Қазақстандағы аса ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының бірі «Апорт» жуық арада Талдықорған қаласында пайда болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың инвесторлармен кездесуінде айтылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бүгін Амандық Баталов «HOME MART» компаниясының бас директоры Ерлан Мұқашевпен, «Аллель Агро» АҚ басқарма төрайымы Разия Жатақпаевамен және «Энергомост» консорциумы директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Лилия Наммен кездесті.
Кездесу барысында «Апорт» орталығы құрылысының 3-ші кезегінің инвестициялық жобасы туралы Ерлан Мұқашев айтып берді. Е. Мұқашевтің айтуынша, 3-ші кезегінің құрылысы 40 мың шаршы метр алаңда Қарасай ауданының аумағында жүргізілуде. Инвестиция көлемі – 10 млрд. теңге көлемінде. 3-ші кезектегі құрылыс жұмыстарының нәтижесінде орталықтың жалпы алаңы 150 мың шаршы метрді, жалпы инвестиция көлемі 30 млрд. теңгені құрамақ.
Облыс әкімі А. Баталов өз кезегінде мұндай деңгейдегі сауда орталығын Талдықорған қаласына да, атап айтқанда оңтүстік-батыс тұрғын ауданға салу қажеттігін айтты.
Е. Мұқашев бұл ұсынысты және оның шешімін іздеу жолдарын қарастыруға дайын екендіктерін жеткізді. Бұл мәселеде облыс әкімінің тапсырмасымен қала әкімдігі де қолдау көрсететін болады.
«Аллель Агро» АҚ жұмысы туралы аталмыш компанияның басқарма төрайымы Разия Жатақпаева әңгімеледі.
Облыс аумағында бүгінгі күні жалпы жылына 55 мың тонна құс етін дайындайтын қуаттылыққа ие, бройлер өсіретін 3 құс фабрикасы, комбикорм зауыты, ұядан басып шығаратын құс фабрикалары, инкубаторлар, 2 ет өңдеу зауыты жұмыс жасайды. Р. Жатақпаеваның айтуынша, қазіргі кезде Талғар ауданының Панфилов ауылына жақын маңда компания сойылған мал етінің көлемін жылына 70 мың тоннаға жеткізе алатын мал сою цехын салуды жоспарлап отыр. Оған қажетті барлық құрал-жабдықтар сатып алынған. Жалпы биылғы жылы «Аллель Агро» АҚ кәсіпорындары 46 мың тонна құс етін өндірген, өндіріс көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 34% артқан. 2014 жылдан бастап 2017 жылға дейін компания 12 млрд. теңгеден астам қаржыға жобаларды инвестициялаған.
Жиында айтылғанындай, Алматы облысы құс етін өндіруде еліміз бойынша көшбасында тұр, нарықтағының 45%-ін немесе жылына 83 мың тонна ет өндіреді.
«Энергомост» консорциумының облыста жүзеге асырып жатқан жобалары жайында консорциум директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Лилия Нам баяндап берді. Л. Намның айтуынша, өңірде консорциум үш бағытта жұмыс істеп келеді. Бұл орайда Ақсу
қант зауытын жаңғырту, гидроэнергетикалық және су шаруашылығы кешендерін айтуға болады. Консорциум ирригациялық жүйелерімен бірге Покатиловка су қоймасының құрылысын да жүзеге асыруды қолға алып отыр.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов сөз етілген жобалардың барлығы да облыс үшін аса маңызды екенін, соның негізінде жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке салық түсімі тұрақтанатынын, жалпы алғанда өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі жақсара түсетінін атап өтті.
- Сіздерге барлық қажетті қолдаулар көрсетіледі. Біз облысты одан әрі дамыту үшін инвесторларға қолайлы жағдай жасауды бұдан былай да жалғастыра беретін боламыз, - деді А. Баталов.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.