25 сәуір күні «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалында «Өңірлерді дамыту-2020» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы жұмыстардың есебі партиялық тыңдауда талқыланып, өңірді ауызсумен, газбен қамту мәселесі талқыланды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе - бағдарлама аясындағы әр өңірдің инвестициялық басымдықтарын анықтау, инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, газдандыру мәселелері айтылды. Шараға облыстық, аудан-қалалық мәслихат депутаттары, облыстық мекеме басшылары, кәсіпкерлер бөлімі мамандары мен бастауыш партия ұйым төрағалары, партиялық топ жетекшілері қатысты.
«Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Саяси кеңес Бюросының отырысында берген тапсырмасына сәйкес партия мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың іске асырылу барысын бақылауды жүзеге асыру бойынша айына бір рет партиялық тыңдау өткізеді. 2017 жылы тамыз айынан бастап 5 партиялық тыңдау, 2018 жылдың басынан 4 партиялық тыңдау өткізілді. Өткен партиялық тыңдаулар бойынша хаттамаға ұсыныстар енгізіліп, қадағалануда. Бағдарламада көрсетілген міндеттерге сәйкес өңірді ауыз сумен, жылумен, электр энергиясымен, газбен, тұрғын үймен жабдықтау өте ауқымды мәселе», - дейді облыстық партия филиал төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев.
«Бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі - халықты сапалы ауыз сумен тиімді және ұтымды қамтамасыз ету болып табылады. Ағымдағы жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту және салу бойынша 8,1 млрд. теңге сомасына 49 жобаны іске асыру жоспарлануда. Облыстағы елді мекендердің орталықтандырылған сумен жабдықтау үлесі 90 % немесе 664 елді мекенді құрайтын болады. Ағымдағы жылы Бағдарламаның шеңберінде жылумен қамту бойынша 4 жобаны (Талдықорған қаласы 2 нысан, Алакөл ауданы 1 нысан, Сарқан ауданы 1 нысан) жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 604,8 млн. теңге бөлінді. Жоба бойынша 8,3 шақырым жылу желілері салынады және жөнделеді.
Қазіргі уақытта облыс елдімекендерін газдандыру деңгейі 26,2%-ды құрайды, атап айтқанда 718,5 мың адам тұратын 123 елді мекен газдандырылған», - деді өз есебінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Әсет Қанағатов.
Партиялық тыңдауда облыстық мәслихат депутаты Ермек Келемсейіт облыстың барлық аймақтарында қоқыс қалдықтарын ретке келтіру, арнайы қоқысты қайта өңдеу зауыттарының құрылысын қолға алу мәселен ұсынды.