• Ассалаумағалейкүм, Алпамыс Шәменұлы. Күздің сырлы мезгіліндегі жаңа маусым құтты болсын! Әулиеата жұртшылығының төл арнасы - «Қазақстан-Тараз» арнасының жаңа маусымдағы жаңалықтары қандай?
  • Рахмет. Теларнамызда жаңа маусымда көрермендерге ұсынатын жаңалықтарымыз жеткілікті. Солардың ең бастысы бұған дейін көпшілікке «Қазақстан-Тараз» атауымен белгілі болған телеарнамыз бүгіннен, яғни 30 қазаннан бастап «Jambyl» телеарнасы деп аталатын болды. Сонымен қатар шығармашылық ұжымымыз жаңа атауға ие болып қана қоймай, бұдан былай әулиеаталық көрермендерге өзінің жаңа бағдарламаларын да ұсына бастайтын болады. Бұл бағдарламалардың барлығы көркемдік кеңес мүшелерінің сұрыптауынан өтіп, жаңа телевизиялық маусымнан бастап көпшілікке жол тарта бастайтын болды. Ал, арнаның жаңа атауына келетін болсақ, бұған дейін зиалы қауым өкілдері, БАҚ саласындағы әріптестер және облыс тұрғындарының арасында басшылық тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Көпшіліктің көңілінен шыққан «Jambyl» атауы осылайша көрермендерге жол тартты. Өзге де жаңа маусымның жаңалықтар санаулы күндерден соң Тараз қаласының орталығында өткізетін презентацямызда кеңінен айтатын боламыз.
  • Жаңа маусымдағы патша көрермен қауымға ұсынатын телеөнімдеріңіз жайлы айтып өтсеңіз?
  • Телеарнада осы маусымда 43 бағдарлама көпшілік назарына ұсынылуда. Олардың бірқатарының түсірілім алаңдары мен шапкалары өзгертілді. Күнделікті эфирге шығатын «Жаңалықтар» бағдарламасы мен таңертеңгілік тікелей эфирде берілетін «Қайырлы таң, Әулиеата!» бағдарламасының декорациялары толықтай жаңартылды. Сонымен қатар қоғам және мемлекет қайраткерлері, жазушылар, ғалымдар, мәдениет саласының мамандарымен қатар жалпы өмірде көргені мен түйгені мол азаматтардың қатысуымен өтетін Жалғас Қошқарбайдың "Салмақты сөз" хабары көпшілік көрерменге жол тартты. Бұдан өзге Ақерке Бектастың «Кісілік кітабы», «Білім-инновация», Қымбат Қаржауқызының «Музей маржандары», Айгерім Жасұзақтың «Заман және біз» бағдарламалары көрермендердің көңілінен шығады деген ойдамыз. Алдағы уақытта Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» мақаласына байланысты бүгінгі күннің өзекті тақырыптарын қозғайтын хабар ашу мәселесін де жоспарлап отырмыз. Келер жылы Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығын еліміз болып атап өткелі отырмыз. Бұл бағытта да арнайы хабар шығаруды алдымызға мақсат етіп қойдық.
  • Жаңа маусымнан не күтесіз?
  • Отыз жылға жуық тарихы бар телеарна қызметкерлерінің осы уақыт аралығында жеткен жетістіктері де аз емес. Бұл сұхбатымызда оған да тоқталмай кетпеске болмас. Телеарнада тәжірибелі, өз ісінің маманы іскер жандармен қатар жас мамандарды тәрбиелеу ісіне де жіті мән беріп келеді. Журналистеріміздің қатары жыл сайын жастармен толығып отырады.

Арнамыздың қызметкерлері түрлі байқаулар мен конкурстарға тұрақты түрде қатысады. Осыған дейін «Алтын қыран», «Үздік көшбасшы» атақтарына ие болғандығын мақтанышпен жеткізгім келеді. Өткен жылы Арменияның Ереван қаласында өткен VI халықаралық «ТЭФФИ-2016» телевизиялық фестивалінде дипломант атансақ,  жаңа маусымда көрермендерге тарту десек те болады кеше ғана «Жаңалықтар» қызметінің шеф редакторы Наимбек Бағбанов Ресей елінде өткен «Тольятти-2017» VI Халықаралық байқауының спорттық кино және телеарна номинациясы бойынша І орынға ие болды. Сондықтан басталып жатқан жаңа телевизиялық маусым телеарнамыз бен қызметкерлеріміз және көрермендеріміз үшін жағымды жаңалыққа толы болады деген үміттеміз.

  • Көрермендерге айтар тілегіңіз?
  • Біз облыстық телеарна болғанымызбен қазір «ОтауТВ» жерсеріктік жүйесі арқылы республикаға тараймыз. Бұл дегеніңіз біздің арнаны аймақ тұрғындары ғана емес, басқа да өңірдің тұрғындары көріп, тамашалайды деген сөз. Еліміз бойынша хабар таратып отырған телеарнаға қойылар талап та жоғары болатыны белгілі. Сол бәсекеге қабілеттілікті сақтап қалу үшін біздің шығармашылық ұжым уақытпен санаспай еңбек етіп, көрермендерімізді жалықтырып алмас үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыратын болады. Сондықтан көпшіліктің ой-пікірі де біз үшін маңызды. Олай болса жаңа телевизиялық маусымда жаңа атаумен қауышып отырған көрермендерімізге бізбен бірге болыңыздар! - дейміз.