Болған оқиға желісімен...
Ғани Әлихан
Қазірше менің ең жақын құрбым бұл Мика деген қыз. Өзі Семей жақтан, алыс ауылдан келген қыз. Жас шамасы өзіммен түйдес құрдас, тіпті бір айда туыппыз.Тек оның менен үш - ақ күнге үлкендігі бар. Осы екеуміздің етене араласып бастағанымызға бір айдың жүзі болды Екеуміз Қазақстанның екі бұрышынан келсекте тезде танысып тіл табысып кеттік.
Қазіргі менің сырласатын да, мұңдасатын да жақыным осы қыз . Өйткені біздің мініміз бір , тағдырымыз бір . Мысалға мен Болатқа өзім барып тиген болсам ,бұл да сондай . Болаттай байдың бәйбішесі болмасада өзінен бірнеше жас үлкен жігітке тұрмысқа шыққан қыз . Шықты деп шыққан емес шықтым деп ойлаған қыз . Кейінірек сол адамның балалы- шағалы екенін естіп жүзіқара боп жалғыз қалған қыз . Жүрегім сезіп - ақ тұр . Тағдырымыз ұқсас - ақ . Сырт көзге ештеңе білінбейді . Бірақ , бізде білмегенге сұрақ боп , өзімізге жұмбақ боп ішімізде жатқан құпия бар . Оны менің ішім ғана білсе , Миканың жүрегі ғана біледі . Айта салайын . Мені құртқан ақша , байлық . Миканы құртқан махаббат , ғашықтық . Осы екеуміз танысқалы бірге тұра бастадық . Өйткені біздің басқа барар жеріміз басар тауымыз жоқ . Мені ғой құдай сақтаған , іші бос қуыс кеудемін . Ал Миканың бойына біткен баласы бар . Құрсағында болашақ пенде жатыр . Сондықтанда күндіз- түні жылаудан көз ашпайды . Жұмыр басын жарға да ,тасқа да соғып шарқ ұрып жүр . Алдырып құтылуға ет жақынын қимайды , күнәһар болғысы келмейді . Ал әкесіз баланы өмірге әкелуге өз әкесінен , ағасынан қорқады . Міне тап қазірде жүрегіне қан ұйып , көздеріне жас шығып қасымда отыр . Басы қатып болашағына қорқа - қорқа қарап отыр . Мөлдіреген көздері жасқа толып аянышты халде отыр . Өзегін өртеген өксік көмейіне тығылып ғашықтық дертінен құтыла алмай жүр . Өйткені бұл қыз екеуміз танысқалы бері сол бір ересек еркекті шын сүйетінін жасырған емес . Мына отырысы міне сол құлай сүйгеннен тапқан пайдасы . Болашағын емес тек төсегін ойлайтын ез еркектің бұл қыз құрбаны .Үйленбегенмін , басым бос деп жүріп жап - жас қыздың жұдырықтай жүрегіне кіріп жақындай түскен . Әбден сеніміне кіріп алған соң менің пәтерімде тегін тұр деп басқа пәтерге әкелген . Содан бір күні сол сұмырай өз дегеніне жеткен . Сөйтіп екеуі бірге алаңсыз алты ай тұрған . Күндердің күнінде аудандағы некелі әйелі кеп мына бейбақты үйден қуып шыққан . Ал әлгі сұмырай із - түссіз жоғалып тайып тұрған . Арадан біраз күн өткенде барып сорлы аяғы ауыр екенін білген . Міне бұл құрбымның тағдыры осындай . Ал менің тағдырым қандай , оны сіздер о бастан білесіздер .
Қысқасы адамның айтқаны емес ,Алланың қалауы болады деген емес пе , екеуміз жұмыс іздеп көп сенделдік . Бүгінде міне ,таңертеңнен табаннан тозып бармаған жеріміз қалмай шаршап кеп құлай кетістік .Жолдағы киоскіден алған гәзетті оқи бастаған құрбым , кенеттен қуана кетті . Жерден жеті қоян тапқандай сондағы көргені гәзеттегі жұмыс жайлы жазылған жаңа жарнама
- Айша қарашы мында- дейді . Міне, мына жұмысқа барып көрсек қайтеді . Мүмкін бізге керек жұмыс шығар . Ертең орталыққа шығып қоңырау соғып көрейікші -деп ойында түк жоқ құрбым жақындай түсті . Менде оған тығыла түсіп қолындағы гәзетке үңілдім . Сөйтсем , жоғары жалақылы жұмысқа 18 бен 30 жас аралығындағы қыздар керек деп астына телефон нөмер жазып қойыпты .
- Мұның несін көрсетіп отырсың . Өзі жоғары жалақылы жұмыс болса . Оған бізді қабылдап неғылсын . Бізде не диплом жоқ не орысша сауат жоқ . Онанда басқа жұмыс іздей берсеңші , мынауың маған түк ұнамайды деп теріс айналдым . Өзі менен аса алмайтын Мика құрбым кейінгі жарнамаларды іздеп жатты . Мен болсам төбеге қарап жатқан күйі терең ойға кеттім .Тәәәк , жоғары жалақылы жұмыс дейді . Он сегізден жоғары жастағыларға дейді . Сосын қыздарға ғана дейді . Демек , бұл қандай болсада ресторандағы немесе қонақжайдағы жұмыс . Ол дегенің өңшең ақшалылар жүретін жер . Демек Айша саған тағы бір рет шанс боп тұрған сияқты . Неге өз бағыңды тағы бір сынап көрмеске . Болат сияқты аса байды таппасаңда онан кем түспейтінді табарсың , мүмкін онан асып түсетінді табарсың . Олардың мына көшедегі көлденең көк аттылардан өлімтігі артық . Бар Айша бар , бар , бара ғой деп шайтан түртті де тұрды . Ақ жолдан тағыда адастым ба ол кезде білмеймін әйтеуір осы жұмысқа барғым келді де тұрды менің . Ал оның өзіндік бірнеше себептері бар еді . Біріншіден Болаттай өте бай еркекті армандадым . Екіншіден ауылдан келгелі бір емес бірнеше еркекпен кездесіп тастадым . Бірінің пәтеріне барсам бірінің көлігінде кездестім . Бірақ ол сорлыларда ақша жоқ . Тек ауыздарын қу шөппен сүрткен сүмелектер ғана . Үшіншіден менің үйдегілерге берген басты уәдем . Ол менің осы жылғы оқуым . Сол оқуы құрғыр жақындап қалды, ал менің қалтамда көк тиын жоқ . Оның үстіне үйіме соңғы барғанда да шуба сатып әжептәуір ақша апарғам . Сол үшінде әке шешем Алматыға алаңсыз жіберген . Өйткені мені әжептәуір жұмыс істеп жүрген жылы орнынан жылжытпай - ақ қояйық деген . Міне топталып келгенде осының бәрі мені сонда итермелеп тұрды . Тек итермелеп қана қоймай жалғыз құрбым Микадан жасырынып баруға мәжбүр етті . Әңгіменің қысқасы келесі бір көшеге шыққанда сол гәзеттің сол жарнамсын жұлып ала кеттім . Содан өзіміз тұратын пәтерге жақын маңдағы дүкенде телефон барын білетінмін . Жүгіріп сонда бардым . Өтінішіме қарсы болмаған дүкенші қыз тұтқаны қолыма ұстатты . Газетті алдымда жазылған нөмерді тере бастадым . Гудок кетіп жатқанда , сөйлесетін адамым қазақша білетін біреу болса екен деп құдайға іштей жалынып тұрдым . Ал дүкенші қыз болса келген кеткен адамдармен саудасын жасап жатты . Кенеттен телефонның арғы жағынан “алло” деген жас қыздың даусы шықты .
- Сәлеметсіз бе , мен гәзеттегі хабарлама бойынша қоңырау соғып тұр едім . Ол қандай жұмыс еді соны білейін деген- едім . Жасым он сегізде , бірақ мен ауылдан келген қызбын , орысша сөйлемейтін қызбын- дедім . Мені тыңдап үнсіз тұрған қыз сонан соң қазақша сөйлей бастады .
- Жұмысқа тұрам десеңіз ол оңай ғана . Бірақ ол үшін сіз , біздің мекен жайға келуіңіз керек . Сонда ғана толық мәлімет ала - аласыз деп мекен жайын айта жөнелді . Ол кезде мен Алматыны білмеймін ғой мына мекен жайды қайдан табайын . Сонда да жазып алдым да әрі қарай сұрай түстім .
- Алматыны білмейтін едім . Жақында ғана келгенмін . Сосын айтыңызшы ол қандай жұмыс , жалақысы қанша . Егер бәрі жақсы болса менің құрбым бар . Ол да ауылдан келген . Барсақ деп едік дей бергенімде,тұтқадағы қыз сөзімді бөліп сөйлей кетті .
- Мекен жайды білмесеңіздер біз такси жібереміз . Ақысын өзіміз көтереміз . Қалған информацияны келгенде аласыздар . Жұмысқа тұрам десеңіздер осы нөмерге хабарласыңыздар -деп тұтқаны тастай салды . Ал енді Айша ойлансын келіп . Информацияны барғанда аламыз . Демек не жұмыс екенін көзбе - көз көріп сөйлесеміз . Жалақысы тағы да белгісіз . Ол да сол жұмысты көргенде анық болмақ . Айтқандай өзіміз такси жібереміз , өзіміз төлейміз дейме . Бұл дегенің жақсы ғой . Жұмыс ұнамаса жіберетін шығар . Жібермесе Айшаның кім екенін көрсетіп сол жерде апан - топанын шығарармын . Өткендегі екі мент тастап қашқандай қашар менен . Қой онанда барайын . Ұнаса қалармын ұнамаса қайта салармын . Бұл жұмысты мен барып өз көзіммен көрмесем болмас деп баруды ойлап , түнімен көз ілмей таңның атуын тағатсыздана күттім ...
Сол нөмерге онан кейінде екі рет хабарластым . Бірақ Миканың алға қарап аяқ баспауынан бәрі кейінге қалып отырды . Өйткені аяғы ауыр Мика сол кездері көп ауыратынды шығарды . Бұрыннан бір бүйрегінде ақауы бар екен ,көбінше ісіп кеуіп үйде жататын . Мен оған қалай болғанда да қол ұшын беріп көмектесуім керек деймін . Нан табудың қамын ойлап сол маңдағы кафелерді жағалайтынды шығардым . О баста жұмыс сұрап - ақ барып жүрдім . Шыныменде екі қолға бір жұмыс болса істесем , ақша тапсам ,сосын оқуыма дайындалсам деп ойлаушы едім . Алайда мен ойлағандай кафелерден де ыңғайлы жұмыс табыла қоймады . Өйткені ол кез маусым айының ортасы , мұндай кезде Алматыда жұмыс табу өте қиын . Бұл оқуынан босаған студенттер қалада қалып жұмыс істеп ақша табатын кез . Оның үстіне мен сияқты алыс ауылдардан жұмыс іздеп келгендер қаншама .
Ал өкіметке жұмысқа тұру деген , қолыңда қатты қағазың болмаған соң , олда бос арман ғана . Міне осындай амалдың жоқтығы соңында кеп мені сол кафелерден тамақтануға мәжбүрледі . Негізі оның сыры былай . Аса қымбат емес кафеге барып жалғыз отырып тамақ жейсің . Сосын қалтаңда жеген тамағыңа жететін ақшаң болуы керек . Әрине жалғыз отырған қызды көргенде есуас еркектер айналшықтай бастайды . Ең алдымен танысайық деп қипақтайды , жақындай түседі . Содан түр - әлпеті ұнап жатса танысасың . Әрине , шын аты - жөніңді , мекен - жайыңды айтпайсың . Ол сонда сенің тамағыңды көтереді . Қолыңа ақша ұстатады . Сосын ең соңғы қажеттісі басталады . Паркке барайық немесе киноға барайық деген ұсыныстар түседі . Ал онда барсаң соңында болатын финал белгілі . Сол үшін сен не істейсің . Сенде қипақтап бастайсың . Бүгін бара алмаймын дейсің . Үйде папам бар ағам бар дейсің . Тіпті ағам милиция боп жұмыс істейді , көріп қойса өлтіреді дейсің . Бұл оған психологиялық шабуыл болады . Былайша айтқанда өз - өзіңді сақтандыру деген сөз . Бірақ үмітін де түбегейлі үзбейсің . Ертең не болмаса бірсікүні көрерміз , үйдегілер екі - үш күнге қонаққа кетуі керек дейсің . Өйткені сен оған сразу отказ бермейсің . Бере де алмайсың . Себебі ол сенің ішкен жегеніңді төлеп қойды . Сен үшін біраз ақша шығарды . Міне осындай уәдені үйіп - төгіп шығып аласыңда тайып тұрасың . Тіпті кейбіреуі таксиге отырғызып жібереді . Өйткені сенің сөзіңе сенеді , үміттенеді . Осылайша аман - сау пәтеріңе жетесің . Енді бұл бүгінгі еркегің . Келесіде ондай болмауы да мүмкін . Қалтасындағы ақшаға қатты еркек болса не жатып құтыласың не таяқ жеп құтыласың . Өйткені сені чайка қыз дейді . Ал сол чайка қыз екеніңді білсе онда жігіттер аямайды . Жасырмаймын , менің басымнан мұндайда жағдайлар өткен . Міне осылайша өзіңді -өзің ұмытасың . Әу баста жатқан еркегіңді санап жүресің . Бір , екі , үш ...дейсің . Соңында санаудан қаласың . Өйткені санынан шатасасың , тіпті түрін ұмытасың . Ең сорақысы сол , менің мұнымды ешкім білмейді , мұнда кім танып жатыр дейсің . Бірақ күндердің күнінде мұның бәрі алдыңнан шығады . Мүмкін бұл қылығым үшін мені сырттай сөгетіндер де табылар . Қазір не көп , мынау технология дамыған заманда ақылды көп , данышпан көп . Алайда сол кездегі менің жағдайымды өзімнен басқа ешкім түсінген емес . Тіпті бір пәтерде бір бөлмеде жатып тұрып жүрген Микада түсінбеген болар . Заман демекші айта кетейін ол заманнан бұл заманның айырмашылығы сол дамыған технологияда ғана . Мен мұны өскелең ұрпақтан білемін . Сіңлілеріме қарап білемін . Тап қазір бір тәулігің түгіл бір сағатыңды интернетсіз елестету қиын . Ал ол заманда ше . Дегенмен ол заманда да интернет болды . Бірақ қазіргідей кез - келгеннің қолында қалтасында емес , тек бай ауқаттылардың үйінде болды . Ал мына ұялы телефон дегенің тіпті қолыңа ұстап көру түгілі көз алдыңа елестеген емес . Міне бұл менің заманым . Айтайын , мен бәрін заманыма жауып отырған жоқпын . Әрбір адам өз тағдырына өзі қожа деген ғой,тағдырымның осындай болғаны үшін кешірім сұрап отырмын . Қысқасы , осылайша күндерім зулап өтіп жатты . Мен сол әдетіме басып кафеден тамақ жеп жүре бердім . Әрине тапқаным Микаға тамақпен пәтер ақысына кетіп отырды .
Бір күні бір аңшылықтан қомақты ақша ұстағаным бар . Қуанғаным соншалық , ентіге басып пәтерім келдім . Қарасам Мика сұлық түсіп жатыр . Қорыққанымнан жұлқылай бастадым . Екі беті ісіп кетіпті . Іспей қайтсін жылаудан көз ашпайды . Енді бұлай жата беруге болмайтынын , емханаға барып емделу керектігін айттым .
Алайда Мика үзілді -кесілді бас тартып жатып алды . Өйткені емханаға баруға қорқады . Папам білсе мамамды өлтіреді , ағам мені өлтіреді дейді . Қорыққанынан зар жылайды . Тіпті кейінгі күндері құрсағы томпайып шыға бастады . Енді міне, менде де шыдам бітті . Әңгіменің ашығына көшіп сөйлей бастадым .
- Ренжіме Мика , сен ертең не емханаға барасың, не үйіңе қайтасың , мен шаршадым болды- деп төтесінен бастым . Қанша жерден көзім қимасада осы сөзді айтуға мәжбүр болдым . Өйткені Миканың жағдайы күн сайын төмендеп кете берді . Қарны көріне бастағанымен тұрмай , салмақ қосқандай семіре бастады . Негізі бұл семіздік емес , бұл оның бойындағы дерттің салдары . Сол үшінде енді жата беруге болмайды . Бір жағына шығуы керек . Құдай сақтасын , пәтерде жатып өліп қалса ше . Олда мүмкін ғой .
- Мен мұны саған жаным ашығаннан айттым . Түсінші құрбым . Сенің амандығыңды тілеймін . Ертең ақ емханаға баршы деп өтіндім . Көз жасын көл қылған құрбым маған бас изегеннен басқа сөз айта алмады . Мен онан сайын өрши түстім .
- Менің қолымнан не келеді , айтшы . Қашанғы жасырын жүрмексің . Күндердің күнінде бәрібір әшкере боласың . Өйткені ертең ақ айы - күнің жетіп балалы боласың . Ал содан соң не істейсің . Қалай күн көреміз . Не жейміз , не ішеміз , не киеміз . Менің айтпағым осы деп үнсіз қалдым . Қысқасы өзара ойласа келе , ертең осы көшенің басындағы дәріханаға барып ақыл кеңес сұрайтын боп шештік . Өйткені қалай болғанда да , енді маған Миканың бір жағына шығуым керек болды . Дәріханаға барып ақша берсем бір жолы табылар деп ойладым . Оған менің қалтамдағы қаражатым жеткілікті . Бүгінгі кезіккен қалталы азамат мекен жайымды сұрап біраз ақша берген болатын . Есімде барда айта кетейін , бұл менің өмірімдегі оныншы еркек . Жас шамасы өзімнен біраз үлкен , отыздан кеткен еркек . Былайша айтқанда ордабұзар жастағы жігіт ағасы . Сол үшінде мекен - жайымды сұрағаннан ақ жөнімді айттым . Айтпай қайтейін , айтпасқа амалымда қалмады . Өйткені Микаға ақша керек , ішіп жеп киім кию керек . Сондай ақ пәтер ақысы да алқымнан алып тұр . Бұл ісімді өзгелер дұрыс демеседе ол кезде өзіме дұрыс болды . Сол жігіттің арқасында құрбымның ісі оңынан шешілді . Оның таныстары арқылы емхананың есігін көрмеді . Ақшасын төлеп үйде емделді . Медициналық бақылауға алынды . Оған біздің төбеміз көкке жетті . Қуанышымыз қойнымызға сыймады . Миканың беті бері қарап ай - күні жақындай түсті . Мұндай адамды жолықтырғанына Аллаға шүкір деп жүріп арамыз жақындай түсті . Соңында көп өтпей Миканың күні менің басыма келді . Осылайша өмірімде өзім білмеген адамнан бала көтердім . Мен оны шыныменде білмеуші едім . Білетінім Мұрат деген есімі ғана . Жұмысы болса ағаштан әшекейлеп , ою - өрнектеп есіктермен , сатылар жасайтын кішігірім шеберханасы бар екені . Тіпті оның Алматының қай жерінде тұратынында білмедім . Оны сұрап та отырмадым . Өйткені оған керегі мен , ал маған керегі оның ақшасы ...
Мен өзімнің екіқабат болғанымды білгеннен кейін алдымда екі сұрақ тұрды . Өйткені маған Миканың жайы белгілі ғой . Көзіммен көріп күнде қасында отырмын . Құрсағына бала біткелі бері жылаудан көз ашпай жүр . Сонда да алдырып құтылу дегенді о баста мүлдем ойламады . Негізі осы әкесіз бала кімге керек ?Өмірге әкелгенде де ондай безбүйрек әкеден туған бала ,болашақта кім болмақ . Ал менің жайым бұл бөлек әңгіме . Менің баламның әкесі бар . Әкесінің әжептәуір жағдайы бар . Мүмкін мен де бәрі басқаша болар . Бірақ уақытты көп созудың қажеті жоқ . Өйткені Мұрат өз баласынан бас тартып жатса ше . Міне бұл бірінші сұрақ .
Онда мен де мына Миканың күнін кешпекпін . Әрине мұның күнін менің басыма бермесін . Сол үшінде үнсіз барып алдырып тастасам ба екен? Міне бұл екінші сұрақ .
Бірақ ол кезде маған не болмақ ? Миканың сөзіне сенсем құдайдан қорқуың керек- дейді . Осы құдайдан қорқу деген не сөз өзі ?Сонда менің ішкі жан дүниемді кім түсінеді . Егер мен алдырып құтылсам ,онда менің бұл қылмысымды Микадан басқа кім біледі . Білседе Мика ешкімге айтпайды . Ал Құдай деген ол кейінгі мәселе .
Қысқасы мен бір шешімге келдім . Өйткені өз тағдырыма өзім қожамын . Демек бүгін ертең Мұрат келсе болды . Ақша аламында өткендегі апайға барамын . Естуімше сол апай бес мың теңге деген еді . Ақшасын беремін де алдырып құтыламын . Ия ,ия алдырып тастап алдағы проблемалардың бәрінен құтыламын . Содан соң тек оқуыма ғана дайындаламын . Сосын мына Мұрат аман болсын . Болат сияқты үлдемен бүлдеге орап қоймаса да күніме жарап тұр .
Пәтер ақысы , ішіп жейтінім , киім кешегім бәрі- бәрі осының мойнында тұр . Жоқ демейді , сұрағанымды беріп - ақ жүр . Бірақ кешегі болған жағдай көңіліме кірбің түсіргендей болды . Мұрат келіп ақша берген соң тамақ әзірлеуге кіріскенмін . Арасында зып беріп ұсақ түйекке көше басындағы дүкенге кеткенім бар . Көп жүрмей әрі кетсе жиырма минутта қайтып келдім . Сөйтсем Мұратым мен жоқта Микаға жақындай түсіпті . Шашынан сипап жұбатқан сыңай танытып әңгімелесіп отыр . Мені көргенде барып қолын алып маған қарады . Бұл не сонда ? Сатқындық па? Әлде шыны мен де Микаға деген жанашырлығыма . Солай шығар - ау . Өйткені мына Микаңда менікіндей сұлулық қайда . Тек жас иіс демесе жігіт қызығып қарайтындай көркі жоқ . Мен тұрғанда Мұрат мұны қайтсін . Жылаудан көз ашпаған соң басынан сипап жұбатқаны болар . Ал егер шыныменде араларында сыр болса онда мен Миканың көзін құртуға әзірмін . Пәтерден қуып шығып қаңғытып жібере аламын . Қой қазірше істі насырға шаптырмайын . Онанда өзімен жеке сөйлесіп көңілін көтерермін . Әне міне дегенше Мұратта келіп қалар . Менің ойымды сезіп жатқандай Микада басын көтеріп алды . Сүйретіліп барды да беті қолын жуып келіп қайта отырды . Содан өзара әңгімеміз басталды .
- Менің дегеніме көнсең , балаңды алдырма құрбым . Ол бейкүнә баланың жазығы жоқ . Құдайдың қаһары жаман күнәһар болмашы жаным -дейді . Не дейді , күнәһар дейме ...
- Қайдағы күнә ол . Менің алдымда әлі оқуым тұр . Мұрат оқытамын деп уәде берген . Алдырмасам қалай оқимын . Оның үстіне әке - шешеме оқуға түсемін , осы Алматыда жұмыс істеп жатырмын деп келгенмін . Менің алдырғаннан басқа шарам жоқ . Сені күнде көріп отырмынғой . Бүгін ішіңдегі балаң ертең соңыңа ереді . Сонда сен әкеңмен шешеңе не айтасың . Күлге аунап тудым дейсің бе ?Қасыңда сол баланың әкесі жүрсе ол бөлек әңгіме . Тұрмысқа шықтым дейсің . Осы жағынан ойлап көрдің ба ? Мен өз шешімімді қабылдап қойғанмын . Бүгін Мұрат келсе ақша аламын да өткендегі сені емдеген апайға барамын . Маған бала керек емес , кедергі болма ,Мика деп қағып тастадым . Міне осы сөзден соң ерні жыбырлап барып құрбымның үні өшкендей болды . Алайда суыған шәйдан бір ұрттап алып әңгімесін қайта бастады .
- Мұратқа ашығын айтып көрсең қайтеді , мүмкін оған бала керек шығар дей бергенінде мен айқайға бастым .
- Әй ақымақ екенсің сен . Өз бала шағасы тұрғанда менің ішімдегі баланы қайтсін ? Бұл бала маған да, оғанда проблема . Есіңде болсын сенің . Мен екіқабатпын деп айтқан күні сенің байың сияқты Мұратта жоғалады . Сосын мына Алматыдан тауып көр оны . Сен өзің таптың ба балаңның әкесін ?Тапқан жоқсың ғой . Таппайсыңда енді . Сол үшін жөніңе отыр , сен ақыл айтушы болма маған деп жекіп бердім . Менен мұндай сөзді күтпеген құрбым қолындағы кесесін тастай сала төсегіне жата кетті . Өз ойыммен өзім арпалысып менде жата бердім . Жатпай қайда барамын өйткені бүгін Мұраттың келетін күні . Отбасылық жағдайына байланысты ол екі , үш кейде төрт күнде бір соғып тұрады . Жоспар бойынша бүгін түс қайта келуі керек . Бірақ неге екені белгісіз бүгін ол кешігіп жатыр . Түс қайтқалы қашан . Әлде мына қаншық мені екіқабат деп айтып қойдыма екен? Өткендегі екеуінің шүйіркелесуінен жүрегім секем алып еді . Әй бірақ Мика оған айтпайды ғой . Өйткені мен мұны шегелеп тұрып ескерткенмін . Бұл өзі өте момын қыз . Менен тіпті де аса алмайды . Ал Мұрат мұнымды естіп білсе ше . Әрине оған бала керек емес . Ол менен туған баланы қайтпек? Арамыз жақындай түскенімізге екі айдай уақыт болды . Осы екі айда ол маған өз отбасы жайлы бір ауыз айтып па еді ?Тіпті қайда тұратыны да белгісіз . Қанша баласы бар екені де белгісіз . Жүрген бір жұмбақ адам . Оның үстіне екеумізді табыстырған нәрсе белгілі . Оған менің құшағым керек . Менімен төсектес болғанына мәз . Негізі мендей сұлу қызбен төсектес болу кез келген еркектің арманы . Оны мен жақсы түсінемін . Өйткені кафеге барсам болды . Көрген еркектің бәрі айналамда құрдай жорғалап жығылып жатады . Бұл рас .
Ал маған керегі оның ақшасы . Ақшасы болмаса мұндай еркектің тәнін сүю түгілі жанынан өтпес едім . Бұл да рас . Осыдан ақ белгілі емес пе ?Екеумізді сезім емес жәй ғана жағдай қосып тұрғаны . Ол мені жақсы көрсе көретін шығар . Әр келгенде бұл сорлы жағы тынбай соны айтады . Сол үшін мен де оны жалап сипап алдағаннан басқа амалым жоқ . Бірақ тап қазір мұны сөз етудің қажеті шамалы . Ең бастысы мына ішімдегі тажалдан құтылсам болғаны . Сонан соң көшеге шықсам кез келген еркек менікі . Демек Мұраттанда құтыламын . Ал мына Мика өз болашағын өзі айтар . Мүмкін мұныда көшеге шығарып қыдыртармын . Бүгін Мұрат келіп кетсе кешке кафеге апарайын . Ойы бөлінсін , көңіл - күйін көтерсін . Өйткені бұл бейбақтың үйден шықпай үйкүшікке айналғаны қашан . Өз сөзіне қарағанда жөні түзу еркек болса кетемін деп жүр ғой . Үйде жата берсе ондай еркек өзі келеме . Көшеге шықса ғана мүмкіндігі бар . Өзінен сұрап көруге ыңғайландым .
- Мика деймін теріс қарап үнсіз жатқан құрбымды түртіп . Мика тұршы қане , сөйлесейік . Қазір Мұрат келедіғой . Сен сол кезде сыртқа шығып қыдырып қайтшы . Шыққандада бұрынғыдай аулаға шығып шоқиып отырмай көшеге шықшы . Өткендегі екеуміз барған кафеге бар . Сол жерден тамақ іш . Көңіліңді көтер . Емпілдеген бірлі жарым еркек жолығып жатса сөйлесіп көр . Үйде жата бергеннен түк шықпайды ғой . Мүмкін Болат сияқты бай еркек болмаса да Мұрат сияқты біреулер жолығатын шығар . Еркексіз күнің күн емес қой . Ма мына ақшаны алып ал , бір отырып тамақ ішуіңе жетеді деп мың теңге ұсындым . Мына сөзге көзі аларып кеткен құрбым енді маған шоши қарады . Қарағанда да көздері жәудіреп жалынышты түрмен қарады . Қорқып тұрғаны айдан -анық . Сөзімді онан әрі жалғай түстім .
- Мика , жаным сол . Мен саған пәтерден кет деп жатқаным жоқ . Сені ойы бөлінсін , көңілі көтерілсін деп отырмын . Өзің ойлашы құрбым , өткендегідей ауырып қалсаң қайтесің . Үйде жата берсең ауырып қаласыңғой . Мен мұны жаным ашығаннан айтып тұрмын емес пе? Мені дұрыс түсінші . Оның үстіне қашанғы далада отырмақсың . Мұрат келсе болды кеткенше сыртта жүресің . Онанда өткендегі кафеге бар , тамақ ішіп , таза ауа жұтып қайтшы деп өз сөзімді өзім жуып шайдым . Міне осыдан соң қатты ойланып қалған құрбым жоқ дей алмады . Басын изеген күйі мен ұсынған ақшаға қолын созды . Арадан көп өтпей есік қағылып Мұрат кірді . Ал үстіне барын ілген құрбым болса пәтерден шығып бара жатты ...
Жалғасы бар...