Атырау облысында жыл басынан бері 3 бала терезеден құлап, 1-еуі мерт болған.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, жыл басынан бері балалардың терезеден құлауына байланысты 3 дерек тіркелген.
«Биыл Атырау облысында 3 бала терезен құлап кетті. Оның ішінде 2 жағдай - Атырау қаласында, біреуі - Индер ауданында тіркеліп отыр. Екі бала ауруханаға түсіп, емделіп шықты. Өкінішке қарай құлаған баланың біреуі мерт болды.
Балалардың терезеден құлауына бірнеше себеп бар. Біріншіден, әсіресе, жаз мезгілінде тұрғындар көпқабатты үйлердің терезесіне қорғаныш бекіткіш қондырымайды.
Екіншіден, ата-аналар балаларын үйде қараусыз қалдырады», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы. Төтеншеліктер осындай себептерге байланысты ата-аналарға бірнеше кеңесті ұсынып отыр.
«Біріншіден, үйде бала болса, терезені ашық күйде қалдырмау қажет. Екіншіден, үйде кішкентай балаларды қараусыз қалдыру олардың терезеден құлау қаупін молайтады. Үшіншіден, терезеге орнатылған москитті торға ешқашан сенуге болмайды. Мұндай тор балалардың салмағына шыдас бермейді. Төртіншіден, балалардың терезенің жақтауына шықпауы үшін жақын маңға жиһаз қоймау керек. Ең бастысы, балалларды қорғау үшін терезені бірнеше дюймға ғана ашуға мүмкіндік беретін арнайы бекіткіш орнатқан жөн», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Дереккөз: ҚазАқпарат