Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 4 жасар бала өліміне қатысты іс қаралып жатыр. Данил Ахуновты әкесі өлтірген,-деп хабарлайды el24.kz тілшісі, ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша 41 жастағы сотталушыға айыптау актісі оқылды.
Іс материалына сүйенсек, үшемнің анасы ата-ана құқығынан айырылған соң әкесі оларды сот арқылы өзіне алған. Сөйтіп, сотталушы балаларын анасының үйіне апарып, сонда тұрады. «Бірге тұрғанда Артур Ахунов пен оның анасы арасында ұрыс болады. Анасы балаларын алып, үйден кетуін талап етеді.
2022 жылдың 1 желтоқсаны күні Ахунов өзінің балаларын «Үміт» сәбилер үйіне апарады. Қызметкерлер сол кезде балалардың денесінің әр жерінде ұрғаннан қалған із бар екенін көреді. Әңгіме кезінде бала өзін әкесі ұрғанын айтқан. «Үміт» сәбилер үйінің қызметкерлері бірден полицияға хабар береді. №1 қалалық полиция бөлімі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабы бойынша іс қозғады.
Алайда, Ахунов одан сабақ алмады. Қалалық білім бөлімі мен №1 қалалық полиция бөлімі өз міндеттерін толық атқармады, баланы алып кетуге асықпады. Салдарынан Ахунов аса ауыр қылмыс жасады», - деді мемлекеттік айыптаушы Әсел Утенова.
Прокурордың айтуынша, 2022 жылдың 23 желтоқсаны күні сағат шашамен 21:00-де Ахунов баласымен бірге жалдамалы пәтерде болған. Бала ауырып, мазасынданған. Сонымен бірге, бауырларының жанына барғысы келетінін айтқан.
Ал, бауырлары ол кезде әжесінің жанында болған. Әкесі ашуланып, тергеу кезінде анықталмаған затпен баланы ұрады. «Алдымен басынан, кейін кеудесінен соққы жасайды. Бала құлап қалып, есінен танады. Ол оқиға орнында көз жұмады. 2022 жылы 24 желтоқсан күні сағат 16:45-те экскаваторды 20 мың теңгеге жалдайды. Ол «құрылыстан қалған қалдықты көмемін» деп айтқан. Сол күні сағат 23:00-де Ахунов қылмысын жасыру үшін екі қабатты үйдің жанына баланың денесін көміп тастайды. Кейін анасына барып, баланың жоғалғанын айтқан», - деді прокурор.
Сот-медициналық сараптама кезінде Данил Ахуновтың бас-ми жарақатынан мерт болғаны белгілі болды. Оның басына қан құйылған. Кеуде тұсынан алған соққы да ауыр болған. Сот отырысы кезінде куәгерлерден жауап алынды. Балалар үйінің әлеуметтік қызметкері Жанна Дастанованың айтуынша, 2022 жылдың 16 қарашасында Артур Ахунов қорғаншылық кеңесінің шешімімен балаларды алып кетуге барған. Қызметкерлер үш баланы бағу қиын екенін ескертіп, таңертең әкеліп, кешке алып кетуге болатын топ барын айтты.
Екі күн бойы балаларды таңертең әкеліп, кешке алып кеткен әке кейін байланысты үзіп тастаған. Көп ұзамай балалардың туған күнінде оларды шақырып алып, денесіндегі көгерген іздерді анықтайды.
«Балаларда көгерген із болған соң қорғаншылық бөліміне хабарластық. Олар полицияға хабар беруді сұрады. Мен 102 телефонына хабарластым. Сауалнама жүргізіп, жасөспірімдер жөніндегі инспектор балаларды қарады. Түсініктеме алды. Әкімшілік хаттама толтырды. Сот сараптама жасау үшін оларды әкесімен бірге алып кетті», - деді куәгер Жанна Дастанова. Айта кетейік, баланың жоғалғаны туралы хабар түскен соң ғана әкімшілік іс сотқа түсіп, Артур Ахуновты 15 тәулікке қамау түріндегі жаза қолданылған.
Оқиға былтыр желтоқсан айында болды. Марқұм Данил Ахуновтың әкесі баласының жоғалып кеткенін айтып, полицияға хабар берді. Ал, арада екі күн өткенде облыстық ПД баспасөз қызметі баланың денесі табылғанын, онда зорлық белгілері бар екенін хабарлады. Сот отырысы жалғасып жатыр.