Бүгінгі таңда діни мәселе қоғамыздағы өзекті сұрақтардың бірі екенін жоққа шығара алмаймыз. Осы мәселе төңірегінде Қызылорда медициналық жоғары колледжінде 2017 жылдың 17 қараша күні «Дін – тәрбиенің рухани тірегі» атты ашық топ сағаты, кездесу өтті.
Тәрбие сағатының басты мақсаты оқушылар арасында теріс діни ағымдарға, экстремистік, террористік пиғылдарға, дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы күрес жолдары мен ұстанымдарын жан-жақты насихаттау, оның психологиялық, әлеуметтік және рухани зияны мен зардаптары туралы ақпарат беру арқылы жастардың санасының бұрмалануының алдын-алу болды.
Тәрбие сағатына дайындық барысында ІІ курс «Емдеу ісі» бөлімінің 28-топ студенттері колледж топтары арасында «Менің дінге қөзқарасым» тақырыбында әлеуметтік сауалнама жүргізіп, қала жастары мен тұрғындарының пікірлерінен бейнесюжет түсірді. Оқушылардың зерттеу жұмыстарының нәтижелері қонақтар мен ұстаздардың, оқушылардың назарларына ұсынылды. Зерттеу қорытындысы бойынша жастардың діни сауаттылығы төмен және теріс діни ағымдарды айыра білмейтіндіктері анықталды.
Колледж оқушыларымен кездесуге қалалық «Хазреті Әли» мешітінің наиб имамы Мырзақожа Сейдалиев, дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы, дінтану магистрі Әлібек Жаппасбаев және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы, педагогика магистрі, психолог Назира Аймаханова келіп, тақырыпқа байланысты мол мағлұмат беріп, студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы, дінтану магистрі Ә.Жаппасбаев Кез келген жағдайда «114» немесе дін мәселелерін зерттеу орталығының сенім телефондарына хабарласып, өз сұрақтарына жауап алуға болатындығын айтса, психолог Н. Аймаханова жастардың теріс діни ағымдарға бой алдыруының психологиялық жағынан себептерін түсіндіріп өтті. Қалалық «Хазреті Әли» мешітінің наиб имамы М. Сейдалиев қазақ халқының Әбу Ханифа масхабын ұстанатындығын және ата-бабаларымыздан мұра болып қалған салт-дәстүрлерге, ата-ананы құрметтеуге негізделгенін айтты.
Кеш соңында «Емдеу ісі» бөлімінің 28-топ жетекшісі, тарих магистрі Г.Ибраева қонақтарға алғысын білдіріп, топ оқушылары атынан естелік сыйлықтарын табыстады.
Қызылорда медициналық жоғары колледжінің
«Қазақстан тарихы» пәнінің оқытушысы, тарих магистрі Г.К. Ибраева