el24.kz Қазақстанда шетелден жұмыртқа импорттауға уақытша тыйым салынды. Осыған байланысты алдағы уақытта дүкен сөрелерінен шетелдік жұмыртқаны кездестірмейміз. Бұл шешім отандық құс фабрикалары ел ішіндегі сұранысты толық қамтамасыз ете алатынына байланысты қабылданды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, тиісті бұйрыққа министр қол қойған. Құжатқа сәйкес, жұмыртқа импортына енгізілген шектеу әзірге бір ай мерзімге белгіленіп отыр. Тыйым Еуразиялық экономикалық одақ елдерін қоса алғанда, барлық мемлекеттерге қатысты. Жұмыртқаны Қазақстан аумағынан тек транзиттік тасымал ретінде өткізуге ғана рұқсат етіледі.

Министрлік бұл шешімді отандық тауар өндірушілерді қолдау қажеттілігімен түсіндірді. Себебі сырттан әкелінетін жұмыртқа қазақстандық құс фабрикаларының өндірістік қарқынын төмендетіп, олардың толық қуатта жұмыс істеуіне кедергі келтіріп келген.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, елімізде құс шаруашылығы бағытында жұмыс істейтін 37 фабрика бар.

«Бұл фабрикалар белгілі бір көлемде ғана емес, тіпті өз қуатынан да көп жұмыртқа өндіруге қауқарлы. Алайда қазіргі таңда мүмкіндіктеріне қарағанда аз өндіріп отыр. Импортты шектеу отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде біз өзімізді жұмыртқамен 100 пайыз қамтамасыз етіп отырмыз», – деді вице-министр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, аталған шара ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтауға, отандық өнім үлесін арттыруға және құс шаруашылығы кәсіпорындарының экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған.