el24.kz 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан азаматтары жеке куәлікті алғаш рет алған кезде, сондай-ақ оның жарамдылық мерзімі аяқталған соң ауыстырған жағдайда мемлекеттік баж салығын төлемейді.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі құжаттандыру саласында цифрландыруды кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Қазіргі таңда паспорттарды электронды форматта рәсімдеу қызметі Қазақстан аумағында ғана емес, шетелдерде де қолжетімді. Аталған қызмет әлемнің 71 еліндегі 99 шетелдік мекемеде іске асырылған.
Осы жаңашылдықтың арқасында шетелде жүрген қазақстандықтар паспортты бұрынғыдай алты ай күтпей, небәрі 30 күннің ішінде ала алады. Бұл азаматтарға қолайлы жағдай жасау және мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында жүзеге асырылып отыр.
Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықовтың айтуынша, Қазақстанда халықты құжаттандырудың бірыңғай жүйесі жұмыс істейді. Аталған жүйе арқылы азаматтарға жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) беріледі, жеке куәлік пен паспорттар рәсімделеді, сондай-ақ тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеу жүргізіледі.
ІІМ бастамасымен енгізілген бұл тәжірибе құжат алу рәсімін жеңілдетуге және азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған. Осылайша, 2026 жылдан бастап жеке куәлікті алғаш рет алу да, оның мерзімі аяқталғаннан кейін ауыстыру да толығымен тегін болады.
