Бақтыгүл Ауданова
Әңгіме
- Жоқ, олай ете алмаймын. Онда менен күдіктенуі мүмкін.
- Ол жағы да бар. Бәлесінен аулақ, алмай-ақ қой. Иесіне бұйырмаған ақша бізге опа берер дейсің бе? Құдай жолымызды оңғарсын.
Шынар түйіншегін көтеріп алдыма түсті. Екі күн жүріп Қорғантөбеге жеттік. Ақшамыз да азая бастады.
- Қаладағы орталық қонақүйге барыңдар, - деп кеңес берді шопыр жігіт. – қазір ол жерді босқындар паналаған. Ақшаларың болса тамақ та бар. Ол жерден қазақ ағайындарды да көргенмін. Мүмкін туыстарың шығар.
Қонақүйге келдік. Бұрын сыртынан көріп, сүйсініп өтетін жеті қабатты қонақүй де соғыстың зардабын бір кісідей тартыпты. Бізге қонақүйдің алтыншы қабатынан орын тиді. Мұнда адам көп екен. Бала-шаға шұбап жүр. Қонақүй емес лагерь дерсің. Коммуналдық жүйесі бұзылған, тазалық атауымен жоқ. Мүлкі тоналған. Қонақүй маңы өлікке толы. Адамгершіліктің соңғы парызы – оларды жерлеуді ұйымдастырудың өзі мүмкін емес. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен деп осыны айтса керек. Кейде сарбаздар келіп өліп жатқан мәйіттерді көлікке тиеп кетеді. Бірақ, екі-үш күнде айнала тағы да мәйітке толады. Күнде-күнде жиып кету қайда.
Шынар екеуміздің бағымызға бір қазақ жанұясымен танысып алдық. Қонақүйдің үшінші қабатында тұратын олар да бізді көргенде туған бауырын көргендей жылап алды. Жылыкөлдің қазақтары екен.
- Біз жақты оппозицияның қаруланған отряды бір күнде басып алды. Мал-мүлкіміздің бәрін тастап, тек құжаттарымызды алдық та қаштық. Аллаға шүкір әйтеуір қашып үлгердік, әйтпесе...
- Соғыс беті жаман ба?
- Түрі құрысын, жаман. Оппозиция бір тонаса, одан қалғанын кулябтықтардың сарбаздары алып жатыр. Одан қалса бұзақылар. Адамдар жауыз болып барады. Жап-жас, мектеп жасындағы қыздарды тоқалдыққа алып жатыр.
- Құдай сақтасын, ақырзаман деген осы шығар...
- Қыздары мен әйелдерін қызғанғандар өз қолдарымен өлтіріп жатыр. Әйтеуір алла ақырын берсін...
Мұны естіп жағамызды ұстадық. Шынарды уақтысында алып шыққаным жөн болған екен.
- Інің ба? – деп сұрады отағасы Шынарды нұсқап.
Басымды изей салдым. Соғыста әділеттілік болмайды. Жауың түгілі досыңа сенбей қалады екенсің.
- Қаржыларың болмаса мақтаға шығыңдар. Мақта аппақ болып ағып жатыр, теретін адам жоқ. Көп болмаса да жейтін тамақтарыңды табасыңдар, - деп жанашырлық білдірді аға.
Ертеңіне таңмен таласа мақта теруге шықтық. Алдымызда тәжік халқының бар байлығы – жібек мақта плантациясы жайқалып тұр. Аппақ. Ағып тұр. Әдетте еңбекқор тәжік халқы мақтаны бұлай ысырап етуге жол бермейтін. Есіме әкем түсті. Әкем айтқан бұл мақтаны ұрлауға, қорлауға болмайды деп. «Неге?» деймін. Ол кезде баламын. Әкем мақтада бригадир болып та істеген. Сонда ізінен еріп жүретінмін. Әкем екеуміз бүкіл мақталықты жаяу аралап шығамыз. Сонда енді ғана паясының түп жағынан аппақ болып ашылып келе жатқан уыстай-уыстай мақталарды қызығып жұлып аламын.
- Жұлма, обал болады, - дейді әкем.
«Мақтаның да обалы бар ма екен, нан болмаса ол» деймін ішімнен. Расында да сәлден соң оны ләңгі қылып аяғыммен теуіп тастаймын. Әкем ренжиді.
- Бұл мақтаны, - дейді сосын мен теуіп тастаған ақ ұлпаны қолына алып, - академик Краснов сонау Египет жерінен үш түйір шитін алып келіп өсірген, жерсіндірген. Бұл оңай болды
деймісің? Үш түйір шиттен бүкіл республиканың мақтанышына айналған өнімді алу үшін аз еңбек сіңбеген балам. Бұл біздің жеп отырған нанымыз, киіп отырған киіміміз.
Мен түсінгендей басымды изеймін. Әлі ашылып үлгермеген жап-жасыл плантацияға қараймын. Жақында бұл алқаптарға самолетпен дәрі шашады. Содан кейін мына жап-жасыл жапырақтар қурап, аппақ түске боялады. О-хо, мұндай аппақ жерлер тәжік жерінде қаншама. Сол үш шиттен мынанша алқапты мақта өсіргенше шынында да қаншама жылдар кетті екен деп ойлаймын іштей.
Міне, сол кез, сол бақытты сәттер көз алдыма келді. Бригадир ұсынған ақ жайманы алдым да Шынармен қатарласа жүйекке түстім. Жібек мақтаның салмағы ауыр болады. Сол себепті күн ұзақ әжептеуір өндіріп тересің. Бірақ, нарқы тым арзан. Таңнан кешке дейін жиған мақтаңның құны кешкі ас ішуіңе ғана жарайды. Талайдан бері ыстық тамақ ішпеген біз қонақүйдің тамағына әзер жетеміз. Екеуміздің жиғанымыз екі тәрелке сорпа мен екі бөлік нан, бір шәйнек шайға жетеді. Таңертеңгі асқа тағы бір бөлке нан сатып аламыз. Күнұзақ сол нанды екеуміз талғажау етуге тырысамыз. Артық ақша жұмсамаймыз. Алда қандай күндер күтіп тұр, кім білсін? Әліміз құрып кешкі асқа әрең жетеміз. Ыстық сорпаға бір бөлке нанды батырып жеп, ауызды күйдіріп ұрттап отырып ешқашан сезінбеген рахатты сезінеміз. Сөйлесуге мұрша жоқ. Тағы бір тәрелке сорпа болса ғой дейсің, бірақ...
- Қандай рахат, - дейді Шынар ағасының күнқағарының астында тақыр маңдайы шып-шып терлеп. – Баяғыда осы қонақүйге кірсем ғой деп армандайтынмын.
- Ия, арманың орындалды. Құдайдың кереметін қарашы, соғыс кезінің өзінде сені қонақүйге жатқызған, - деймін әзілдегенсіп.
- Құрысын, ел тыныш болса осы қонақүйді көрмей кетсем де өкінбес едім.
Екеуміз бөлмемізге көтерілеміз. Сырт көз бізді ағалы-інілі деп ойлайды. Шынар диванда, мен жерде ұйықтаймын. Ұйықтаймыз дегеніміз жай ғана сөз, түннің жартысына дейін есімізге әрнәрсе бір түсіп көз іле алмаймыз. Ол ағасы мен анасын ойлайды, мен үйдегілерді, әпкемнің ендігі тағдырын ойлаймын. Енді көз іле бергенде анда-санда атылып қалатын оқтың даусынан селк етеміз. Шынар дереу түйіншегіне жармасады.
Кей-кейде уақыт тауып темір жол вокзалына барып қайтамын. Елге баратын пойыз бар ма екен деп. Жоқ, жол тоқтатылған. «Қашан болады?» деп сұраймын. Кассир тәжік иығын қиқаң еткізеді. «Білмеймін» дегені.
Қарашаның ортасынан асқанда жолдар ашылыпты, Ресей жаққа жүретін пойыз бар екен деп естідім. Вокзалға жүгірдім. Вокзал маңы ығы-жығы адам. Касса жабық. «Билет жоқ» дейді. Соғыста қайдағы билет. Шұбырған халық, бүрсеңдеген бала-шаға. Бәрі әйтеуір мына дозақ елден кеткісі келетіндер. Өзге ұлт өкілдерінің арасынла тәжіктердің өздері де жүр. Мақталыққа қарай жүгірдім.
- Шынар, Шынар, пойыз бар екен. Ертең кешке жүреді, - дедім қуанып. Шынардың жанарынан жас домалай жөнелді.
- Билет алдың ба?
- Қайдағы билет? Вокзалдағы адамды көрсең. Қалай болмасын ілегісіп мініп кетуіміз керек. Жолсеріктермен сөйлесермін, ақша бар ғой.
Кешке дейін үйіп мақта тердік. Қуанышымызда шек жоқ. Кешкісін рахаттанып тәжіктің «құртобасын» жасап жедік. Елге кете қалсақ тәжік жерін қайта көреміз бе, жоқ па, келеміз бе, жоқ па, кім білсін?!
- Мен қолмен жеймін, - деді Шынар жеңін түріп жіберіп.
- Мен де.
Екеуміз қолымызды жалап, рахаттанып бір тойдық. Бір-бірімізге қарап күліп қоямыз.
- Ертең бірінші болып базарға барамыз.
- Не үшін?
- Енді өзіңе көйлек сатып алуың керек шығар. Әлде біздің үйге осылай барғың келіп тұр ма?
Шынар ұялып кетті. Екі беті алмадай болып қызарып шыға келді.
- Өзіңе қажетті заттарды аласың, - дедім.
- Пойызға жетпей қалмай ма? Қойшы бәрін, алдымен пойызға мініп алайықшы, қалғанын кейін көре жатармыз.
- Жоқ, олай болмайды. Бір көйлек пен басыңа тағатын бір орамал ал.
Таңертең екеуміз базар араладық. Іздегеніміз арзан көйлек. Бірақ, баға удай қымбат. Арзандай бағаға сусылдақ шәйі көйлек таптық әйтеуір. Күн бұлыңғырланып тұрған. Кеше ғана ашық еді.
- Суық емес пе? - дедім шәйі көйлекке көңілім толмай.
- Болады, үстінен костюм киіп аламын.
Үйінен ағасының көйлек шалбарын киіп шыққан Шынар содан бері әлі киім ауыстырмаған. Менің киімдерім де құдамның кепесінде жанып кеткен. Екеуміздің үстіміз сатпақ-сатпақ. Мен де киім алар едім, бірақ, жолымызды ойладым.
- Сен қақпаның алдында күтіп тұр, мен қазір, - деді Шынар. «Жарайды» деп бұрылып кете бердім. Арқама қарасам ішкиім сатып тұрған әйелдің алдында тұр екен. Маңайындағы саудагер әйелдер жырқ-жырқ етіп әлдене деп күледі. Қасына жақындадым. Шынар ренжігендей бұрылып кетті.
- Не болды? – деп сұрадым түкке түсінбей.
- Ештеңе.
- Сен есіктің қасында тұр, мен қазір, - деп ізіме қайтуға ыңғайландым.
- Керек емес, қайда барасың?
- Өзіме керек затты алуым керек шығар.
Жаңағы саудагер әйелге бардым. Езуін енді жиып болған екен.
- Кел, бачам, кел, - деді құрақ ұшып.
- Екі мынадайдан, бір мынадайдан беріңіз, - дедім қолыммен көрсетіп.
- Қандай размерін? Менікіндей ме, әлде одан да үлкен бе?
Жан-жақтағы әйелдер қосылып жырқылдап күлді.
- Ма, ал. Онмың бір жүз.
Он мың рубльді алдына тастадым.
- Яна юз сум.
- Басқа жоқ, - дедім де кете бардым.
- Ха, жоның күйсін, голубой, - деді сыртымнан айғайлап күліп, мәз болып.
Шынарға ұстаттым. Ұялғаннан түйіншегіне тыға қойды. Екеуміз вокзалға жол алдық. Ығы-жығы адам темір жолдың бойына тұрып алған. Біз де сығылысып жүріп алдыңғы қатарға тұрып алдық. Бірақ, бұл қауіпті екен. Пойыз келе жатқанда адамдар алға қарай итермелеуі мүмкін, сонда пойыздың астына түсіп кетуің де неғайбыл. Шынарды сүйрелей жүріп бас жаққа бардық. Белгілі ғой, елдің бәрі орта тұста немесе соңғы жақта болады. Ең құрығанда паравозға мініп алармыз деген ойым болды. Расында да солай болды. Пойыздың қарасы көрінгеннен адамдар бірін-бірі таптай алға ұмтылды. Билетке қарап жатқан ешкім жоқ. Құлаған әйелдің даусы мен жылаған баланың даусынан құлақ тұнады. Таласып-тармасып бірінші вагонға мініп алдым. Адам толы, орын жоқ. Дәліздің ортасында отыруға тура келді. Соған да шүкір дедік.
Он минутан соң пойыз қозғала бастады. Шынар екеуміз терезеден сыртқа көз тастадық. Жауын сіркірей бастапты. Әлі де пойызға міне алмай шұбырған халық қозғалған вагонның ізінен
жүгіріп келеді. Жанталаста құлап мертіккен, өлген адамдар жерде домалап жатыр. Аңыраған балалар көздері мөлтілдеп вагонмен ілесе жүгіреді, әлдене деп қолын бұлғайды, жылайды. Әйнекке басын сүйеп Шынар да жылап тұр екен. Пойыз жүрісін жылдамдатты. Жауын да үдей түсті. Аспан да жылап тұрғандай. Соғыстың ащы дәмін татқан қала тіпті сұрықсызданып күңіреніп тұр.
Ақыры Шымкентке жеттік. Жолсерік жігіт «Шымкентке келдіңіздер» дегенде қуанғаннан жылап жібердік. Күн тіпті суық екен. Тәжікстаннан алған екі шапаты нанды талғажау етіп келе жатқан едік, бір жапырағы қалыпты., пойыздан түсе сала екеуміз бөліп жеп алдық. Вокзалда тұрмыз. Жұрттың бәрі бізге қарайды. Шынар көйлегін де кие алмады. Қарнымыз аш, дірдектей бастадық. Вокзал іші тіпті аңырап тұр.
- Тоңдың ба? – деймін Шынарға тоңып тұрғанын біліп тұрсам да.
- Ия, - дейді Шынар ерні көгеріп. – Қазақстан суық екен.
- Жетісайға қалай барады? – деп сұраймын өткен-кеткеннен. Бәрі «білмеймін» деп иығын қомдайды.
Жүз әлпеті келіскен, егделеу кісі кетіп барады екен. Ізінен тура жүгірдім.
- Аға, біз Тәжікстаннан келе жатыр едік, айтыңызшы Жетісай деген жерге қалай барады?
- Е, інім, аман жеттіңдер ме? Қадамың құт болсын. Бәсе, бұл жақтың адамына ұқсамайсың, - деп жылы қабақ танытқаны қуантып жіберді. – Ол үшін автовокзалға баруың керек, сол жерде автобус болады, - деп жөн сілтеді. Арқама бұрылсам Шынардың жанында екі милиционер тұр.
- Ассалаумағалейкум, - дедім қос қолымды созым қастарына жақындап.
- Құжатың бар ма? – деді қолымды алмастан дүңк етіп. Екеуміздің де құжатымызды көрсеттім.
- Таджикистаннан... так... қашқынбыз де...
- Қашқын емеспіз, атамекенге келіп отырған жоқпыз ба? Аға өзіңіз сияқты қазақпыз ғой.
- Қандай оймен келе жатқандарыңды қайдан білеміз? Так, бөлімшеге алып жүріңдер.
Шынар екеумізді көлікке салып бөлімшеге алып келді.
- Заты әйел, шашын тықырлап алып тастаған, киімі мынау... соғысқа қатыстың ба? – деп дүңк етті Шынарға.
Селк еткен Шынар ештеңе дей алмады.
- Бәлкім вахаббистердің жансызы шығар.
- Аға, о не дегеніңіз. Соғыс деген оңай ма? Сол вахаббистердің қолына түспесін деп қолаң шашын қидырып отырған жоқ па? – дедім жалынышты үнмен.
- Наша бар ма? – деді дәу қара маған шүйлігіп.
- Жоқ.
- Бәлкім наша бизнесінің өкілі шығарсың?
- Жоқ.
Осы сәт есіктен қос иығына погон таққан подполковник кіріп келді. Бізді әкелген екеу қолдарын шекесіне апарып тастай қақиып қалды.
- Баяндауға рұқсат етіңіз, жолдас подполковник. Темір жол вокзалынан екі Тәжікстан азаматын ұстадық.
- Екеуі де қазақ, - деп қалды екіншісі.
Подполковник бізге барлай қарады.
- Маған алып келіңдер, - деді де шығып кетті.
Шынар екеумізді подполковниктің кабинетіне алып келді. Жып-жылы кабинетте бойымыз жылып сала берді.
- Отырыңдар, - деді подполковник жұмсақ үнмен. – Оралмансыңдар ма?
- Ия, аға.
- Құжаттарын беріңдер көрейін.
Құжаттарымызға аз-кем қарап отырып ойланып қалды.
- Бұл жақта туыстарың бар ма?
- Ия, Жетісайда анам мен ағам бар.
- Тәжікстанда жағдай қалай?
- Құдай басқа салмасын...
- Ия, дұрыс айтасың...
- Келіншегің ба? – деп сұрады Шынарды нұсқап.
- Ия.
- Балаларың бар ма?
- Әзірге жоқ.
- Енді болады. Бұл жақ тыныш, бейбіт. Енді бұл жақта қазақтардың санын көбейтуден басқа қайғыларың болмайды.
- Рахмет аға, айтқаныңыз келсін.
- Ал, елге қош келіпсің, бауырым, - деді подполковник орнынан тұрып, қолын ұсынып. – Жолың болсын, туыстарыңа аман-есен жет. Айтпақшы, жол қаражатың бар ма?
- Ия, бар.
Подполковник жымиды.
- Қане, көрсетші.
Қалтамда қалған екі бума рубльді шығардым.
- Бұл ақша мұнда жүрмейді, - деді де қалтасынан екі қағаз ақша алып ұсынды.
- Айырбастап аламын ғой, - дедім ұялғаннан.
- Бұл ақшалар мүлде қолданыстан шығып қалған, еш жерде айырбастамайды. Біздің еліміздің енді өз ақшасы бар – теңге! Ал, ал, елге келгеніңе берген ерулігім болсын, інім.
Екеумізді екі милиция автобекетке алып келіп Жетісайдың автобусына отырғызып жіберді. Біз үйге жеткенде қас қарайып қалған еді. Әркімнен сұрап жүріп өз үйімді қараңғы батқанда әрең таптым. Жүрегім өрекпіп сыртқы есікті әрең қақтым. Үй қап-қараңғы. Көшелер де тас қараңғы. Басқа үйлерде де жарық жоқ. Соған қарағанда ауылда жарық жоқ сияқты. Есікті ағам ашты. Ашты да алдымен сілейіп тұрып қалды.
- Сенсің бе?.. Тірісің бе?.. – деп құшақтай алды.
Үйдің іші алакөлеңке екен. Терезе алдында шынысы жарылған шыра сығыраяды.
- Кім әй ол, келген? Кім екен? – деп алаңдаған анамның дауысынан тұла бойым еріп сала берді. Бауырына қойып кеттім.
- Барсың ба? Тірісің бе? Жарығым-ау, амансың ба? – анам бауырына басып ұзақ жылады. – Шүкір Алла, көрсеткеніңе шүкір... енді көрмеймін бе деп зарлап жүр ем... Неге тастап кеттім деп жүр ем...
Анам құшағынан босатар емес. Шынарды бәріміз де ұмытып кеткендейміз. Қараңғы үйдің ішін біразға дейін шулаттық.
Апамның мауқы басылған соң мен күткен сұрақ-жауап басталды.
- Қалай малдарын аман-есен сатып бітті ме? – деп сұрады ағам.
Қалай жеткізерімді, не дерімді білмей қалдым. Үнсіз жерге қарап басымды изедім.
- Бірге келдіңдер ме? – деді анам.
- Жоқ, апа, - дедім ашып айтуға бекініп. – Олар келе алмады.
- Неге? Малын сатып бітпеді ме? Адамға жан қайғы болған жерде малды не қылсын? Оның малын кім алады дейсің?
Жалғасы бар...