Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы №728 қаулысымен Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілді.
Аталған Бағдарлама "Өңірлерді дамыту", "Моноқалаларды дамытудың 2012 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасы", "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың 2011 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасы", "2011 – 2020 жылдарға арналған "Ақ бұлақ" бағдарламасы" негізінде әзірленді.
Бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 21 шілдедегі № 118 Жарлығымен бекітілген Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың 2020 жылға дейінгі болжамды схемасын іске асыру тетіктерінің бірі болып табылады.
Бағдарламаның мақсаты елдің ұтымды аумақтық ұйымдастырылуын қалыптастыру, экономикалық өсу орталықтарында халықтың және капиталдың шоғырлануын ынталандыру арқылы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту үшін жағдайлар жасау болып табылады.
Бағдарлама кезеңдерге бөлінбей 2015 – 2019 жылдары іске асырылатын болады.
Сумен жабдықтау
Бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі - халықты сапалы ауыз сумен тиімді және ұтымды қамтамасыз ету болып табылады.
Жалпы, 2015-2017 жылдар аралығында облыста Бағдарлама бойынша жалпы сомасы 25,4 млрд. теңгеге 221 сумен жабдықтау және cу бұру нысандары іске асырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыстың 108 елді мекенінің 338 мыңға жуық тұрғындары
сапалы ауыз суға қол жеткізді. Орталықтандырылмаған сумен жабдықтау бойынша елді мекендердің саны 168-ден 85-ке дейін қысқарды.
Елді мекендердің орталықтандырылған сумен жабдықтау үлесі 80,8% -дан (2015) 87,3% -ға (2018) дейін өсті.
2015 жылы бағдарлама шеңберінде сумен жабдықтау жүйелерін реконструкциялау, салу, күрделі жөндеу және ағымдағы жөндеуге 116 нысан бойынша бюджеттен 12,5 млрд. теңге бөлінген. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қосымша 60 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді.
2016 жылы бағдарлама шеңберінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту және салуға 55 объекті бойынша бюджеттен 6,7 млрд. теңге бөлінген. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қосымша 23 елді мекенде 46,5 мыңға жуық адам орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізді.
2017 жылы бағдарлама шеңберінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту және салуға 50 объекті бойынша бюджеттен 6,2 млрд. теңге бөлінген. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қосымша 25 елді мекенде 58 мыңға жуық адам орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізді.
Бағдарламаны іске асыру барысында жалпы ұзындығы 600 шақырым су құбыры желісі салынды және қайта жаңартылды, 216 жаңа ұңғымалар бұрғыланды, 212 бірінші және екінші лифт сорғы станциясы, 121 жаңа су қоймасы, 138 су мұнарасы салынды, 158 дезинфекциялық хлор сатуратор қондырғылары орнатылды.
113 елді мекендегі 411,5 мың адамға ауыз сумен қамтамасыз ету сапасы жақсарды, ал бұрын орталықтандырылмаған сумен қамтамасыз етілген 108 елді мекеннің тұрғындары орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қол жеткізді.
Ағымдағы жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту және салу бойынша 8,1 млрд. теңге сомасына 49 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Жылдың соңына дейін орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне облыстың 17 елді мекеніндегі 16,3 мың адамды қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Облыстағы елді мекендердің орталықтандырылған сумен жабдықтау үлесі 90 % немесе 664 елді мекенді құрайтын болады.
Елді мекендерде сумен қамтамасыз ету көзі жер асты сулары болып табылады. Жер асты суларының әлеуетін барынша арттыру үшін Бағдарлама шеңберінде жерасты суларының ресурстарын анықтау мақсатында геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде.
Мәселен, 2015-2016 жылдары облыстың 130 елді мекеніне жер асты суларының қоры бекітілді.
Қазіргі уақытта облыстың 38 ауылын жерасты суларының қорымен қамтамасыз ету үшін 3 жоба бойынша барлау жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, бағдарлама шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторында суды үнемдеуді және суды тиімді пайдалану үшін пайдаланушыларға арналған су есептегіш құралдары орнатылды.
Мәселен, 2015-2017 жылдары жеке су есептегіш құралдарымен қамту деңгейі 40% -дан 69,3% -ға дейін өсті.
Бұдан басқа, Бағдарлама шеңберінде шекаралық аудандарды дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыста шекара маңы аймақтарына сумен қамтамасыз ету объектілеріне 71 ауылдық елді мекен кіреді. Бағдарламаны іске асыру басталғаннан бері жалпы сомасы 2,7 млрд. теңгеге облыстың 17 шекара маңы елді мекенін салу және қайта жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілді.
Жылумен жабдықтау
Бағдарламаның үшінші міндеті - инженерлік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту болып табылады.
Облыста жылумен жабдықтау 33 қазандық арқылы (жалпы қуаты 728 Гкал) жүзеге асырады (30 қазандық 100 Гкал/сағ дейін). Жылу желілерінің ұзындығы 484,8 шақырымды құрайды.
2015 жылы «Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламасының (әрі қарай – Бағдарлама) аясында облыстағы елді мекендердегі жылу жүйесін дамыту мақсатында 7 жоба (Талдықорған қаласы 1 нысан, Сарқан ауданы 1 нысан, Қапшағай қаласы 2 нысан, Текелі қаласы 2 нысан, Қаратал ауданы 1 нысан) жүзеге асырылды. Жоба бойынша қарастырылған 21,8 шақырым жылу желісінің құрылысына 1,272 млрд. теңге бөлінді.
2016 жылы «Талдықорған қаласының теміржол вокзалына дейін жылу желісінің құрылысы» нысаны бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына жергілікті бюджеттен 66,55 млн. теңге бөлінді. Салынған жылу желісінің ұзындығы 1,06 шақырым.
2017 жылы Бағдарламаның аясында 14,4 шақырым жылу жүйесінің құрылысына жергілікті бюджеттен 600,6 млн. теңге бөлінді.
Ағымдағы жылы Бағдарламаның шеңберінде жылумен қамту бойынша 4 жобаны (Талдықорған қаласы 2 нысан, Алакөл ауданы 1 нысан, Сарқан ауданы 1 нысан) жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 604,8 млн. теңге бөлінді. Жоба бойынша 8,3 шақырым жылу желілері салынады және жөнделеді. Нәтижесінде 9,0 мыңнан астам адам сапалы жылумен қамтамасыз етіледі, желінің тозуы 56% -дан 54% -ға дейін төмендейді.
Жылу жүйесін әрі қарай дамыту Талдықорған қаласындағы «Басқуат» қазандығының жаңғыруымен байланысты. Аталған нысан бойынша техникалық-экономикалық негіздеме және I кезеңінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Сонымен қатар, Ақсу ауданының Жансүгіров ауылында қазандық және Қаратал ауданының Үштөбе қаласында екінші қазандық салу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, 2016 жылы «Моноқалаларды дамыту - 2020» бағдарламасы шеңберінде Текелі қаласындағы «Достық» және «Алатау» аудандарында жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын жалғастыру үшін 659,5 млн. теңге бөлінді.
Ағымдағы жылы «Моноқалаларды дамыту - 2020» бағдарламасы шеңберінде «Текелі қаласы Металлург шағын ауданындағы магистральдық жылу желілерін қайта құру» жобасын іске асыру үшін, облыстық бюджеттен 48,602 млн. теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны 486,027 млн. теңге. Жоба бойынша 4,8 шақырым жылу желілерін салу қарастырылған.
Электр энергиясымен жабдықтау
2015 жылы «Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламасының аясында облыс бойынша 35 жобаны жүзеге асыру үшін (Қарасай ауданы 2 нысан, Іле ауданы 11 нысан, Талдықорған қаласы 1 нысан, Еңбекшіқазақ ауданы 17 нысан, Жамбыл ауданы 2 нысан, Кербұлақ ауданы 1 нысан, Текелі қаласы 1 нысан) бюджеттен 1,58 млрд. теңге бөлінді. Аталған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 294,3 шақырым электр желілері салынды және жөнделді.
2016 жылы «Текелі қаласындағы тазарту қондырғылары мен Қора су жинау резервтік электр беру желісінің құрылысы» нысаны бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталуына жергілікті бюджеттен 58,739 млн. теңге бөлініп, 1,2 шақырым электр желісі салынды.
2017 жылы бағдарлама аясында облыс бойынша 10 жоба жүзеге асырылды (Көксу ауданы 1 нысан, Талғар ауданы 1 нысан, Талдықорған қаласы 5 нысан, Жамбыл ауданы 2 нысан, Іле ауданы 1 нысан). Құрылыс-монтаж жұмыстарына жергілікті бюджеттен 861,2 млн. теңге бөлінді. Салынған электр желілерінің ұзындығы 128,25 шақырымды құрады.
2018 жылы облыстың электр желілерін дамытуға бағдарламаның аясында 16 жобаны (Көксу ауданы 1 нысан, Жамбыл ауданы 8 нысан, Талдықорған қаласы 2 нысан, Еңбекшіқазақ ауданы 1 нысан, Іле ауданы 4 нысан)
жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 1,2 млрд. теңге бөлінді. Жоба бойынша 283,6 шақырым электр желілері салынады және жөнделеді. Нәтижесінде 16,4 мыңға жуық адам сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етіледі, желілердің тозуы 60% -дан 58% -ға дейін төмендейді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыс бойынша орталықтандырылған электр жүйесімен қамтамасыз ету деңгейі 99,9% құрайтын болады.
Газбен жабдықтау
Алматы облысында тұрғындар саны 2,0 млн. адамды құрайтын 741 елді мекен бар, оның ішінде 1,4 млн. адам тұратын 473 елді мекен газбен жабдықтауға жатады, 543,7 мың адам тұратын 268 елді мекен газдандыруға жатпайды.
Қазіргі уақытта облыс елді мекендерін газдандыру деңгейі 26,2%-ды құрайды, атап айтқанда 718,5 мың адам тұратын 123 елді мекен (123:473*100=26,2%) газдандырылған.
Ағымдағы жылдың 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Елбасы жолдауында белгіленген Бесінші бастаманы іске асыру мақсатында төрт басым бағыт айқындалды:
- "Алматы агломерациясының елді мекендерін газдандыру;
- "Алматы-Талдықорған" МГ жүктелуі;
- "Талдықорған-Үшарал" МГ салынуы;
- Шекара маңындағы аудандарды газдандыру.
Алматы агломерациясы құрамына 5 аудан (Жамбыл, Қарасай, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ) және Қапшағай қаласы кіреді, елді мекендердің жалпы саны 187. Өңірлік сызбаға сәйкес, бүгінгі таңда 107 елді мекен газдандырылған, бұл 57% құрайды.
Ағымдағы жылы агломерацияны дамыту аясында 60 елді мекен бойынша газ тарту желілерін салуды жобалау жоспарланған. 2020 жылдың соңына дейін бюджет және тартылған жеке инвестициялар қаражаты есебінен газдандырылған елді мекендердің санын 212-ге жеткізу жоспарлануда.
Талғар, Іле аудандарының елді мекендерін газдандыру мақсатында «Жетіген» АГТС-ы және «Байсерке-Жетіген» газ құбырының құрылысы бойынша жұмыстар жоспарлануда (жалпы газбен қамтылатын халқы саны 30,0 мың адам).
2017 жылы газ құбырының ұзындығы 264,8 шақырым «Алматы-Талдықорған» МГ-ы және қуаттылығы 100,0 мың нм3/сағат құрайтын «Талдықорған» АГТС-ы салынды. Жоба бойынша көзделген 21,4 млрд.теңге қаражат игерілді.
Аталған газ құбыры Іле, Балқаш, Кербұлак, Көксу, Қаратал, Ескелді аудандарын және Талдықорған, Текелі қаларын табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
2016 жылдан бастап Талдықорған қаласында газ тарату құбырлары желілерін салу жұмыстары басталды (жоба 4 кезектен тұрады).
Бүгінгі таңда құрылыстың I-ші кезегі аяқталып (құрылыс құны 4,7 млрд.теңге), 468 үйге монтаж жүргізілді, 360 абонент табиғи газды пайдалануда. II, III-ші кезектің газ тарату желілерінің құрылысы жүргізілуде (жалпы құны 13 млрд. тенге), 32,4 мың абонент қосылады деп жоспарлануда.
II-ші және III-ші кезектердің құрылыс-монтаж жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау көзделуде. Сонымен қатар құрылыстың IV-ші кезегінің жұмыс жобасы, 3 бөлімше, Ынтымақ ы/а, Еңбек ауылы және Талдықорған аумағындағы саяжайлық алқаптарды газдандыру бойынша жобалық - сметалық құжаттама әзірленуде.
«Талдықорған-Текелі» газ құбырының құрылысы аяқталу үстінде. Ағымдағы жылы жеке инвестициялар есебінен Текелі қаласы, Қарабұлақ
ауылы мен Ескелді ауданының 5 елді мекені, Балпық би ауылы мен Көксу ауданының 3 елді мекенінде газ тарату құбырлары тартылады.
«Алматы-Талдықорған» МГ құбырын жүктеу мақсатында ағымдағы жылы 3 АГТС («Үштөбе» Қаратал, «Сарыөзек» Кербұлақ және «Бақанас» Балқаш аудандарында) құрылыс жұмыстарына жергілікті бюджеттен 50 млн.теңге және республикалық бюджеттен 1 500,0 млн.теңге бөлінді (құрылыстың жалпы құны 10,6 млрд.теңге).
Ағымдағы жылы бекітілген Жол картасы аясында "Талдықорған-Үшарал" жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленеді. Аталған магистралдық газ құбырының құрылыс-монтаж жұмыстарын 2019 жылы бастау жоспарлануда. Бұл 2020-2021 жылдары 231,8 мың тұрғыны бар Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 74 елді мекенін газдандыруға мүмкіндік береді.
Шекаралас аудандарды газдандыру мақсатында ағымдағы жылдың соңына дейін «Райымбек ауданындағы Кеген ауылына дейін үлкен қысымды газ құбырының және «Кеген» АГТС-ы құрылысы» ТЭН-сін әзірлеу жоспарлануда.
Панфилов және Ұйғыр аудандарын газдандыру мақсатында инвестициялық қаражаттар есебінен Ұйғыр ауданының 13 елді мекенін және Панфилов ауданының 19 елді мекенін газдандыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта аудан орталықтары Жаркент қаласы және Шонжы ауылын газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Инвесторлар тарапынан 11,3 млрд.теңге қаражат тартылды.
Алға қойған жоспарларды іске асыру үшін әзірленген Жол картасына сәйкес:
- Алматы агломерациясына кіретін елді мекендерді газдандыру үлесі 2020 жылы 100%-ды (175 елді мекен - 12 елді мекен газдандыруға жатпайды) құрайтын болады;
- облыстағы елді-мекендерін газдандыру үлесі ағымдағы жылдың соңына дейін 30% немесе 142 елді мекенді құрайтын болады, ал 2020 жылға дейін 45%-ды немесе 473 елді мекеннің 212-сі газдандырылады;
- 2030 жылы облыстағы елді мекендерді газдандыру үлесі 100%-ды құрайтын болады (473 елді мекен).
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы
Алматы облысында 3561 көп пәтерлі тұрғын үйлер бар, оның ішінде 1951 (54,7%) тұрғын үйі жөндеуді қажет етеді.
Бағдарлама аясында 169 тұрғын үйде 1873,9 млн.теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді, оның ішінде :
2011 жылы – 42 тұрғын үй 323,0 млн.теңгеге;
2012 жылы – 78 тұрғын үй 812,5 млн.теңгеге;
2013 жылы Алматы облысы әкімдігіне қаражат бөлінбеген (2013 жылғы 8 мамырдағы №8 РБК шешімімен);
2014 жылы – 42 тұрғын үй 567,9 млн.теңгеге;
2015 жылы – 7 тұрғын үй 170,5 млн.теңгеге.
Жөндеуден өткен тұрғын үй иелерінен қаражатты қайтару жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Облыс бойынша 2011-2016 жылдар аралығында жоспарланған 773,52 млн.теңге қаражаттың қайтарылғаны 645,54 млн.теңгені немесе 83,4% құрады. Қайтарылған қаражатқа 2011-2017жж. аралығында 40 тұрғын үйде 432,4 млн.теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Талдықорған қаласында 743 көп пәтерлі тұрғын үй бар, оның ішінде 446 үй жөндеу жұмыстарын қажет етеді немесе 60%, 117 тұрғын үй жөнделген.
Осыған байланысты, бағдарламаны жүзеге асыру жылдарында жөндеу жұмыстарын қажет ететін кондоминиум нысандарының үлесі 63,5%-дан 56 %-ға дейін төмендеді.
Сонымен қоса жөндеу жұмыстары жүргізілмеген аудандар бар, оның ішінде: Кербұлақ ауданы (56 тұрғын үй - 100%), Райымбек ауданы (40 тұрғын үй - 100%).
Барлығы Алматы облысында 1951 кондоминиум нысандары жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен, «Өңірлерді дамыту 2020» бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Жалпы, Бағдарлама шеңберінде көзделген шара-міндеттер орындалуда және басқарманың қатал бақылауында.