Астанада жыл басынан бері түнгі тыныштықты бұзғаны үшін 1900-дан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Астана ішкі істер департаментінің мәліметінше, осы жылдың 28 сәуірінде Астана қаласы ІІД «Есіл» ауданының кезекші бөліміне Сығанақ көшесі, 21/1 үйінің тұрғынынан аталмыш мекен-жайда орналасқан компьютер клубы өте шулы, сондай-ақ келушілердің түнгі уақытта тыныштықты жиі бұзатындығы жайлы хабарлама келіп түсті.

Аталған мекен-жайға барған құқық қорғау органының қызметкерлері компьютер клубының әкімшілігіне «Тыныштықты бұзуы» заңына сәйкес әкімшілік хаттама толтырып, 5 АЕК (12025 теңге) көлемінде айыппұл салды.

Жалпы, жыл басынан бері осындай бұзушылықтар үшін 1900-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Заң бойынша, жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергi келтiретiн, түнгi уақытта (сағат 23-тен таңғы 6-ға дейiн) тыныштықты бұзу, оның iшiнде тұрғын үй-жайларда және олардың сыртында шұғыл қажеттiлiкпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргiзу –жеке тұлғаларға – бес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – он бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

stan.kz