Бақтыгүл Ауданова

Әңгіме

- Қайтпай ма? Малды не қылады десейші, жанының амандығын ойламай ма?..

Анам баяғысынша шұбырта сөйлей жөнелді.

- Аға, оларды өлтіріп, өртеп кетіпті...

- Қалайша? Кім?

- Білмеймін, ауғандар ма, тәжіктер ме...

Ағам іштей күбірлеп бетін сипады.

- Ойбү-үй, жазған-ау, төрт баламен қызым енді қайтеді-і-і-ай... Әкем келеді деп күтіп жүрген шырақтарым-ау...

Анам дауыстап жоқтай жөнелді. Оған жеңгем басу айтып жатыр. Ағам екеуміз сыртқа шықтық.

- Қайтіп? Сен қалай аман қалып жүрсің?

- Малды ауғандықтарға сатып жүргенбіз. Мал азайған соң мен Шынарды алып келуге Вахшқа кеттім. Құда сенің ақың деп бірталай қаражат та берді. Бір аптада келермін деп ойлағам. Мен барған соң Вахшты ғармдықтар басып алды да бір айдай ол жерден шыға алмай жаттым. Кейін келсем...

Көзіме жас үйірілді. Мен өлтіргендей ағамның алдында өзімді кінәлі санадым, қысылдым. – Кейін келсем, екеуін де өлтіріп, кепесімен қосып өртеп кетіпті...

- Сол мал алып жүргендердің ісі шығар. Ақшасын алған да өздерін өлтірген...

- Кейінгі сатқан малдарының ақшасын алған екен. Алдыңғы сатқан ақшаларын қой қорасының түбіне тығып жүрген, оларға тиіспепті.

- Сен алып келдің бе?

- Жоқ, алмадым, қолым бармады.

- Дұрыс істегенсің. Сол қой қораның түбінде қалдыма енді?

- Ия, қалды...

- Ажалы да, қайтерсің. Топырағы сол жақтан бұйырып тұрған ғой, байғұстардың...

- Білмеймін, аға, құдалар жаққа қалай жеткіземіз. Бәрі менен көретін сияқты. Менен күдіктенетін шығар.

- Құдайдың алдында ақ болсаң, несіне қысыласың? Олар да, біз де сендерден күдер үзіп отыр едік. Аман келгеніңе шүкір. Апам басылған сияқты, үйге кіріп тамақтанып ал. Құдалар жаққа ертең барармыз.

Мен үйге кіргенде Шынар әлдеқашан жуынып, киімін ауыстырып алыпты. Басында орамал. Төрде отыр. Ағамның балалары қутың-қутың етіп бір-біріне әлдене деп сыбырласып қояды.

- Шашы жоқ қызды қайдан тауып келгенсің? – деді мен бетімді сүртіп тұрғанда ағамның үлкен қызы жаныма келіп сыбырлап. Бірақ мұнысы бәріне естілді-ау деймін «тәйт әрі, онысы несі» деп апам жекіп берді. Шынарға күле қарадым. Ол қызарып, ұялып жерге қарап отыр екен.

- Елге келіп ес жиып болғанша да айдан аса уақыт өтіп кетті. Мұнда да жағдай мәз емес екен. Жұмыс жоқ. Біз сияқты жаңадан көшіп келгендердің жағдайы тіпті нашар. Жүгеріні бидайға араластырып ұн тарттырып жеп отыр. Әйтеуір бақшаға егіп алған азын-аулақ картоп-сәбіз, асқабақпен күн көріп отырмыз. Ағам колхозға тракторшы болып ілінген екен, соның айлық орнына беретін бидайы, майы бар әйтеуір шықпа жаным шықпамен тіршілік тербеттік. Мейлі қара нан мен қара су ішсең де бейбіт күнге ештеңе жетпейді екен. Күнде кешкісін май шамы сығырайған бөлмеде бәріміз бірге отырып жүгері нанмен жүгерінің ұнынан кесілген кеспе көжені соғып аламыз. Бірақ, бәрібір жақсы. Қап-қараңғы ауыл, қараңғы дала. Тып-тыныш. Еш жерден оқтың даусы естілмейді. Кім кіріп келер екен деп жаныңды шүберекке түйіп отырмайсың. Ешкім есінен адасып еңіреп жыламайды. Кей-кейде көше қиылысында жиналған жігіттердің шат күлкілері мен гитараның әсем сазы жаныңды тебірентеді.

- Бейбітшілік қандай жақсы, - дейді мұндайда Шынар мұңайып. Арғы жағында анасы мен ағасына деген уайымның, сағыныштың жатқаны аңғарылады. Шарасыздығымнан мен де іштен тынамын.

Қой, бұлай отырғанымыз жарамас, - деді бірде анам кешкі ас үстінде. – Оқ пен оттың арасынан мына баланы бекерге әкелмеген шығарсың. Төрт шалды шақырып екеуіңнің басыңды қосып қояйық. Мен жеп отырған тамағыма шашалып қала жаздадым. Осыны өзім қашаннан бері күтіп жүрсем де бұлай аяқ астынан боларын күтпеп ем.

– Дұрыс айтасыз, апа, - деді ағам. – Жоқ жомарттың қолын байлайды дегендей «жоқ» деп қашанғы отыра береміз. Не де болса ырымын жасап, некесін қиып қояйық.

Тойға дайындық сол түні-ақ басталып кетті. Өз тойында өзі қызмет етіп, жеңгелермен бірге қамыр илеп, бауырсақ пісіріп Шынардың өзі жүр. Әйтеуір сол кездің жағдайына сай тойда өтті. «Шашы жоқ келіншек» атанып Шынар енді біздің үйдің келіні болды.

Оралғандарға да оңай болмады

Елге оралған соң да оңай болмады. Жаңа жерге сіңісіп кету сол бір тоқырау жылдарында қиынға соққаны жасырын емес. Мұны сол жылдары қоныс аударған әрбір оралман мойындаса керек. Одақ ыдырап, әр ел өз алдына тәуелсіз мемлекет болған. Баяғы мамыражай өмір бұл жақта да келмеске кеткен. Жұмыс орындары жабылып, колхоздың мал-мүлкі талан-таражға түскен.

Қарап жатуға тағы болмайтыны белгілі ғой. Жұмыс іздеп аудан орталығына шықтым. Бақытыма біреудің көлік жөндеу шеберханасына жұмысқа тұрдым. Бірен-саран болмаса көлік мінетіндер де көп емес ол заманда. Қолымнан көлік жөндеу келіп тұрған соң мені сол күні-ақ жұмысқа қабылдады. Өзімде мықтымын, көліктің дауысынан-ақ қай жерінің кетіп тұрғанын байқай аламын.

Көп болмаса да азын-аулақ тиын-тебен түсіп тұрады. Осының арқасында ауылда жігіттер арасындада беделім бар. Ауылдың жігіттері дегенім өзім сияқты оралман жігіттер. Ал жергілікті қазақтармен әлі басымыз пісе қоймаған кез. Олар бізді көрсе жау көргендей болады. Не жазып қойғанымызды қайдам, әйтеуір бізді жақтырмайды. Оңашада қолдарына түсе қалсаң, сау-тамтығыңды қалдырмай ұрып кетеді. Таяқ жеп жүрген жігіттер аз емес. Сонда да болса жергілікті жігіттердікі жөн шығар деп көніп жүрдік.

Жұмыстан кештеу қайтқан күнім еді. Орталық көшеде үш-төрт жігіт жолығып қалды. Қол беріп амандастым.

– Темекі бар ма, бауырым?- деді біреуі.

– Жоқ, шекпеймін.

– Сендерде не болады өзі, бейшаралар,-деп ішімнен ыңқ еткізді.

– Не болды, жігіттер,-дедім ызам келіп.

– Мынаны қара тіл шығайын депті.

– Тілін қырқып тастау керек қой бұлардың.

Жабыла кетті. Жазықсыздан-жазықсыз таяқ жеп жатқаныма намысым келді. Өзге елде, өзге жерде жүріп бұлай қор болмап едім, өз елім, бауырым деп келгендегі мына қорлыққа қалай шыдарсың.

– Көрген күндерің осы болады, түсіндің бе?-деді біреу бетіме үңіле. Жерде домалап жатқан мені тағы бір тепті де қарқ-қарқ күліп кете барды. Іңір үйіріліп қалған кез. Сүйретіліп орнымнан тұрдым. Бет-аузымды жеңіме сүрттім де үйге тарттым.

Таяқ жеп жүрген жалғыз мен емес. Сонда да болса мына қорлыққа шыдай алмадым. «Тағы бір рет тиісер болса...» деп өзіме өзім серт бердім.

Бірақ, көретініміз бұдан да жаман болып шықты. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген бар. Жігіттердің төбелесін жастыққа, қызбалыққа балап жүргенмін.

Бір күні таң азанмен ағам оятты.

– Тұр, қақпаны жұлып кетіпті, тауып келіп орнатып кетейік.

«Қақпаны жұлғаны несі» деп таң қалдым. Сыртқа шықсам көшедегі кішкентай темір қақпа орнында жоқ. Көрші үйдің ауласында жатыр. Ағам екеуміз көршінің үйіне жол алдық. Бізді күтіп тұрғандай-ақ көрші апай шығып тұр екен. Темір қақпа гүлдерін жайпап үстінде жатыр.

– Қақпамызды алуға бола ма?-дедік рұқсат сұрап.

– Алыңдар, алмағанда осылай жата бере ме? Гүлімді сындырып... Осылар көшіп келмеді, басымызға бәле болды. Қайдан келдіңдер қаңғып. Елді бүлдіріп...

Көрші апай аузына келгенді айтты. Ағам екеуміз үндемей қақпаны алып кеттік.

Ертеңіне тағы осы жай қайталанды. Мұнысы тіпті сорақы енді. Қақпаны тура сол айғайшы әйелдің гаражының төбесіне лақтырыпты. Таң атпай тағы айқай басталды. Көрші әйел үйге келіп аузына келгенді көкіп кетті. Анам да үнсіз, біз де үнсізбіз.

– Білмеймін,-деді кетерінде бажаңдап,-үйіңнің шиферімен жапсаң да дәл қазір гаражымның үстін жауып бер!

Ағам екеуміз жұмыстан қалып мал қораның төбесіндегі шиферді алып түске дейін көршінің гаражының төбесін жаптық. Көңіл-күйім түсіп кетті.

Көрші әже үйге келіпті.

– Ел болған соң жақсысы да, жаманы да болады. Қайтесің ренжіп,-дейді анама басу айтып. Жаман келіншек сияқты емес еді, таңертең айтқан сөздерін естіп менің өзім ұялып кеттім. Ештеңе етпейді, әлі-ақ сіңісіп кетесіңдер. Біздің үйде сынған шиферлер бар, соны алып қораңның төбесін жауып ала ғой. Үңірейіп тұрмасын.

– Көңіліңізге рахмет, апа,-деді анам. Көрші кемпірдің қамқорлығы көзіне жас алдырды.

– Түсте кемпірдің ұлы келді. Шиферін ал деп айтуға келіпті.

– Ештеңе етпейді, әлі-ақ тіл табысып кетесіңдер,-дейді. –Менің өзім алғашқыда тосырқап жүрдім. «Ойбай адайлар келе жатыр, адам жейді екен» деген әңгімелерді естіп «қандай екен» деп жүргем. Көрші үйді сатып алды дегенде қорыққаным да рас. Сөйтсем өзіміз сияқты екенсіңдер,-деп күлді.

Қақпасы опырылып көршісінен сөз естіп жүрген жалғыз біз емес екенбіз. Көпшілік оралманның басындағы жағдай екен.

Бір күні жұмыстан келсем анам уайымдап отыр.

– Пәленшенің қорасындағы шөпке от қойып, өртеп жіберіпті. Әлі де көріп қалыпты, әйтпесе үйі де өртеніп кетерме еді.

Таңертең тұрсам тұра үйдің артында сынған бөтелке жатыр. Жан-жағы жанған сияқты. Солярканың иісі шығады.

– Ішіне солярка құйып шатырға лақтырған ғой,-деді ағам.

– Үйді өртемек болған ба, сонда.

– Бұған енді қарап отыруға болмайды, аға. Үй-ішімізбен өртеп жібергенше қарап отырамыз ба?

– Бұзықтардың ісі ғой. Ішіп алып не істеп, не қойғандарын білмеген.

– Сол бұзықтардың сазайын тартқызу керек. Енді шыдауға болмас.

Кешкісін жұмыстан ертерек келіп жігіттерді үйге жинадым.

– Енді біз де өз намысымызды қорғамасақ болмайды,-дедім бірден әңгіменің тоқетерін айтып.

Жігерін жанып жүрген жігіттер аз емес екен.

– Олай болмайды,-деді ағам қарсылық білдіріп. –Елдің арасына іріткі салмаңдар.

– Біз кінәлі емеспіз ғой. Жазықсыз не үшін таяқ жеп, сөз естуіміз керек.

– Біздің жазығымыз о баста үндемей қалғанымыз. Арамазда таяқ жемегеніміз жоқ шығар. Бірақ, біз оларға қайтардық па? Жоқ. Міне бізді сол үшін басынып отыр.

– Біз ел деп, жер деп, өз бауырларымыз деп келдік. Ал бұлар бізді бауырға басудың орнына кеудеден итеріп жүр. Мейлі біз таяқ жесек жейік, бірақ үйді неге өртемек. Қорамызға неге өрт қояды. Үйде ата-ана, бала-шаға бар емес пе?! Үйіміз өртеніп кетсе не болады? Баспана тауып бере ме?

Жиынның соңы қыза бастады. Сол қызумен көшеге шықтық. Көппіз. Алдымыздан шыққан адамды бас-көз демей сабап келеміз.

Бұл төбелес ертеңіне де жалғасты. Бірақ ертеңіне жергілікті жігіттер де түгіл қаруланып шығыпты. Қолдарында таяқ, айыр, лом. Біз мұны ескермеппіз. Жалаң қол шығып едік.

– Сендер есіктен кіріп төр менікі дегендей құтырған екенсіңдер. Кімсіңдер біздің жігіттерге қол көтеретіндей. Құрыңдар, келген жерлеріңе,-деді ішіндегі «авторитеті» Серік деген жігіт. Иығында бір метрдей шығатын арматур.

 Төбелес басталды да кетті. Қарсы жақ қиратып барады. Жалаң қолмен не істейсің, артқа қашуға мәжбүр болдық. Жол-жөнекей үйлердің шарбақтарын қиратып, ағаштарын, темірлерін суырып-суырып алып біз де қарсылық білдіре бастадық Бір-бірімізді көшеме көше қуалап жүріп ұрдық. Дегенмен бұл күні қарсыластарымыздың күші басым шықты. Үйді-үйімізге қашып тығылдық. Ертеңіне тағы төбелес болды. Бір күн олар, бір күн біз таяқ жеп бұл жағдай бүкіл ауданға тарап кетті. Сол кезді айтам, бүгінгідей «заява» жазу деген болмайды екен. Ішкі істер бөліміндегілер де тырнақ астынан кір іздеп қолдан «қылмыскер» жасамайтын-ды. Қайта татуластыруға тырысатын. Соның арқасы шығар «ер шекіспей,бекіспейді» дегендей бүгінде жергілікті тұрғындармен бір үйдің баласындай тату-тәтті тұрып жатырмыз. Одан бері де жиырма, отыз жыл өтті, сол кезде төбелесіп бет-аузымызды қан-жоса еткен жігіттермен құда-жекжат болдық. Әңгіме арасында төбелескендерімізді айтып, әзілдеп отырамыз...

Жалғасы бар...