Ерқанат Сəрсенбайұлы, "Қоғам ТВ" телеарнасының редакторы
- Аға, қоғамда үш күннен бері талқынып жатқан тақырып - Төреғалидың концерттегі əрекеті. Сіз осы жайтқа байланысты фейсбукте пікір білдірдіңіз. Сол жазбаңызды кеңінен түсіндіре кетсеңіз...
- Менің Фейсбукке жазған пікірімде "Төреғали оңбаған, мәдениетсіз" деп оның жеке басына тіл тигізгенім жоқ. Тек біздің сахнадағы мәдениеттің тым төмендеп кеткендігін айтқым келді. Өздеріңізде байқап жүрген шығарсыздар, көптеген әншілер мен әншісымақтар ел алдына ашық-шашық шығып, "әттеген-ай" дейтін қылықтар жасап жүр. Тіпті кеше "Ninety One" тобы сахнаға әлем-жәлем болып шыққан кезде де осылай халық болып шулағанымызбен, билік тарапынан немесе Мәдениет Министрлігі тарапынан ешқандай шара болған жоқ. Сондықтан ендігі жерде сахна мәдениетіне билік ерекше мән беріп, қажетті талаптарды қолға алса деген ойымды айттым. Мұндай сорақылықтардың барлығын кешіре беріп, үнсіз отырсақ алдағы уақытта мұнан да өткен сұмдықты сахнадан көріп қалуымыз мүмкін.
- Журналист ретінде біздер əншілерді жиі жарнамалап кетпедік пе? Сіздіңше қалай?
- Әрине, қазір басылым беттерінде болсын, көгілдір экран дейсіз бе әншілер аз жарнамаланып жүрген жоқ. Бірақта біз секілді журналистердің арқасында ел арасында көрінбей жүрген таланттар танылып, өнер шыңына көтерілгенін де мойындап қойған дұрыс шығар. Бүгінгі "Төреғалидің шуынан" соң осыны журналистер түймедейді түйедей етіп, жарыса, жамырай жазуда" деген сынды түрлі пікірлер айтылып жатыр. "Ұлы дала баласы" айтыстан әншілікке ауысқан шақта да БАҚ өкілдері өнер иесіндегі өзгерісті жазып, көрсетіп, айтып көпшіліктің назарын аударды емес пе? Сонда неге тілшілерге өкпелемедік? Сондықтан біреу ағаттық жіберсе, оны жариялаған журналистерді кінәлауды қою керек. Қазір білесіз телеарналарды көптеген шоу-бағдарламалардың жүргізушілері болып әнші, әртістер қаптап кетті. Бұл да біздің өнеріміздің ақсауына әкеліп соғатынын айтып та, жазып жүрміз. Камера алдында не сөйлеп, не қойғандарын білмей алаңғасарланып жүрген бірнеше жұлдызсымақтардың қателерін ашып жазған да болатынмын.
- Дұрысы, өнер адамы деген кім?
- Өнер адамы дегеніміз - Құдайдың берген дарынын халықтың арқасында қажетіне жаратып жүрген адам. Бүгінде Алла бермесе де фонограммамен ән салып, ол қасиетін халықтан жоғары қоятындар көбейіп кетті, өкінішке қарай, бүгінде. Өнерің болғанмен оған құлақ түрер жұртың болмаса, қайда жаратасың? Сондықтан, тыңдарманды тыңдата да, тыңдай білу керек деп есептеймін.
- Біздегі тыңдарман мəдениетінің деңгейі қандай?
-Бұл жерде "павлодарлық тыңдармандардың мәдиниеті төмен болған шығар" деген ойда отырғандар да бар болар. Қайта өте мәдениетпен, асқан сабырлықпен ерсі сөзді елемегендей болыпты. Ал, ол жағдай біздің Қызылордада немесе Шымкентте, не Атырау, Ақтауда болса қандай жағдай орын алуы мүмкін екендігін ойлап көрдіңіз бе? Менің ойымша ондай жағдайда әншіге таяқ, сусындардың бос ыдыстары не болмаса аяқ киім лақтырылуы мүмкін еді. Мен бұл қалаларда тыңдарман мәдениеті төмен демеймін, мұндай қызу қанды халық әншінің есерлігіне үндемей қалмайтындығын айтқым келеді.
-Уақытыңыздың тығыздығына қарамай сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!