Әңгіме
Серік Әбікен
— Мама, тұршы. Тұршы деймін, мама… Қарным ашты.
Бояуы оңған футболкасының жағасындағы жыртықтан бұғана сүйегі ырсиған кішкентай Асқардың анасын жұлқылап отырғанына біраз болды. Кірі баттасқан көк диванның үстінде жұқа көрпешемен басын бүркеп жатқан шешесінің қыбыр етер сыңайы жоқ.
— Мама деймін… – Қорс-қорс жылаған бала әлсіз қолдарымен
жамылғыны тағы жұлқылады. – Қарным ашты ғой.
— Баршы ары.
Темекі мен арақтан уланған дауыс барқ ете қалған. Асқар қуанып кетті.
— Маматай, тұршы.
Анасы жамылғыны әзер ашып, ісіктен кілкіп тұрған қабағының
астындағы көзін әзер ашқан күйі бұған қараған. Көгілжім тартқан жүзі де, кіреукеленген көзі де жиренішті еді.
— Жоғал дедім…
Шешесі көрпені қайта бүркеніп алды. Жыламсыраған Асқар орнынан
тұрып, асүйге беттеген. Шешесін енді мазаласа таяқ жері анық. Оңдырмайды, өткенде бос шишамен жіберіп ұрып, басының қанын судай ағызған. Стақандар, тұқыл шашылып жатқан, дастарқаны жұлым-жұлым үстелге телміре қарап бала біраз тұрды. Сосын «Шпроттың» бос қалбырын алып, саусағын ішіне жүгіртіп, жалады. Май дәмінен басқа түк жұқпады. Түбінде қалған жұрнақты түнде өзі жалап-жұқтап қойған еді. Нан қиқымын да саусақпен теріп жеген. Тіпті еденге түскен қоқымды да алақанымен сыпырып, аузына салған. Ол су ішпекке бұрылды. Аттай берді де қілт тоқтап, неге екені белгісіз тоңазытқышты ашты. Мұнда түк жоғын ол біледі. Жарық қиылған үш айдан беріде үңірейіп, ішінен күлімсі иіс мүңкіп тұрған тоңазытқышқа біраз қарап тұрды да жаба салды. Сосын шүмектен ұрттап су ішкен. Көкқарын болып көп ішкеннен су дәмінен де жүрегі лоблыйтын болған. Бір-екі ұрттады да қойды. Ортаңғы бөлмеге қайта келіп, сопиып тұрды да қойды. «Дядя Генаны тауып алсам ба екен?» деген ой жылт еткен. Тез айныды. Дүкен маңынан шықпайтын Гена тиын-тебен тапса да тек арақ алады. Оның шын аты Ғалым екенін бертінде естіді. Көрші подъезде тұратын еркек мұнда жиі келеді, жалпы келетіндер көп, сол Гена бірде анасымен ішіп отырып мұны еркелеткені бар еді. Үстіне балық салып, бір тілім нан берді. Тәтті суынан құйып берді. «Қолыма қарға тышты» деп Гена ағай лепіріп отыратын ондай күндер сирек те болса болып тұрады. Ал басқа уақытта жолауға болмайды, оңдырмайды. «Ты что, закуску в хавчик превращаешь?» – деп айғайлап, құлағын бұрап, арық қабырғасынан мытап-мытап жібереді. Қолы тастай өзінің. Асқар сонда да оның келгенін тілейтін. Тіскебасарларынан бір-екі асаса да жанға қуат. Есік алдындағы қоқыстың да қожайыны сол Гена. Ақтарып жатқаныңның үстінен түссе сабап тастайды. Осы маңдағы әр үйдің контейлерін бір-бір гена қорып жүр… Асқар кейде түн ортасында барып ақтаратын. Қараңғыда мандыған нәрсе табу қиын. Өткенде көгеріп кеткен бір шұжық тапқанына қуанып, тоя жеп еді, бір сағаттан кейін іші бүріп, көзі аларып, дүние шыр айналды. Аузына сасық дәм келіп, жүрегі көтерілді. Айналасын құсық пен нәжіске былғап, бес күн сұлық жатты. Дәрменсіздіктен кранға жетіп, қара су ұрттай алмады. Шешесі тек үшінші күні екі-үш адаммен бірге келіп еді. Шала мас екен. Басымнан сипар деп еді, керісінше болды.
— Иттің баласы, үйдің ішін боқ сасытыпсың! – деп талмаусырап жатқан мұны екі-үш мәрте қойып-қойып жіберген. Асқар соққыны сезбеді. Шешесі болса қасындағыларға ыржалаңдап:
— Бала ғой, кейін жуып алармын. Жүріңдер, ана бөлмеге барайық, – деп
асүйге кіріп кетіп, есікті жауып тастаған. Мұның қайта-қайта су сұраған әлсіз үнін естімеді. Бұл аздап әл жиып, орнынан көтерілген кезде де шешесі үйде жоқ еді. Сол дерт мұны қатты әлсіретті, еті қашып, өңі сарғыш тартты. Іші тоқтамайтын болды. Бесінші сынып оқуы тиіс баланың түрін қараған адам екі әлде үшінші сыныптың оқушысы екен деп ойлайды.
Асқар ілби басып есікке беттеді. Бірден шығып кетпей, аяқ киімге арналған жәшіктің үстіне отырды. Қайда барады? Мұны көршілер де жақтырмайды. Бәрі сұстанып, жирене қарайды. Көре қалса айналып-толғанып, азын-аулақ азық беретін, жұма сайын шелпек пісіріп, Асқарға ұстатын жалғыз Алтын апа бар еді, өткенде өліп қалды. Есік алдына көп адам жиналды, құран оқыды. Сол күні Асқар көп жылады. Неге екенін білмейді, солқылдап, еңіреп өз-өзін тоқтата алмады. Ақсары, етжеңді, жүзінен жылылық есіп тұратын, басынан аппақ орамалын тастамайтын сол кемпірмен бірге мына әлемнен мейір де кететінін кішкентай жүрегі сезгендей-ақ екен. Алтын апаның үйін қызы мен күйеу баласы тез сатып жіберді. Бір қарашұбар аға алған. Келгеннен бұған тиісті. Қай кезде көрсе де «Мен сені милицияға өткізем. Жоғал!» – деп жекиді де жүреді. Қарны үлкен әйелі де «Осылар-ақ подъезді сасытып болды», – деп шапылдайды. Шешесіне бәрібір, елемейді, келістіріп бір боқтайды да, жүре береді, ал Асқар дәлізге шығуға қорқатын болды. Есіктен аттап басса аулақтау кетуге асығады. «Әкем болса ана қарашұбардың тұмсығын бұзар еді», дегенді жиі ойлайды көше кезіп бара жатып.
***
Асқар екінші сынып оқып жүргенде бұлардың отбасы бақытты еді. Әкесімен паркке баратын, мұны мойнына отырғызып алып, хайуандарды көрсететін. Балмұздақ, «кола» әперетін. Мамасы мен папасының ортасында ұйықтайтын. Мұғалім отбасыларың туралы айтыңдар деп сұрағанда «Менің папам ең күшті, мамам ең сұлу», – дегені әлі күнге Асқардың есінде. Үзілісте балалар «сенің емес, менің мамам сұлу», – деп ұзақ таласқан. Рас, ол кезде мамасы өте сұлу еді. Одан кейін – ұрыс. Күнде мамасы ұрыс шығаратын болды. Папасы да Мұрат деген біреуді айтып, түтігіп сөйлейтін. Түрі жаман болып кетуші еді. Одан кейін папасы үйге қонбайтын болды. Тек жексенбі күндері келіп, мұны құшақтап, бетінен сүйіп кететін. Қыдыртайын десе мамасы жібермейді. Бір күні Мұратты көрді, өзі үйге келді. Мамасы екеуі құшақтасып, сыбырласа беретін. Асқардың жыны ұстайтын. Қызғанатын. Мұраттан аулақ жүруге тырысты. Оның да мұны еркелете қойғаны шамалы. Бірде шалбарын жыртып қойғаны үшін мамасы ұрысты, Мұрат белдікпен ұрды. Денесі тыз-тыз еткен сайын бақырып жылаған мұны жұлқып, анадайға атып жіберді де: – Өшір үніңді, өлтірем, күшік! – деп айғайлады. Бұл мамасына тығылып еді, ол араша түспеді. Мұрат тағы ұрды. Сосын белдікті былай тастап:
— Мен сені нағыз еркек қыламын, түсіндің бе? – деп жүзіне үңіле
қарады. – Түсіндің бе деймін?
Бұл «Иә, иә» деп жылай берген. Кейін осыны іздеп келген әкесіне айтып еді, папасы ашуланып шыға келді. Үйге қарай жүгіріп, есікті солқылдата ұрды. Жүгіріп шыққан Мұратты тас еденге атып ұрып: «Сен бе еркек? Тағы ұрсаң қаныңды ішемін», – деп тепкілеп еді. Мамасы шыр-пыр болып араша түсті, Асқар болса әкесіне сүйсіне қарап тұра беріпті. Мұратты күшті, батыр деп ойлайтын. Үлкен адамның балаша бақырғаны қызық екен, құдды бір тиіп кетсең бақырып жылайтын Сәтбек сыныптасы секілді. Папасын түйгіштеп жүрген мамасын түсіне алмады, жылауық Мұратты қайтеді?
Тез арада полиция келіп, папасын алып кетті. Ал бұл сол күні өлімші болып таяқ жеді. Мамасы: Сауап, жынды әкеңе үйдегіні неге айтасың?! – деп жайбарақат тұра берген. Сол төбелестен кейін папасын көрген жоқ. Көп ұзамай үйде тағы ұрыс шыға бастаған. «Кет салдақыңа!» – деп мамасы шапылдайды, «Сендей қатын көп!» – деп Мұрат зіркілдейді. Ақыры ол кетіп қалды. Бұл Асқар үшін ең қуанышты күн еді. Мұрат кетсе әкем қайтып келеді деп ойлайтын. Олай болмады. Мамасы құрбыларымен шарап ішетін болды. Күнде болмасада күнара жиналып ішеді. Ол күндерге Асқардың өкпесі жоқ. Тәтелер әдемі еді, бұған кәмпит, «киндер-сюрприз» әкелетін. Дастарқан да мол…
Кейін тәтелер келмейтін болды. Мамасы да жұмысқа бармайтын болды. Түске дейін ұйықтайды. Ал кешкісін дядя Гена секілділер келеді. Ішеді, келер күні түске дейін ұйықтайды. Кешке… мамасы мұның мектепке бармай қалғанын да білмейді. Мұғалімі іздеп келіп, үйдің сықпытын көріп, «Бұл баланы приютқа өткізу керек», – деп кеткен. Одан кейін полиция киімін киген бір тәте екеуі келіп, мұның жылағанына қарамастан көлікке тиеп әкетті. Полиция тәтенің мектеп жанындағы бөлмесіне апарып, қағаз жазып жатқан кезде Асқар қашып кетті. Түн ортасына дейін үйіне жоламай, жақын маңдағы шоқ ағаштың арасында жасырынып отырды. Түнде бұқпантайлап басып үйіне келсе есік ашық, мамасы ашық-шашық ұйықтап жатыр екен. Үстіне одеяло жапты да қатты құшақтап, бұл да ұйықтады. Асқар бұдан кейін де бірнеше рет қашты. Ақыры инспектор тәте де шаршады ғой деймін, тиіспейтін, келмейтін болды.
***
Асқар орнынан тұрып, есіктен шықты. Подъезд іші алакөлеңке, салқын екен. Ауасы да таза. Баспалдақтарды санай басып, далаға беттеді. Темір есікті шалқасынан ұстап тұрып, бұталардың арасынан сығалаған күнге қарап тұрды да жүріп кетті. Үміт жоқ, әйтеуір, сүйретіліп жүріп келеді. Өстіп, қатарлас тұрған екі үйдің алдын кесіп өтті. Контейнерлер жаққа қарап еді, үйіліп, шыбыны құжынап, маңы ыбырсып жататын темір қораптардың бәрі бос екен, қоқыс шығарушылар алып кеткен болар. Дүкен жақта Гена да көрінбейді. Асқар бос тұрған темір әткешекке барып отырды. Папасы бар кезде әуелетіп ойнатушы еді. Қазір зауқы жоқ. Баяу ғана ырғалып, көзімен жер шұқып отыра берді. Оң аяғының ұшымен құмдауытты сызады. Кенет құм арасынан бірдеңе жылт еткендей болды. Сап-сары. Тез қимылдап іліп алған. Жүз теңгелік екен. Баласын ойнатқан бір адамнан түсіп қалды-ау. Жүрегі тулап сала берді. Алақанындағы жүз теңгелікті әлемнің тұтас байлығындай қатты қысып, іздеп жүрген біреу-міреу жоқ па екен деп айналаға ұрлана қарап алды. Сосын мына жалғандағы ең үлкен қылмысын елге білдірмеу үшін, орнынан баяу көтеріліп, жылыстай берді. Жан-жағына жәутеңдей қарап, тағы бір үйдің ауласынан өтті. Содан кейін ғана «Уһ» – деп шекесінен шыққан суық терді сыпырып тастады. Бір мезетте кері қайтқысы келді. Біреу ақшасын жоғалтып, балалары аш отырған шығар, бұл секілді көгерген шұжық жеп, ауыздарынан көбік ағып жатқан шығар… Асқар ойланып, ұзақтау тұрып қалды. Жүрегі сазды, басы айналды. «Қойшы», – деді бір уақытта күбірлеп. Кімді іздейді, кімге апарып береді, біреу «Менікі еді», – деп алдап кетсе ше? Неге екенін білмейді, жылағысы келді. Папасы елестеді. Саусағын безеп: «Ұрлық жасасаң аямаймын!» – дейді. Қайтарып беремін. Өсейін, жұмыс істеп, бай боламын сол кезде қайтарып беремін, ұрыспашы, пап…
Жүз теңгелікті сығымдаған Асқар өзінің күбірлеп тұрғанын сезбей де қалды. Сосын дүкенге қарай беттеді. Бір бөлке нан алып, сумен жесем деген ой тым тәтті еді. Жете бере, қалт тоқтады. Әлдене есіне түскендей қалтасын ақтарды. Өңі қуарып кетті. Бұрыла сап кері жүгірді. Үйге қарай құстай ұшып келе жатып Асқар өзіне мұндай күш қайдан біткеніне қайран қалды. Жеп-жеңіл. Баспалдақпен тез көтеріліп, үйге кірерде тоқтады. Жүз теңгелікті аяқ киімінің табанына салды. Сосын есікті еппен ашып, ақырын басып төрде тұрған шифонерге беттеді. Тартпадағы ескі альбомды сілкелеп еді бірнеше сурет пен бүктелген қағаз түсті. Бар екен. Математика дәптерінің ортасынан жұлынған парақта жазу бар еді. Ол жазуды Асқар бірнеше қайтара бастырған. Тек бірінші жолы көмескіленіп кетіп, нақтылай алмаған. Көп ұстай берсе қағаздағы сия да өшіп кететінін парақты уысынан шығармай жүрген кезде білмеп еді. «Балам, – деп еді әкесі бір қыдыртып жүргенінде. – Балам, мына қағазды жоғалтпа. Менің туыстарым осы ауылда тұрады. Мен кетсем де осы жаққа барамын. Тірі болсам, аман болсам адаспасыз, ал әлдеқандай күн болып жатса туыстарың осында екенін біліп жүр, сақта. Өзекке теппейді. Өскенде іздеп, тауып аларсың». Үйге келген соң қағазды анасына көрсетпей, әр жерге тығып жүрді. Түнде қолына ұстап жататын. Сөйтсе сиясы кете бастапты, бастырды. Әкесінің жазуын сүйсіне отырып қайта жүргізіп шықты. Тек бірінші жол… Атырау ма еді, Маңғыстау ма? Ұмытып қалғанын қарашы.
Асқар селк ете қалды. Дивандағы анасы аунап түсті. Жалт бұрылып еді, анасы бұған сығырая қарап жатыр екен.
— Мама, қарның ашты ма?
— Не тамақ сатып әперейін деп пе едің? – анасы көтеріліп отырды. –
Былшылдамай, ана бөтелкелерді қарашы түбінде бірдеңе қалып па?
— Мама, менің қарным ашты… Тамақ жейікші…
— Сен жалмауыз-ақ тоймайды екенсің, мені жұтпай тоймайсың.
Баланың ызыңын көтере алмаған шешесі айналасын сипақтап лақтыратын бірдеңе іздей бастап еді Асқар сыртқа зыта жөнелді. Далаға шығып, аяқ киіміндегі ақшаны алды да, асығыс сұға салып, қайта жүгірді. Жүз теңге тапқан тұста, әткеншекке сүйеніп, шылым шегіп екі адам тұр екен, олардан секемденіп орағыта қашты. Жүгіріп барады, жүгіріп емес, құстай ұшып барады, бір уысында ақ парақ, бір уысында ақша. Қос алақаны күйіп кетердей.