Джолбасханов Ислам Талипұлы
«Мейірім» ерікті жастар ұйымының негізін қалаушы.
- Қазіргі таңда "Мейірім" ерікті жастар ұйымының қанша мүшесі бар?
«Мейірім» ерікті жастар ұйымының құрылғанына биыл бес жыл толып отыр. Осы аралықта ұйымда үш жүзге жуық ерікті жұмыс атқарып, тәжірбие жинап, қоғаммен қарым-қатынас жүргізуді, командалық бірлікте жұмыс жасауды, көшбасшылық қасиеттерін дамытып, азаматтық жауапкершілікті сезінуді үйренді. Біздің ұйым барлық азаматтарға ашық. Кез-келген жан келіп бізбен жұмыс атқаруларына болады. Қазіргі таңда ұйымда 50-ге жуық еріктілеріміз бар.
- Еріктілердің елге аса жауапкершілікті сын сағаты туғанда үнемі сонда жүретінін байқаймыз( Арыс оқиғасында, қазіргі елге таралған індет.сс.)Сіздердің қауіпсіздігіңізді кім қамтамасыз етеді?
Арыс қаласында төтенше жағдай орын алып, сол кездегі жағдай өте қауіпті болатын. Еріктілік жан қалауы болғаннан соң жәрдемге баруға ұмтылып тұрдық. Арыс қаласына барғанда бізге барлық сақтық шараларын түсіндіріп, оқыту жұмыстары ұйымдастырылған болатын. Дәл қазіргі кезеңде де қауіпті індет өршіп тұрған уақытта біз үшін еріктілірдің қауіпсіздігі басты назарда. Әр шара басталмас бұрын біз оларға сақтық шараларын түсіндіріп, қолдарын әр кезде жуып, антисептикалық құралдарды сеуіп жүрулерін қадағалаймыз. Арнайы қолғаптар мен бетперделермен қамтамасыз етеміз.
- Мемлекет тарапынан сіздерге қаржылай көмек беріле ме? Əлде демеушілеріңіз бар ма?
Мемлекет тарапынан еріктілер ұйымына қолдаулар жасалынып жатыр. Ол әлеуметтік жобаларға гранттар беру арқылы қаржыландыру. Еліміздің еріктілері өзара тәжірбие алмасып ары қарай бірлесіп жұмыс атқару мақсатында түрлі форумдар мен семинар-тренингтер ұйымдастырылады. Сонымен қоса демеушіліріміз де бар.
- Жағдайы төмен отбасыларға, асыраушысынан айырылған отбасына, мүгедектерге қайырымдылық іс - шараларын өткізіп жүрсіздер. Оған қаражатты қайдан аласыздар?
Осы бағыттағы жұмыстарды атқарып жатқанымызға біраз болды. Қоғамда жаны жомарт, жәрдем беруге ұмтылып тұратын азаматтар баршылық. Қайырымдылық акцияларға кәсіпкерлер көмек береді. Біз барынша кәсіпкерлерді акция барысында көмекті алатын мұқтаж отбасыларға апаруға тырысамыз. Кейбір жағдайларда кәсіпкерлер мен мұқтаж отбасылар ары қарай табысып, байланыс орнататын кездер де болады. Осындай жағдайларда кәсіпкерлер бізсіз-ақ сол отбасыға көмек беріп жатады. Біз ортада «алтын көпірдің» рөлін атқарамыз.
- Қазіргі таңда еліміздегі тарап жатқан індетке байланысты бетперде тапшылығы бар.Сіздер жеке кəсіпкердің демеушілігімен соны жою мақсатында жұмыс жасап жатыр екенсіздер.Тегін бетпердемен кімдерді қамтамасыз етіп жатырсыздар?
Иә бетперде тапшылығы бар екені рас. Табылса да олар қымбат сатылады. Бірінші кезекте әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қарттарды қамтамасыз етудеміз. Ол отбасыларға бетперделермен қатар қажетті азық-түліктерді жеткізудеміз. Сонымен қатар күндіз-түні аяқтарынан тік тұрып, адал қызметтерін атқарып жатқан, халықпен тығыз байланыстағы медицина және полиция қызметкерлерін бетперделермен қамтудамыз. Қоғамдық орындарда, базарлар мен көшедегі тұрғындарға да таратып жатырмыз.
- Тағы бір ойланарлық жағдай , заводтан шыққан бетперделерде вирусқа қарсы арнайы сұйықтық жағылады, ал қолдан тіккендерді ол жоқ, сондықтан шаңнан басқадан қорғай алмайды -деп жазды фейсбук парақшасында дəрігер Ғабит Нұрханұлы.Сіздерде осы жағы қалай болып жатыр? Қолдан тігілген бетперделер вирусқа қаншалықты қауқарлы?
Медицина саласының маманы болмағаннан кейін оның анығын білмеймін. Алайда біздің таратып жатқан бетперделерді бір рет емес бірнеше рет қолдануға болады. Оны жуған кезде ыстық сумен жуып, ыстық үтікпен басып үтіктеу қажеттігін тұрғындарға түсіндіріп жатырмыз. Заводтан шыққан бетперделерді табу қиын екенің білеміз. Сондықтан да қазіргі жағдайда қолдан тігуден басқа амал жоқ.
- Атқарып жатқан істеріңізге сəттілік тілейміз ! Сын сағатта халыққа айтар тілегіңіз...
Халқымызға қиындық түскенде барлығымыздың бірігіп оны жеңіп шыққанымызға бірнеше рет куә болдым. Аягөз қаласын су шайып тұрғындардың үйлеріне нұқсан келіп, біраз жандар баспанасыз қалып жатқанда бүкіл ел болып «Аягөзге көмек» акциясын ұйымдастырып жәрдем бергеніміз, Арыстағы бауырларымыздың басына қиындық туып, төтенше жағдай орын алғанда да «Арыс, біз біргеміз!» деп тағы да елмен бірге жәрдем беріп қиындықтың барлығын артта қалдырдық. Бұл келген вируста біз үшін уақытша сынақ екенің сеземін. Бұл жолы да барлығымыз бірігіп, бұл індеттің таралмауына үлес қосып жатырмыз. Дәл қазіргі сын сағатта әр бір жан мамандардың айтқан кеңестеріңе құлақ асып, оны орындаулары қажет. Елімізде бұл індетті жұқтырған науқастар жазылып жатыр. Алла қаласа барлығын жеңіп, қиындықты артта қалдырамыз. Барлық азаматтар індеттін таралуына себепші болмай үйде болғандары жөн. Түннен кейін күн шыққандай, уайым-қайғысыз күндердің ауылы да алыс емес. Барлықтарыңыздың отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тіледім! Аман болайық!
#BIZBIRGEMIZ