Елбасы Жолдауында бес жыл көлемінде агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін арттыру, ауыл шаруашылығының өңделген өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге ұлғайту міндеті қойылды. Осы мақсатта Өңдеу өнеркәсібін орналастырудың егжей-тегжейлі картасы жасалып, соның шеңберінде 2021 жылға дейін облыста 37 кәсіпорынды іске қосу және жаңғырту жоспарланған. Бұл туралы бүгін облыс әкімі А. Баталов тұрғындар алдындағы есеп беру жиынында мәлімдеді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жасалған жұмыстардың нәтижесінде өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты көлемін 90 млн. АҚШ долларына жеткізуді көзделіп отыр. Бұл межеге өңір ет, сүт өнімдері, консервіленген көкөністер мен жемістер, ашытқы, крахмал экспорттау арқылы жетпек.

- Жалпы, аграрлық салада біз Мемлекет басшысының қант қызылшасын, жүгері және бақ өсіруді дамыту туралы тапсырмаларын орындап келеміз. Басымдық беретін дақылдарды өсірудегі тәжірибелерімізді ескеріп, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігін қолдана отырып, сүтті мал шаруашылығы мен картоп өсіруді дамытуды қолға алғалы отырмыз. Әрқайсысы 100 басқа арналған 350 отбасылық сүт-тауарлы фермасы құрылса, соның 50-і 2018 жылға жоспарланған. Бұл фермалардан жылына орта есеппен 5 мың кг. сүт алынатын болады, - деді А. Баталов.

Жаңа бастамалардың есебінен ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемін 2021 жылға қарай 200 млрд. теңгеге жеткізу немесе 1,3 есеге өсіру жоспарланған.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.