Ғани Әлихан
Болған оқиға желісімен...
Сонау жаңа жылмен бірге жаңа ғасыр кіріп жатқан жылы мен мектеп бітірдім. Үйдің кенжесі екі ұлдан кейінгі жалғыз қыз болғандықтан өте еркелеп өстім. Өз дегенім болмаса айтқанымнан қайтпайтын шатақ мінезім бар, оның үстіне құдай берген табиғи сұлулығым тағы бар , осының бәрі менің ерте есейіп тәкәппар боп өсуіме себепші болды . Өйткені жасым он беске жетпей -ақ сыныптағы жігіттер ,қала берсе өзімнен үш-төрт сынып үлкен оқитын жігіттер сөз сала бастады .
Көшеге шықсам болғаны бұлаңдаған бұрымыма, тығыршықтай тұлымыма таңданбаған жігіт болмайтын .Көздерімен ішіп жеп бір ауыз болсада сөз айтып тиісіп қалатын . Мен болсам онан сайын кербездене,әдейілеп сызыла да, созыла жүретінмін . Тіпті оларға қабақ шытып қарсылық танытудың орнына күлімдеп тұрып ішің күйсін дегендей көзқараспен өте шығатынмын .
Ал сыныптағы өмірім тіпті де бөлек болды . Себебі мен үшін жығылмайтын жігіт болмайтын . Не сұрасам сол мезетте бәрі де дайын тұратын . Міне содан болар айналамдағы барлық еркек тек мен үшін жаралғандай көрінетін . Сыныптағы жігіттердің ішінен тіпті өз ауылымдағы жігіттердің де өзіме ұнағанын кез келген қыздан тартып аламын деп ойлайтынмын . Міне осындай ойлар мен өскен сайын ақылымды азайтып тәрбие алудың орнына тектіліктен кері кетірді . Ең өкініштісі сол өз мінезім өзіме сор болып жабысып , келешекте алып шаһар әсем Алматының "түнгі Ханшайымы" атанған атышулы жезөкшесі болуға әкеп соқтырды . Ал енді осы он жылдық Алматыдағы өткен өмірімнен сыр шертсем. Әрине бұл ісім ешкімге өнеге бола қоймас алайда өскелең ұрпақ өз сіңлілеріме менің қателігімді қайталамаса екен деген оймен құпиямды ашқалы отырмын ...
Сонымен не керек мен он беске келгенде үйде жалғыз ағам қалды. Ал үлкен ағам мектеп бітіріп арман қуып Алматыға кеткеніне екі жыл болған . Әкем мен шешем болса таңертеңнен кешке дейін жұмыста . Мен болсам түске дейін сабағыма барып келем де, үйдің ұсақ түйек тірлігіне қараймын .
Кіші ағам болса үйдегі ұсақ қараның қамымен әлек . Жем шөбін беріп, суын дайындап өріске айдап ,қайта қамайды . Бұл күнделікті жасап жүрген тірлігі . Амандық болса бұл ағамда осы жыл мектеп бітіріп ,Алматыға немесе Ордаға оқуға кетпек . Ол күнге де аз қалды .
Алла қалап солай боп жатса мен үйде жалғыз қалмақпын . Демек , әй дейтін әжем ,қой дейтін қожам болмайды . Өз бетімше жүріп тұрамын , өз бетімше қыдырамын , қысқасы өзім би ,өзім хан боламын . Өйткені қазірше менің жолыма байлау боп тұрған осы ағам ғана . Отбасымдағы жалғыз қорқатын адамым да осы ағам. Бұл ағамнан мен түгі ауылдың біраз жігіттері қорқады. Өз сыныптастары тіпті алдында құрдай жорғалайды .Бірақ әне -міне дегенше бұл ағам кетеді . Студент атанады .Ал анаммен, әкемнен маған келер қауіп жоқ . Олардың екеуі де менің айтқанымнан әрі аса алмайды . Осыны ойлап шыда Айша, шыдай түс деп жүргенім осы . Өйткені міне тағы да екі ай шыдасам, мамыр келіп мектеп бітеді . Ағам оқуға кетеді мен тоғызыншы сыныпты бітірем .
Сонан соң өз еркіндігім өзіме тиеді . Бұрынғыдай ауылдағы вечерлерге жібермейтін , жіберсе де соңымнан жетіп барып қайт дейтін ешкім болмайды . Менің ақылымнан адасқан жерім міне осы .Осындай шолақ ой . Осындай арам ой . Осының бәрі жиналып кеп соңында аяғымнан шалып шыр айналдырды . Шыр айналдырғанда да шын айналдырды , мың айналдырды . Түптің түбінде таза жолдан тайып арам ақшаның құлы болдым . Сұлулығымды сатып саудаға салдым . Алайда тәнін сату дегенде сіз ойлағандай бере салдым ала салдым емес . Ол істің де ел білмейтін шым- шытырман құпиялары бар .
Ол менің осы күні де көз алдымда . Есіме түссе еңіреп жылағаннан басқа шарам жоқ . Өйткені сол он жылда көрген азабымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес .Бұл менің бетіме әжім түсіп , саудаға түскен сұлулығымнан айрылып , ажарым кеткенше басымнан өткен бақандай он жылым . Текке кеткен өміріммен мені денсаулығымнан айырған он жыл . Тозақта өткен он жыл ...
Айтқанымдай екі ай көзді ашып жұмғанша өте барды . Мамыр бітіп соңғы қоңыраудың соңғы сыңғыры шықты . Үйдегі ағам оқуға деп тас түйін дайындалып ,Ордаға тартты . Осылайша бәрі де мен ойлағандай аяқталды . Бір күнде өз үйіме өзім би боп шыға келдім . Енді маған көшеге шығуға кеңінен жол ашылды . Қайда барамын ,қайдан келемін демедім . Күн бата көшеге шығып ,түн ауа қайта келіп жүрдім . Қызым қайда барасың деген анамның сөзіне құлақ аспадым , тіпті жауап та бермедім . Кішкентай ғана ауылымнан киноларда көретін өз ханзадамды іздей бастадым . Жігіт таңдауды әдетке айналдырдым . Сөз салған кез келген жігітке , жауабын кейін беремін деп дәмесін оятып өте шығатын болдым . Қырындаған жігітпен көшені бір айналып келетін болдым . Әрине ол жігіт маған ұнасын ,ұнамасын үміттендіріп қойып жүретінді шығардым . Өйткені әрбір сөз салған жігітті өзіме мәртебе санадым.
Айшаға осыншама жігіт сөз салыпты деген сөзді құрбыларым естісе ,абыройымды асқақтатып жібереді деп ойладым . Қысқасы сол үш айлық каникулда , сөз салмаған жігіт қалмады . Оның есесіне бұрынғыдай үйде ағам жоқ . Сондықтан да болар, ауылдың жігіттері менің үйімнің төңірегін торуылдап жүретінді шығарды .Ал әкеммен шешемнің сөзі мен үшін сөз емес . Айтты не айтпады не , олардан келер қауіп жоқ .
Осылайша жүріп үш ай зулап өте шықты . Алла тілеуімді қабыл алып Ордадан қуанышты хабар да жетті . Екінші ағам кәсіби колледжге студент боп қабылданыпты . Менің де арманым осы емеспе , ең қиын кедергіден құтылдым . Енді міне араға бірнеше күн салып менің де мектебім басталды . Мен оныншы сыныпқа аяқ бастым . Ал енді қызықтың көкесі басталды . Алғашқы күндерден ақ құрбыларыммен арамызға сызат түсті .Біз үш қыз бір төбе , қалған алты қыз бір төбе боп сыныптың қыздары қақ жарылдық . Бұрынғыдай ауызбіршілік болмай соңы қырғынға ұласты .
Ал сыныптағы ер балалар мен қайда болсам сонда болды . Әңгіменің қысқасы осылайша алты қызды бәрінен айырып тастадық . Әсіресе Әлия есімді құрбымды қатты қыспаққа алдым . Оқудан үлгерімі төмендеу болғандықтан соған шүйліктім . Өз сауатым асып тасып жатпаса да (сұлулығымның арқасында болса керек) сол жылы мен сыныпқа староста боп тағайындалдым . Бәрі де менің осы қырсық та қыңыр мінезімнен басталды . Мұрнымды барынша көтеріп ешкіммен санаспадым ешкімнің айтқанын тыңдамадым . Осы үш қыз мәңгі дос боп қаламыз деп ойладым . Осы екі құрбым болса болды менің пайымдауымша басқа ешкім керек емес . Өйткені бірі мектебіміздегі завучтың қызы екіншісі өте бай тұратын туысқан өз ағайымның қызы еді .
Міне осы екі қызды өз жағыма шығарып алған соң, маған ешкім қарсы тұра алмады . Әсіресе әлгі Әлияға қиянаттың көкесін жасадым .
Тіпті топассың ,бақытсызсың , сендей сауатсызды ешқашан бай алмайды деп төмпештейтінді шығардым .Амалы қалмаған сорлы жылағаннан басқа түк айта алмай жер болатын . Тек қана Әлия емес басқа қыздарды да шыр айналдырып қораға тықтым . Былайша айтқанда шектен шықтым . Бұл менің сол кездегі ең басты қателіктерімнің бірі болды .
Сонымен не керек бір күні өз әдетіме басып сыныпқа келдім де шу шығардым . Жоқ жерден ұрыс іздеп сыныптағы Ерлан деген балаға тиістім . Отырған жеріне жетіп барып қолымдағы кітаппен қақ басына қойып қалдым . Еркектің аты еркек қой, намыс жібермеген болса керек .Орнынан атып тұрды да ,қос қолдап тұрып кеудемнен итеріп кеп жіберді . Оны тыңдай қоятын мен бе, қайта кеп жағасына жармаса түстім .Ол аздай шашынан ұстап сүйрелеп жүріп тепкілей бастадым . Сонымен бітті .Ерланның шыдамы таусылды . Сол жақ тұсымнан кеп шойын шапалақ сарт етті . Аударылып түстім де есімнен танып қалдым .
Мұның соңы үлкен дау дамайға ұласты . “Қызым кешір” деп алдыма жылап келген шешесін де сыйламадым . Тыңдамадым . Қысқасы Ерлан мектептен кетіп тынды . Кетейін дегені жоқ- ау кетіріп тындым . Қуып тындым . Сол кезде бұл мен үшін үлкен жеңіс боп көрінгенімен , бертін келе , өз достарымның өзімнен сырт айналуының алды болатын ...
Жалғасы бар...