, жаңашылдық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Сіздерді оқитын оқырмандарыңыз көп болсын, адал болсын. Еліміздің Рухани жаңғыру аясында қоғамға зор үлесіңізді қоса беріңіздер және де жаңа жазылар қызықты дүниелеріңіз көп болсын. Рахмет сіздерге.