Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қапшағай қаласында болып, өз тапсырмасы бойынша жасалған абаттандыру жұмыстарының нәтижелерімен танысты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков облыс әкімі Амандық Баталовты қалалық саябақ аумағын дамыту тұжырымдамасымен, жағажай аумағын дамыту мен көп қабатты үйлердің аулаларын абаттандыру сызбасымен, сол сияқты мәдениет үйлері мен дене шынықтыру-сауықтыру кешендері құрылысының жобалық үлгілерімен таныстырды. Презентация замануи ландшафтық дизайн элементтерін қолдана отырып жаңғыртылған қалалық саябақта өтті. Облыс әкімі мәдениет үйлері мен ДСК жобаларын әлі де егжей-тегжейлі қарастыруды, десе де биылғы жылға жоспарланған құрылыс жұмыстарын мерзімінен кешіктірмей бастауды тапсырды.

Мұнан кейін облыс әкімі 104 орындық трибунасы бар жаңа стадионда болды. Стадионның жанында баскетбол, бокс, теннис, волейбол ойнайтын 5 спорттық алаң бар. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 138,5 млн. теңге бағытталған. Сонымен қатар облыс әкіміне қалалық жағажайда жүргізілген құрылыс жұмыстары да көрсетілді. Мұнда да демалушыларға қолайлы жағдайлар қалыптастыру үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Жағажайға баратын жол салынып, автокөлікке арналған орын қарастырылған. Жүгіруге, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар төселіп, жол жамылғысы түрлі-түсті тастан жасалған. Жағалау аймағында 200 автокөлікке арналған автотұрақ бар. Барлық жұмыс 2017 жылдың ақпанынан маусым айына дейін жүргізілді. Жобаны жүзеге асыруға 557,7 млн. теңге жұмсалған. Қаланы аралау бағдарламасы тұрғын үйлер аулаларын көрумен жалғасты. Амандық Баталов 1-шағын аудандағы № 24, 25 үйлер алаңдарында болып, ондағы футбол, ойын және спорттық алаңдарды көрді. Кіре беріс жол мен тротуардың асфальт жабындысы ауыстырылып, көгалдандырылған, орындықтар орнатылып, қоқыс жәшіктері қойылған. Абаттандырудың ерекшелігі сол, бірнеше аула бір футбол алаңына біріктірілген, жеке аумақтарда «МаксДорстройСервис» ЖШС дайындаған балалар әткеншектері, орындықтар, беседкалар қойылған. Серіктестіктің бас директоры Александр Скоропатскийдің айтуынша, аталмыш заттар ұзақ мерзім қызмет етеді, сапалы, қауіпсіз, қолайлы. Өз кезегінде Т. Қайнарбеков биылғы жылы аулаларды абаттандыру жобаларында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескерілгенін атап өтті. Енді бірқатар аулаларда хоккей алаңдары да салынбақ. Жалпы өткен жылы Қапшағай қаласында 29 аула абаттандырылса, биылғы жылы тағы 30-ын жаңғыртуға қаржы қарастырылып, құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Мұнан соң «Қапшағайжылу» МКК-ның су жылыту қазандығына барған облыс әкімі мұндағы жаңғырту жұмыстарына куә болды. Т.Қайнарбековтің сөзіне сүйенсек, барлық жұмыстар жоспар бойынша және сапалы жасалуда, сонымен қатар Қапшағай қаласы мен Заречный ауылының қазандықтарын алдағы уақытта табиғи газға қосудың техникалық шарттары алынған, бұл қатты отынға қарағанда әлдеқайда тиімді болады дейді мамандар. Қапшағай қаласын аралау барысында облыс әкімі Амандық Баталов қаланы абаттандыру бойынша оңды істер жасалып, тапсырмалар сапалы жүзеге асырылғанын атап өтті. Жиынға қатысқан облыстың аудан, қалаларының әкімдерін Қапшағайда жүзеге асырылып жатқан абаттандырылу бойынша жобалардан үлгі алуға шақырды.

- Әріптестеріңіздің оңды тәжірибесін көңілге түйіп қою керек. Қапшағайда тұрғын үйлердің аулаларын көркейту жұмыстары сәтті жүргізіліп келеді. Бұл істі әрбір аудан, қалада жасауға болады. Бүгін аулалар, жағажай, саябақ аумақтары мен құрылыс алаңдарында біршама көрнекті істердің үлгілерді көрдік. Әрбір істе идеяларыңызды айтып, бастамашыл болуларыңыз керек, ал біз өз тарапымыздан барынша қолдау көрсетеміз, - деген А.Баталов, бұдан әрі Қапшағайдағы сапарын облыс әкімдігінің көшпелі мәжілісімен жалғастырды.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.