Олжас Жақыпбек

Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік Академиялық қазақ музыкалық драма театрының актеры

Ассалаумағалейкум, Олжас аға!  Қасиетті Рамазан айы қайырлы болсын! Əңгімемізді биылғы жылы театрда бұйырған рөлдерден бастасақ...

 Биыл театрдағы ойнаған рөлдерім: Ойыншықтар оянғанда ертегісінде "Ертекші", Шекспирдың "Отелло" қойылымында Яго.

Бар жетістіктің негізі -бала арман. Сіздің жүрек төріндегі  бала арманыңыз қандай еді?

Бала болған соң арман көп болады ғой, көп армандарымның бәрі ойлап қарасам өнерге қатысты болған екен. Әнші, актер, музыкант т.б... Бірақ, жасөспірім кезімде бәрінен де қатты футболшы болуды армандап, сол арманның жетегімен “Еңбекшіқазақ” ауданының орталығы Есік қаласынан ,Алматыға мектеп ауыстырдым. Қалаға келгенде әкемнің інісі, суретші Әсет Жақыпбек ағамның үйінде тұрдым. Өз жұртымнан өнердегі үлкен белестерді осы ағам бағындырды, қалған туыстарым көбінесе спортқа бейім. Мәселен әкем Дәлелхан Жақыпбек күрестің үш түрінен спорт шебері.

 Отбасыңызда өнерге жақын жандар бар ма?  Қасиетті өнер сізге кімнен дарыған?

Әкемнің Советбек деген бауыры футболшы болам дегенде "сенің орның өнерде" деп талай рет айтқан болатын. Сол кісінің тілегі шығар, айналып келіп осы мамандықтан табылдым. Дегенмен нағашы жұртым өнерге біршама жақын жандар. Бала күнімде әкем гимнастикаға апарса, анам пианино классына апарды. Актер мамандығына келгенде екеуінің де жемісін көріп жүрмін.

Алғаш рет ойнаған рөліңіз есте болар...

Театрға келгенде Әлімбек Оразбековтың режиссерлығымен Қ.Шаңғытпаевтың "Беу қыздар-ай" комедиясы сахналанды. Маған Серке рөлі бұйырды. Сол бір бақытты шақтың зымырап өте шыққанына күзде алты жыл болады екен. Сол алғашқыдан бастап қай рөлім болмасын, іштей әрі сырттай шыныға түскенімді қалайды.

 Ойнаған рөлдерің ішінде сізді ойландырғаны көп пе?

Қай саладағы адам өзіне ыңғайлы қалыпта қалып қалмау керек, мақсаты мен істейтін жұмысының салмағын ауырлата түссе ғана дамып, армандарына жетеді деп ойлаймын. Әрине, арманының ауқымына байланысты... Рөлде де сол сияқты. Біз әуелі әр рөліміздің биографиясын жасаймыз. Бұл үлкен ғылым. Өзіңді өшіріп, басқа кейіпкердің бейнесін әрі ішкі дүниесін сахнаға алып шығу және сол арқылы белгілі бір ой мен позицияны көрерменге жеткізіп, оның ойын қозғау үшін үлкен практика мен білім қажет. Ізденіс пен қызығушылық, ісіңе деген ынтызарлық еш тоқтамау керек. Маған дәл қазір Мәскеу қаласында бір айлық мастер-класс сабақтары бұйырды. Бұл да ізденіс барысы, жаңа дүниелермен танысу.

Сізге бір кейіпкерді толық сезіну үшін қанша уақыт қажет? Кейіпкерді жүрекпен сезінбей көрерменді сендіру қиын.

Кейіпкерді сезіну деген сұраққа келсек... Егер суретші ретінде белгілі бір кейіпкердің суреті дұрыс салынса, әр спектакльді қайталап ойнаған сайын көп дайындық уақытын талап ете қоймайды. Әрине, зерде тұрғысынан сөзді, әріптеспен бірге мизансценаларды қайталау ол міндетті түрде. Ары қарай рөлге бір-екі элементті қосып, жоғарыда айтқандай дамыта түсуге тырысамыз. Былайынша әр рөліміз үнемі жадымызда жүреді.

"Актер - ой адамы болады"- дейді француздар.  Сізді жиі ойландыратын нəрселер?

 

Мені көбінесе өзіме қандай сезім жетіспей жатса, неге жетіспей жатқаны ойландырады. Бүгінгі таңда ана тіліміздің, халқымыздың рухы әлсіреп бара жатқаны қатты уайымдатады. Бірақ жақсыдан үмітімді үзбеймін!

Аға, мен сіздің үніңізді көктемде жаңа бусанған табиғат ананың ерке өзеніндей қабылдаймын. Үніңіздегі ешкімге ұқсамайтын  еркеліктің арқасында талай телехикаяттарды дыбыстап жүрсіз.  Дыбыстау саласында сізге жиі қандай адамдар бұйырады?

Үніме деген теңеуіңе көп рахмет, Алла разы болсын, ол рас солай болса Алланың бергені! Менің тарапымнан керегі өз болмысымды зерттеп мүмкіншілігімді арттыру.

Ойнаған рөлдерің ішінде сізді ойландырғаны көп пе?

Алғашында тек жағымды кейіпкерлер бұйыратын, қазір сәл есейгеннен бе екен, әр түрлі характердегі кейіпкерлерді дыбыстап жүрмін.

Өнер жалқы жүрмейді деп жатады. Көпшілік біле бермейтін қандай өнеріңіз бар?

Ешкімнен жасырып қалған өнерім жоқ сияқты. Тек соңғы кездері күнделікті қалыпты тіршіліктен бір уақ алыстау үшін ағаштан бұйым жасауды әдетке айналдырып жүрмін, жақында скрипканың мүсінін жасадым) Театрдағы шеберханадағы әріптестерім оң бағасын берді, соған қарағанда осы әдетімнен арылмайтын сияқтымын.

Əр саналы  адам өзінің  жүріп келе жатқан жолын бір сəт болсын  ойша бағамдап көреді. Өрелі жас ретінде, өзіңіздің өнерді қалай бағамдайсыз?

Бойымнан өнер байқалса оның қандай дәрежеде екенін мен білем, бірақ, ол өз ішімде қалады, мен тек шыңдай түсем, әрі тоқтатпауға тырысам, Алла денсаулық берсін!

Өнер жолы. Сіздің көзіңізбен ауыр ма? Жеңіл ме?

Өнер жолы жеңіл әрі ерте берілсе сол жолдағы молшылықты ұстап қалу қиынға соғады. Ал енді көп уақыт пен қажырлы еңбек арқасында келген бақты ұстап қалу сәл жеңілдеу болар. Білмеймін, менікі пайымдау ғана.

Өзіңізді үш сөзбен сыйпаттай аласыз ба?

Үш сөзбен сипаттасам:

Спокойный крутой парень.

Өмірде сіз қабылдай алмайтын нəрселер бар ма?

Ата-анасынан құтылғысы келетін адамдардың осы ісін қабылдай алмаймын.

Бойыңыздағы өзіңізге аян екі кемшілігіңіз қайсы?

Жасықтық пен шешім қабылдау үшін ұзақ ойланатын қасиеттерім ұнамайды.

Жастықтың жарқылы -ғашықтық  екені даусыз. Жүрегіңіздің жартысын жолықтырған жансыз ба?

Иә, болашақ жарымды жолықтырған сияқтымын. Неге сияқтымын деген сұрақтың жауабы алдыңғы сұрақтың жауабында тұр. Негізі жолықтырдым.

Жүрегіңіздегі арда тілек қандай?

Тілегім алдымыздан кезіккен адамдардың құшағы мен үйінің есігі әрдайым айқара ашық тұрса екен деймін.

 "Армандары көп адамнан жетістік күт"- деген  жапон халқы. Сіздің армандарыңыз көп пе?

Армандарым бар, мақсаты да бар, деніміз сау болса оған да жетерміз! Әзірге ішімде тұра тұрсын, орындалғанда көрерсіздер Иншалла!!!

Олжас аға,  сұхбатымыздың соңында есте қалған бір қызық оқиғаңызбен бөліссеңіз

Қызықты оқиға дәл қазір боп жатыр... Екі грузиялық, түрік, армения, өзбек, белорусия, қырғыз, түркімен, неміс, азербайжан, кабардино-балкар және мен қазақ сабағымыз аяқталып, ән айтып отырмыз. “Дудар-ай“әнін айтып бердім, осылай отырсам деп армандамаппын. Бірақ, арманды арман қуады...